Live

Түркияда қаза тапқан қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ыстанбұлда қазақстандық азаматтың қаза табуына байланысты жүргізіліп жатқан тергеу ісіне пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл іс бойынша негізгі тергеуді Түркияның құқық қорғау органдары жүргізіп жатыр.

Фото: из открытых источников

Мәжіліс кулуарында журналистерге сұхбат берген министр орынбасарының сөзінше, қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан тарапы Түркиямен тұрақты байланыс орнатқан.

«Ыстанбұлдағы Бас консулымыз оқиға бойынша байланыста. Қазақстанның құзырлы органдары да түркиялық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Тергеу аяқталған соң ресми ақпарат беріледі деп күтеміз», — деді Әлібек Бақаев.

Сондай-ақ ол қазақстандық тараптың бұл іске жанама түрде қатысып отырғанын айтты.

«Қылмыс Түркия аумағында болғандықтан, негізгі тергеуді сол елдің тарапы жүргізеді. Біз қажет болған жағдайда көмек көрсетіп, сұралған ақпараттарды ұсынып отырмыз», — деді СІМ өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін Ыстанбұлда Қазақстан азаматының оққа ұшқаны туралы ақпарат тараған болатын. Оқиға 31 наурыз күні Фатих ауданында болған.

Түркиялық БАҚ мәліметінше, жеке логистикалық компанияда курьер болып істеген Ариф Исмаиловқа белгісіз адам қарумен шабуыл жасаған. Ауыр жараланған азамат ауруханада қайтыс болды. Полиция екі күдіктіні ұстағаны хабарланған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: кісі өлтіру