Түркістандық белсенді азаматты 37 күн психиатриялық орталықта мәжбүрлеп ұстаған
«Жас Алаш» редакциясына Түркістан қаласының тұрғыны хабарласты. Бұрын фельдшер болып жұмыс істеген Мұхаммад Өмірбек фельдшерлердің еңбек және әлеуметтік мәселесін көтергені үшін қысымға ұшырағанын, кейін психиатриялық мекемеге жеткізіліп, 37 күн сонда жатқанын айтады.
Оның сөзінше, алдымен полиция келіп қысым көрсеткен, ізінен әкімдіктің адамы ескерту жасаған. Бұған көнбеген Мұхаммад Әділбекұлын соңында «жындысың» деп психиатриялық орталықта мәжбүрлеп емдеп, әлгіндей диагнозбен шығарған. М.Өмірбек Астанаға барып, тәуелсіз мамандардан қайта сараптамадан өтіп, өзінің қандай да бір ауытқуы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттарын алғанын айтады. Қазіргі күнде ол Түркістандағы мекемені сотқа беріп жатыр.
Оқиға қалай болған?
Мұхаммад Өмірбек 2025 жылдың қарашасында WhatsApp мессенджерінде «103 Қазақстан» деген чат ашқан. Бұл чатқа елдің әр өңірінен фельдшерлер қосылған. Чаттың негізгі мақсаты – жедел жәрдем және медицина саласында жүрген қызметкерлердің еңбек жағдайын талқылау, жауапты органдарға сауал жолдау, саладағы жүйелі проблемаларды көтеру. Алайда көп ұзамай бұл бастама құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдік өкілдерінің назарына іліккен.
Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан да, полиция тарапынан да чатқа байланысты түрлі талаптар қойылған.
«2025 жылдың қараша айында фельдшерлердің әлеуметтік жағдайы, яғни зейнет жасын төмендету, пәтермен қамтамасыз ету, жалақыны көтеру, сияқты тағы басқа өзекті мәселелерді көтеріп мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәжіліске, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне eGov порталы арқылы ресми түрде өтініштер жолдадым. Мұның бәрі ресми түрде, заң жүзінде ғой. Бұдан бөлек WhatsApp топ аштым. Ол топқа мыңға жуық әріптестерім жиналады. Ол жерде пікір алмасамыз. TikTok-қа, Instagram-ға салынған посттарымды жіберіп отырамын. «Әріптестеріңізді қосылуға шақырыңыздар, бірігейік, пікір алмасайық» деп. Болды. Ол жерде ешқандай үкімет, саясат жайлы әңгіме қозғалған жоқ. Керісінше, барлығына тыйым салдым. Жоғарыда айтқанымдай, мұның бәрі заң жүзінде болды. Сөйтіп, осы аталған іс-әрекеттерден кейін, Түркістан қаласының бірнеше полиция қызметкері менің үйіме төрт рет келіп және Түркістан қаласының әкімшілігінен, өзін «ішкі саясаттанмын» деп таныстырған азамат «WhatsApp тобыңды жап, мына тірлігіңді қой» деп, маған ауызша ескерту жасады», – дейді М.Өмірбек.
М.Өмірбек құқық қорғау органдарына да, әкімдік қызметкеріне де бұл бастамасынан бас тартпайтынын, WhatsApp тобын жаппайтынын ашық жеткізген. Себебі ол фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек мәселесін көтеру азаматтық ұстанымы әрі конституциялық құқығы екенін айтады. Сөйлесу барысында құқық қорғау органдары өкілдеріне топ ішінде заңсыз әрекет жасалмайтынын, егер заң бұзушылық болса, өзін заң аясында жауапқа тартуға болатынын алға тартқан. Сонымен қатар азаматтардың кәсіби мәселелерді талқылауына қысым жасалмауы керек екенін ескерткен.
