Әлеумет

Украинада Starlink жылдамдығына шектеу қойылды: Илон Маск жауапкершілікті АҚШ үкіметіне жүктеді

Илон Маск азаматтық мақсаттағы Starlink спутниктік байланыс жүйесін шабуыл операцияларында пайдалануға болмайтынын мәлімдеді.

Фото: Reuters

Ал жүйенің әскери нұсқасы – Starshield қызметіне енгізілген шектеулер АҚШ үкіметінің шешімімен байланысты екенін айтты. Бұл туралы BBC хабарлады.

Сейсенбі күні кешке SpaceX компаниясы Starlink жүйесін пайдалану жылдамдығына сағатына 160 шақырымдық шектеу енгізді. Соның салдарынан Украина әуе шабуылдарына қарсы қолданатын жоғары жылдамдықты дрондары мен тосқауыл қоюшы дрондарының спутниктік байланысы бұғатталды.

Масктың мәлімдемесі және Киевтің реакциясы

Украина билігінің спутниктік желіге толық қолжетімділікті қалпына келтіру туралы талабына жауап берген Илон Маск компаниясының азаматтық және әскери қызметтерінің арасындағы айырмашылықты түсіндірді.

"Starshield жүйелері АҚШ үкіметінің меншігінде және оның басқаруында. Жылдамдыққа немесе жүйені пайдалануға қатысты кез келген шектеуді америкалық әскерилер, түптеп келгенде АҚШ президенті белгілейді", – деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде.

Ол Starlink-тің негізгі қызметі азаматтық немесе қорғаныс мақсаттарына арналғанын атап өтті. Масктың айтуынша, коммерциялық компания бұл жүйенің шабуыл операцияларында пайдаланылуына рұқсат бере алмайды.

Украина президенті Владимир Зеленский байланыстағы ақау "техникалық қателік" болып шығар деген үміт білдірді. Кейінірек Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров шектеулердің ішінара алынғанын хабарлап, жылдамдыққа қойылған лимитті толық жоюға шақырды.

Ал Вашингтон бұл жағдайға әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Жаңа шектеулер Ресейдің Украинаның энергетикалық және көлік инфрақұрылымына жаппай соққы жасап жатқан кезеңіне, сондай-ақ Киев пен Вашингтон арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуімен тұспа-тұс келді.

 Дональд Трамп әкімшілігі Украина әскерінің Ресейдегі энергетикалық нысандарға жасаған соққыларына наразылық білдіріп отыр.

Зеленский Лондонға сапары кезінде АҚШ-пен келіссөздердің күрделі жүріп жатқанын растады. Дегенмен Ұлыбритания Украинаға қолдау көрсетуді жалғастырып, әуе қорғанысы жүйелерін жеткізуді жеделдетуге уәде берді.

Сайт Әкімшілігі