Ұлттық қордан алынатын 5 трлн теңге қайда жұмсалады?
Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге бөлу жоспарланған.
Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтай отырысында айтты.
Оның мәліметінше, 4,4 трлн теңге көлік пен логистикаға, әлеуметтік салаға, энергетикаға және су ресурстарына бағытталады.
Қаражатқа перинаталдық орталықтар мен өңірлік ауруханалар салу, жылу және газ желілерін жаңарту, автомобиль жолдары мен су инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.
Жобалар нәтижесінде 31 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Оның 25 мыңы тұрақты жұмыс орны болады.
Сондай-ақ бюджетке шамамен 3,7 трлн теңге салық түсімі түсіп, 13 млн-ға жуық адам қажетті нысандар мен қызметтермен қамтылады деп жоспарланған.