Live

Ұлдана Мырзуанның қазасы: сот МИБ төрайымының өтінішін қанағаттандырмады

Астана соты фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша айыпталушы, МИБ (ОСИ) төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушыларының қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Фото: Жоғарғы сот

 Шешімді судья Меруерт Абаева жариялады.

Бұған дейін айыпталушының адвокаты істі қосымша тергеуге жіберуді сұраған. Қорғаушы тарап жаңа құрылыс және қаржылық сараптамалар жүргізуді, ғимаратқа қатысты құжаттарды алдыруды және қосымша куәгерлерден жауап алуды талап еткен.

Алайда сот істі прокурорға қайтаруға заңды негіз жоқ деп тапты. Судьяның түсіндіруінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабы істі прокурорға тек елеулі процессуалдық заңбұзушылықтар болған жағдайда қайтаруға мүмкіндік береді. Ал сотқа дейінгі тергеудің олқылықтарын толықтыру үшін істі кері жіберуге болмайды.

Сондай-ақ іс прокурорға қайтарылғаннан кейін жаңа дәлелдер жинауға заң жол бермейтіні айтылды. Сараптама тағайындау мен қосымша куәгерлерден жауап алу туралы өтініштер қазіргі сот талқылауы барысында қаралуы тиіс.

Сот айыпталушының қорғану құқығы бұзылды деген уәжбен де келіспеді. Қорғаушылар тергеудің барлық кезеңіне, соның ішінде жауап алу мен іс материалдарымен танысуға қатысқан.

«Қылмыстық-процестік заңның елеулі бұзушылықтарын жою сотқа дейінгі тергеудің толық жүргізілмеуін түзетумен байланысты болмауы тиіс», – деді судья Меруерт Абаева.

Соттың бұл шешімі түпкілікті және оған шағым беруге болмайды. Іс бойынша негізгі сот талқылауы жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі