Live

Украиналық дрондар Ресейдің бірнеше өңіріне шабуыл жасады: Туладағы «Азот» зауытында өрт шықты

14 маусымға қараған түні Украинаға тиесілі дрондар Ресейдің бірнеше өңіріне шабуыл жасады. Шабуыл нысаналарының қатарында Тула, Орел, Смоленск және Ярославль облыстарындағы өндірістік және инфрақұрылымдық нысандар болғаны хабарланды.

Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Ресей билігінің мәліметінше, Белгород, Орел, Воронеж, Тула, Липецк, Кострома, Пенза және Ярославль облыстарында әуе шабуылы қаупі жарияланып, бірқатар дрондар әуе қорғаныс күштері тарапынан атып түсірілген.

Тула облысындағы «Азот» зауытына соққы жасалды

Тула облысы – Ресей Федерациясының орталық бөлігінде орналасқан өңір. Оның Новомосковск қаласында орналасқан «Азот» химия комбинаты Ресейдегі ең ірі азот тыңайтқыштарын өндіретін кәсіпорындардың бірі саналады.

Облыс губернаторы Дмитрий Миляевтің айтуынша, украиналық дрондардың сынықтары кәсіпорындардың бірінің аумағына құлаған. Алайда тәуелсіз ақпарат көздері мен жергілікті тұрғындардың мәліметі бойынша, шабуыл тікелей «Азот» зауытына жасалған болуы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда кәсіпорын аумағында күшті жарылыс пен бірнеше сағатқа созылған өрт көрінеді.

Reuters агенттігінің бұрынғы мәліметіне сәйкес, «Азот» зауытында азот және сірке қышқылы өндіріледі. Бұл өнімдер әскери мақсатта қолданылатын октоген мен гексоген секілді жарылғыш заттарды жасауға пайдаланылуы мүмкін.

Орелде тұрғын үйге дрон тиді

Ресейдің Орел облысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері төрт дронды жойғанын хабарлады.

Соған қарамастан жергілікті тұрғындар дрондардың бірі Орел қаласындағы көпқабатты тұрғын үйге соғылғанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, Раздольная көшесіндегі тұрғын үйдің бірнеше қабатында өрт шыққан.

Ресми органдар әзірге тұрғын үйге соққы жасалғанын растаған жоқ.

Смоленск пен Ярославльде де жарылыстар тіркелді

Смоленск облысының Вязьма қаласында тұрғындар дрон шабуылынан кейін белгісіз өндірістік нысанда өрт шыққанын хабарлады.

Ал Ярославль облысында украиналық мониторингтік ресурстар Рыбинск қаласы маңындағы мұнай базасы шабуылға ұшырағанын жазды. Әлеуметтік желілерде кәсіпорын аумағынан көтерілген қою қара түтіннің видеолары жарияланды.

Әуе шабуылы қаупіне байланысты Ресейдің азаматтық авиация агенттігі Тамбов, Калуга, Нижний Новгород және Ярославль қалаларындағы әуежайлардың жұмысына уақытша шектеу енгізді.

Украина Ресейдің әскери және өнеркәсіптік нысандарына соққы беруді жалғастыруда

Соңғы айларда Украина Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына, химия кәсіпорындарына, әскери өндіріс орындары мен логистикалық инфрақұрылымдарға дрондар арқылы жиі соққы жасап келеді.

Бұған дейін украиналық дрондар Татарстанға дейін жетіп, Ресейдің ірі мұнай-химия кәсіпорындарының бірі саналатын «Нижнекамскнефтехим» зауыты мен «Танеко» мұнай өңдеу кешеніне шабуыл жасаған болатын.

Әзірге Украина тарапы Тула, Орел және Ярославль облыстарындағы соңғы шабуылдарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі