Live

Түркістан облысында Конго-Қырым безгегін жұқтырған сегіз адам ауруханаға түсті

Жыл басынан бері Түркістан облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозымен сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Олардың арасында Өзбекстан азаматтары да бар.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы «Отырар» басылымы хабарлады.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, науқастардың басым бөлігі инфекцияны ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыс кезінде жұқтырған.

«Кенелер жануарлардың қанымен қоректеніп, табиғи ортада көбейеді. Адам табиғат аясында жүргенде, мал баққанда немесе мал сою кезінде жұқтыруы мүмкін. Алты айда тіркелген сегіз жағдайдың алтауында инфекция мал күту және жануарлармен байланыс кезінде жұққан. Тағы бір жағдайда адамды өз үйінің ауласында шөп орып жүргенде кене шаққан», – деді Нышанов.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – негізінен кене шағуы арқылы жұғатын жіті жұқпалы ауру. Ол ағзаның улануымен, теріде және ішкі ағзаларда қан кетуімен сипатталады. Мұндай диагноз қойылған науқастар аурухананың инфекциялық бөлімінде оқшауланады.

Қазақстанда елдің оңтүстік өңірлері, соның ішінде Түркістан облысы, аурудың табиғи ошағы саналатын аумақтарға жатады.

Ресми деректерге сәйкес, 2002 жылдан бері Түркістан облысында қауіпті инфекцияны жұқтырудың 39 жағдайы анықталған. Жыл сайын, әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде кене шаққан тұрғындар медициналық көмекке жүгінеді.

Дәрігерлер тұрғындарға далаға шыққанда денені толық жабатын киім киюге және үйге оралған соң денеде кене бар-жоғын мұқият тексеруге кеңес береді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Кене безгек