Әлеумет

Украина майданда Starlink байланысының жұмысына шектеу қойылғанын хабарлады

Украинада майдан шебінде қолданылатын Starlink спутниктік байланыс жүйесінің жұмысына шектеу енгізілгені хабарланды.

Фото: Andrii Marienko / AP Photo

Украина президентінің кеңесшісі Сергей Бескрестновтың айтуынша, SpaceX компаниясы сағатына 160 шақырымнан жоғары жылдамдықпен қозғалған кезде Starlink терминалдарының жұмысын шектеген. Бұл украин әскерінің бірқатар операциясына кедергі келтірген.

Украина президентінің кеңесшісі Сергей Бескрестнов 14 қазанға қараған түні SpaceX компаниясы Starlink жүйесінің әскери қызметтер пакеті саналатын Starshield-ке қолжетімділікті шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Бүгін түнде SpaceX компаниясы қозғалыс кезінде Starlink терминалдарының жұмыс жылдамдығына шектеу енгізгенін растаймын", – деп жазды ол Telegram арнасында.

Оның айтуынша, шектеу құрылғы сағатына 100 мильден (шамамен 160 шақырым) жоғары жылдамдықпен қозғалған кезде күшіне енеді.

"Біздің қорғаныс күштерімізге бұл шектеу туралы алдын ала ескертілмеді. Соның салдарынан бірқатар әскери тапсырма орындалмай қалды. Бұл шараның кездейсоқ қабылданбағаны және қазіргі саяси жағдаймен байланысты екені анық", – деді Бескрестнов.

Украина қорғаныс министрінің бұрынғы кеңесшісі Сергей Стерненко да SpaceX мұндай шешімді АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің өтініші бойынша қабылдауы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, әзірге қарапайым спутниктік байланыс терминалдары жұмыс істеп тұр.

"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, украиналық командирлердің бірі редакцияға екі дронның байланысы үзіліп, әскери тапсырманы жалғастыра алмай қалғанын көрсететін видео жолдаған.

Басылым мәліметінше, сағатына 160 шақырымға дейін ұшатын дрондарға әдетте қарапайым Starlink терминалдары орнатылады. Ал жылдамдығы жоғары әскери операциялар үшін Starshield жүйесіне қолжетімділік қажет.

Әзірге SpaceX компаниясы да, Дональд Трамп әкімшілігі де бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Маск пен Трамп Зеленскийді сынады

Бұған дейін, 11 қазанда америкалық миллиардер, SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар үшін сынаған болатын. Ол Украинаға жаңа басшы қажет екенін мәлімдеді.

Масктың бұл пікірі АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін айтылды.

10 қазанда Трамп журналистерге Украина басшылығына Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасамау туралы ескерткенін жеткізген.

"Біз Зеленскийге: Ресеймен қалағаныңды істе, бірақ мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасама, бұл – бүкіл әлемге әсер ететін мәселе дедік. Ал ол не істеді? Дизель отынын өндіретін нысандарға шабуыл жасады", – деді Трамп.

Осы мәлімдемеге пікір білдірген Илон Маск "Зеленский шектен шығып кетті" деп жазды.

Сонымен қатар Маск Трамптың Украинаға жаңа президент қажет деген пікірімен келіскен.

"Келісемін. Украинаға жаңа басшы табатын уақыт келді", – деді ол.

SpaceX басшысы бұған дейін де Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін Киев Кремльге белгілі бір жеңілдіктер жасауы қажет екенін бірнеше рет айтқан.

Украина Қарулы күштері Ресей нысандарына шабуыл жасау кезінде Starlink спутниктік байланыс жүйесін пайдаланып келеді. Киев бұл жүйені Ресей аумағының ішкі бөліктеріндегі нысандарға соққы жасау үшін қолдануға бірнеше рет рұқсат сұраған. Алайда Илон Маск мұндай өтініштерді қабылдамаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Starlink Илон Маск