М.Өмірбектің айтуынша, осы жағдайдан кейін полиция қызметкерлері оған бірнеше мәрте келген. Сол кезде одан WhatsApp тобын қандай мақсатпен, қалай және қай күні ашқаны жөнінде жазбаша түсініктеме алған. Ол түсініктемесінде топта фельдшерлердің еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелері, жалақы, үстемеақы сияқты кәсіби тақырыптар ғана талқыланатынын, үкіметке, саясатқа қатысты әңгіме қозғалмайтынын, митинг ұйымдастыру немесе заңсыз әрекетке шақыру мақсаты жоқ екенін жазған. Сондай-ақ әріптестерін де мұндай әрекетке шақырмайтынын көрсеткен.
Оның айтуынша, бұдан кейін Түркістан қаласының екі полиция қызметкері әкесінің жұмыс орнына барған. Полицейлер әкесіне баласының үкіметке қарсы шығып жүргенін, халықты көтеріп жатқанын, парламентке арыз жазып жүргенін айтып, оған тоқтау салуын сұраған. Әйтпесе, Мұхаммадтың өзіне қиын болатынын ескерткен. М.Өмірбек мұны әкесіне жасалған қысым және қоқан-лоқы ретінде бағалайды.
Оның сөзінше, әкесіне бұл жағдай қатты әсер еткен. Бұған дейін Мұхаммад өзінің бастамасы туралы әкесіне айтпаған, себебі мұны жеке азаматтық ісі деп санаған. Полиция қызметкерлері барғаннан кейін әкесі одан не істеп жүргенін сұрап, жұмыс орнына екі полицияның келіп, қорқытқанын жеткізген. Мұхаммад әкесіне өзінің әрекеті заң аясында екенін, фельдшерлердің мәселесін көтеріп жүргенін түсіндірген.
Бұдан соң 2025 жылы 5 желтоқсанда шамамен сағат 14:30 кезінде Түркістан қаласы, Кеңбайтақ көшесі, 94-үйдегі мекенжайына екі учаскелік полиция қызметкері келген. Олар осы іс бойынша түсініктеме беруі қажет екенін айтып, М.Әділбекұлын Түркістан қалалық полиция басқармасына алып кеткен. М.Өмірбек ол кезде ешқандай күдік ойламағанын, телефонын үйде қалдырып, тек жеке куәлігін алып шыққанын айтады.
«Содан, аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратына бардық. Ол жерде мені екі жедел уәкіл кабинетінде 3 сағатқа жуық тергеді. «Сен халықты көтеріп жатырсың, үкіметке қарсы шығып жүрсің, халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың» деген мазмұндағы сөздер айтты. Бұл айтылған тұжырымдармен келіспедім. Неге? Себебі заңсыз іс-әрекет жасаған жоқпын. «Егер солай болса, менің WhatsApp-тағы жазылған сөздеріме сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы бар ма?» деп сұрадым. «Жарайды, бар болса, білмей айтып қалған шығармын немесе бір ашумен айтып қойған шығармын, бірақ мен соттан білмей қалдым деп ақталмаймын. Қолыммен істегенді мойныммен көтеремін» дедім. Бірақ олар мен айтқан, сұраған дәлелдерді келтіре алмады. Тек сол сөзбен, тұжырымдармен ғана шектелді. Содан, үшінші сағаттың соңғы минуттарында өзімді әлсіз сезініп, жүрегім айнып, құсқым келіп тұрғанын айттым. Алайда, олар мені қайтармай, денсаулығыма байланысты жедел жәрдем шақырып, «Біз сізді Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға тексерілуге алып барамыз» деп алдап, сеніміме кіріп, Шымкент қаласына жеткізілгеннен кейін, дәрменсіз күйімді пайдаланып, қасақана, әдейі, заңсыз және еркімнен тыс Шымкент қаласындағы психиатриялық мекемесіне жеткізді. Мұндай орталыққа апару үшін «Мәжбүрлеп емделсін» деген, болмаса бір психиатр дәрігердің қорытындысы болуы керек. «Психикалық ауытқуы бар сияқты, тексерілу керек» дегендей бір диагноз болуы қажет. Көліктен түсе сала «Психиатриялық диспансерлік орталық» деген жазуды оқимын. Қолдан келер шара бар ма, заң талаптарына бағынып, ішке кірдім. Ол жерде мені бас дәрігердің екі орынбасары және кезекші дәрігер жеке сұхбат жүргізіп, бірнеше сұрақ қойды. Сосын 48 сағат осы жерде бақылауда болуым керек екенін түсіндірді. Дәрігерлер 48 сағат ішінде қандайда бір қауіп, ауытқу байқалмаса жіберетіндерін де айтты. Осылай мені сендіріп «48 сағат бақылауға, тексерілуге» деп жазбаша келісімімді алды», – дейді кейіпкеріміз.
