Экономика

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Фото: ашық дереккөз

Оның мәліметінше, 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылған.

Президенттің айтуынша, 2024 жылы балалардың есепшоттарына 695,5 миллион доллар, 2025 жылы 888,8 миллион доллар, ал 2026 жылы 901,7 миллион доллар көлемінде қаражат бағытталған.

Тоқаев бұл бастаманы еліміздің маңызды жетістіктерінің бірі деп бағалады. Оның сөзінше, көптеген мемлекетте балаларға осындай көлемде қолдау көрсетуге мүмкіндік жоқ.

Мемлекет басшысы жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағанын да атап өтті. Құжатта балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған негізгі шаралар қамтылған.

Сонымен бірге барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылған. Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Алайда Президент балаларға қатысты шешімін күткен мәселелер бар екенін айтты. Солардың бірі – ақпараттың шамадан тыс көп болуы. Тоқаев мұндай жағдай адамның жұмыс қабілетіне кері әсер ететінін, ал психологиясы қалыптасу кезеңіндегі балалар үшін оның қаупі жоғары екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі