ҰҚК Атырау қаласы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімдігі мен коммуналдық саладағы лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әңгіме Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен «Тұрғын үйлерге қалалық коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары Бейбіт Мағзұмовқа қатысты болып отыр.
Бұған дейін олардың құқық қорғау органдарының назарына ілінгені туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкіннің де тергеу аясында түсініктеме бергені хабарланған.
Кейін адвокат Нұрлан Жолболов қала әкімі мен оның орынбасары қылмыстық іс шеңберінде жауап алынғанын растады.
Ал ҰҚК тергеу жүргізіліп жатқанын растағанымен, істің мән-жайына қатысты қосымша ақпарат беруден бас тартты.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, ал өзге деректер жариялауға жатпайды.