«48 сағат» деп 37 күн мәжбүрлі емдеді»
Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, 48 сағаттық бақылау уақыты аяқталған соң бөлім меңгерушісінің кабинетіне шақырылған. Мұхаммад кабинетте өзін алғаш қабылдаған бас дәрігердің екі орынбасары, бөлім меңгерушісі және кезекші дәрігер отырғанын көрген. Осы кездесуде медицина қызметкерлерінің оған деген қарым-қатынасы өзгергендей әсер қалдырған. Әңгіме барысында оған психологиялық қысым жасалып, бұл жерге не үшін келгенін білетін-білмейтіні сұралған. Сондай-ақ оған «мемлекетке талап қоюға қандай құқығың бар» деп қысым көрсетіп, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураның бақылауында жүргені жөнінде ескертулер жасалған. Шамамен бір сағатқа созылған әңгімеден кейін мекеме қызметкерлері оған екі түрлі ұсыныс айтқан.
«Бірінші нұсқа: «Сен осы жерде өз еркіңмен 10-15 күн жатуға келісіміңді бересің, біз саған жеңіл диагноз қоямыз, психикалық диспансерлік есепке алмай шығарамыз» деді. «Егер бұған келіспесең, біз сені ертең шығарамыз, бірақ сен бізге қолхат жазып беріп кетесің, өз еркіңмен емделуден бас тарттым» деп айтасың. Сосын, біз сені сотпен еріксіз түрде қайта әкелеміз. Диагнозың «шизофрения» болады. Дәрі-дәрмектерді күш қолдану арқылы саламыз және психикалық диспансерлік есепке алып шығарамыз» деді. Мен осы қысымның салдарынан таңдауы жоқ адам ретінде келісімімді бердім. Алайда бұлар мені 10-15 күннің орнына ешкіммен кездестірмей, байланыстырмай, еркімнен тыс 37 күн ұстады. «F22» деген, яғни «сандырақ» деген диагноз қойып шығарып жіберді», – дейді кейіпкеріміз.
Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, психиатриялық мекемеден шыққаннан кейін ғана оның бұл жерге жатқызылуына анасының арызы негіз болғаны анықталған. Анасы Түркістан қалалық полиция басқармасына жазған арызында ұлының өзіне қоқан-лоқы көрсететінін айтып, оны психиатриялық орталықта емдеуді сұраған. Алайда М.Өмірбек бұл арыздың мазмұнымен полицияда болған кезде де, кейін психиатриялық мекемеде жатқан 37 күн ішінде де таныстырылмағанын айтады. Оның пікірінше, егер дәл осы арыз оны психиатриялық мекемеге орналастыруға негіз болса, онда құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері ең алдымен арыздың мазмұнымен таныстыруы тиіс еді.
