ҰҚК Ақтаудағы полиция подполковнигіне қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтау қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Сүйін Құрмантаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі полиция подполковнигіне қатысты тексеру жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған.
Онда полиция қызметкері танысына 520 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде берген деген ақпарат айтылған.
Kazinform редакциясы ҰҚК-ге ресми сауал жолдап, ақша беру фактісі рас па, полиция қызметкері ұсталды ма және іс бойынша оның процессуалдық мәртебесі қандай екенін нақтылауды сұраған.
ҰҚК тек сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады ҰҚК.