"Ұлымды 10 сағат бойы ұрған": Түркияда ұсталған қазақстандықтың анасы көмек сұрады
Түркияның Ыстанбұл қаласында ұсталған қазақстандық жігіттің анасы әлеуметтік желі арқылы көмек сұрады.
Оның айтуынша, ұлы полиция бөлімінде 10 сағаттан астам уақыт бойы соққыға жығылған.
Әлеуметтік желіде үндеу жариялаған Мадина Көкетаева 20 жастағы ұлы Әлем Көкетайдың Ыстанбұлдағы Сабиха Гөкчен әуежайы маңындағы полиция бөлімінде ұсталғанын мәлімдеді.
Анасының сөзінше, ұлы бұған дейін Молдовадан саяси баспана сұраған. Алайда оның өтініші қабылданбай, Түркияға мәжбүрлі түрде жіберілген.
Әйел ұлының Ыстанбұлға жеткізілгеннен кейін полиция тарапынан зорлық-зомбылық көргенін айтып отыр. Оның мәлімдеуінше, жігітті 10 сағаттан астам уақыт бойы ұрып-соққан.
Осыған байланысты Мадина Көкетаева Қазақстан билігінен ұлының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оны елге қайтаруға көмектесуді сұрады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қызметкерлері ұсталған екі қазақстандық азаматпен кездескен. Қазіргі уақытта олар депортациялық орталыққа ауыстырылған.
СІМ азаматтарды Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын және жағдай бақылауда екенін хабарлады.
Алайда министрлік жігіттің полиция тарапынан соққыға жығылғаны туралы анасының мәлімдемесіне қатысты нақты түсініктеме берген жоқ. Оның денсаулық жағдайы мен медициналық көмек алған-алмағаны да белгісіз.
Әзірге Түркия полициясының қазақстандық азаматқа күш қолданғаны ресми түрде расталған жоқ.
Сондай-ақ жігіттің Молдовадан қандай себеппен баспана сұрағаны және Түркияда не үшін ұсталғаны жөнінде толық ақпарат жарияланбаған.