Ұлыбританияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынады
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер елде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салынатынын ресми түрде мәлімдеді.
Бұл туралы The Guardian жазды.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Бұл – балаларымыз бен болашағымыз үшін жасалған үлкен қадам және нақты өзгеріс. Өйткені бүгін үкімет 16 жасқа дейінгі барлық балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салатынын жариялай аламын», – деді Стармер.
Премьер-министрдің айтуынша, Ұлыбританиядағы ата-аналардың басым бөлігі бұл шешімді қолдаған.
Ол сондай-ақ тыйымды айналып өтуге тырысқан жасөспірімдерге жаза қолданылмайтынын атап өтті.
Үкімет жаңа шектеулерді келесі жылдың басына дейін енгізуді жоспарлап отыр. Стармердің сөзінше, бұл мәселе бұған дейін ірі технологиялық компаниялармен де талқыланған.
Бұған дейін Ұлыбританияда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты «коменданттық сағат» енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізілген.
Алты аптаға созылған тәжірибеге елдің әр өңірінен 300-ге жуық кәмелетке толмаған жас қатысқан. Зерттеушілер әртүрлі шектеулердің жасөспірімдердің психологиялық жағдайына әсерін анықтауға тырысқан.
Талқыланған нұсқалардың қатарында әлеуметтік желілерге толық тыйым салу, оларды күніне бір сағатпен шектеу және түнгі уақытта пайдалануға тыйым салу секілді шаралар болған.