«Анаммен 2024 жылдан бері бөлек тұрамыз. Араласпаймыз, сөйлеспейміз, тіпті телефонда байланыс жасамаймыз. Анам Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында тұрады. Мен Түркістан қаласында тұрамын. 2024 жылы, наурыз айында әкем қолыма келді. Содан бері әкем екеуміз бірге тұрып келеміз. Анаммен араздығымыз бар. Оны мойындау керек. Өйткені 2024 жылы анам мені «қорлады» деген мәнде сотқа берген. Ісім Түркістан қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралды. Ол жерде менің жазған сөздеріме сот психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалды. Сараптама сөзімде ешқандай қорлау белгілері жоқ деп таныды. Нәтижесінде, соттың үкімімен толық ақталып шықтым. Осы сот процесінен кейін, мүлдем анаммен араласпаймын. Өйткені мені сотқа бергені ауыр тиді. Өзіңіз ойлаңызшы, туған ана баласын қалай сотқа береді. Бірақ анамнан не үшін арыз жаздың деп сұрағым келді. Өзім баруға қорықтым. Тағы да арыз жазып жібере ме деп қауіптендім. Сосын әкеммен және нағашы ағаммен сөйлестірдім. Кейіннен белгілі болды. Анама құзырлы органдар келіп «балаңыз бүлікшінің қатарында, сотталады немесе емделуге жіберу керек» деп қысым көрсетіпті. Содан анам «балам сотталмасын!» деп, арыз жазуға мәжбүр болған.
Мен өзімнің сау екенімді дәлелдеу үшін Астанаға бардым. Тәуелсіз сот-психиатриялық маман-сарапшының сараптамасынан өттім. Ақылы негізде. Бірнеше сұрақ қойылды. Ақырында денім сау екенін дәлелдейтін 22 бет мөрленген құжат берді. Осы қорытындымен Түркістанға келіп, барлық дәлелді келтіріп, Түркістан қаласының азаматтық істер жөніндегі сотына бердім. Маған диагноз қойған орталықпен соттасып жатырмын. Мына заңсыз диагнозды заңсыз деп танып, диспансерлік есептен шығарсын деген талап қойдым».
Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, фельдшерлер күн сайын өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жағдайда жұмыс істегенімен, олардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Кейінгі уақытта азаматтарға көмек көрсетуге ұмтылған әріптестері соққыға жығылып, кей жағдайда қазаға ұшырайды.
«Жалпы, фельдшердің жұмысы өте ауыр. Мына өрт сөндіру мен төтенше жағдайлардың әлеуметтік жағдайы қарастырылған. Ал 103-те ондай мәртебе жоқ. Апат болған жерге полиция, ТЖ-мен бірге біз де барамыз. Біздің де өмірімізге қауіп төнеді. Астанада бір әріптесім қайтыс болды, Алматыда тағы бір әріптесім көз жұмды. Бұл фельдшерлердің жұмысының физикалық тұрғыда өте ауыр екенін дәлелдейді. Дәрігерлер таяқ жегеннен кейін үлкен резонанс болды, заң қабылданып жатыр. Енді дәрігерлерге қол көтерсеңіз 380-бап бойынша сотталасыз. 380 дегеніміз – билік өкілін ұрып-соғу. Біздің заңдылық құқықтарымыз, қорғалуымыз ішкі істер, құзырлы органдармен тең дәрежедеміз. Ал әлеуметтік жағдайымыз – нөл. Олардан төмен. Бізге ешкім қарамайды, бізге пәтерақы төленбейді. Бізді қысқы аяқкиім, бас киім деген нәрсемен қамтамасыз етпейді. Өзіңіз ойлаңызшы, 250 мың айлық неге жетеді?», – дейдіМ.Өмірбек.
«Жас Алаш» осы жағдайға байланысты Түркістан облысы әкімдігіне, Түркістан облысы полиция департаментіне және Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық психикалық денсаулық орталығына» ресми сауал жолдады. Редакция әкімдіктен ішкі саясат бөлімі қызметкерлерінің Мұхаммад Өмірбекпен қандай негізде кездескенін, «103 Қазақстан» чатын жабу туралы талап қойылған-қойылмағанын, бұл мәселе бойынша полицияға қандай да бір ақпарат берілген-берілмегенін сұрады. Әкімдік өкілі Мұхаммад Өмірбектің уәждерін толықтай жоққа шығарды.
Ал Түркістан облысының полиция департаментінен және Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық психикалық денсаулық орталығынан» мақала дайын болғанша жауап келмеді.
Тұрсынбек БАШАР