Live

Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеу тоқтатылды

Ұлытау облысында марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың қызметі әшкереленді.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті пайдаланылған карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізуді сылтау етіп, марганец кенін заңсыз өндірген топтың әрекетін тоқтатқан.

Оқиға орнында ауыр карьерлік техника мен ұсақтау-жуу жабдықтары пайдаланылған толыққанды тау-кен байыту кешені жұмыс істеген. Өндірілген кен тауарлық концентратқа дейін өңделіп, кейін теміржол арқылы көршілес мемлекеттерге экспортталған.

Шикізатты тұрақты түрде жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.

Тергеу дерегінше, жалпы көлемі 23 мың тоннадан астам өнім сатылған. Оның құны 1 млрд теңгеден асады.

Заңсыз қызмет салдарынан қоршаған ортаға да залал келген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіруге қажетті рекультивация жұмыстарының құны 150 млн теңгеден асады.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Марганец