Live

ҰҚК шекарадағы жүк көліктерінің кептелісіне түсініктеме берді

Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктері жиналып қалды

Фото: из открытых источников

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінің бірінде жүк көліктерінің жиналып қалғанын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі байқалады.

«Жағдай маусымдық кезеңде көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін тасымалдау көлемінің артуына байланысты қалыптасып отыр. Күту уақытын қысқарту үшін өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қажетті шаралар қабылданып жатыр, жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылған», – деп хабарлады ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Ведомство Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу бекеттері де жұмыс істейтінін еске салды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері бар.

Сондай-ақ шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электронды кезек жүйесі жұмыс істейді.

«Бұл жүйе белгілі бір күнге бос орындардың бар-жоғын нақтылап, шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өткізу бекеттеріне түсетін жүктеме азайып, тасымалдаушылар үшін процесс анағұрлым болжамды болады. Мысалы, «Қосақ» өткізу пунктінің тәуліктік өткізу қабілеті шамамен 200-220 жүк көлігін құрайды. Осыған байланысты жүргізушілер мен тасымалдаушылардан бағыттарын алдын ала жоспарлап, балама маршруттарды пайдалануды сұраймыз», – деп мәлімдеді Шекара қызметі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: шекара