Саясат

ҰҚК тергеуінде аты аталған Атырау әкімінің орынбасары қызметінен кетті

ҰҚК тергеуінде аты аталған Атырау әкімінің орынбасары қызметінен кетті

Фото ашық дереккөз

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қызметінен босатылды. Бұған дейін оның есімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген тергеуге байланысты ақпараттарда аталған болатын.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі Мұқасовтың өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазғанын мәлімдеді.

2026 жылдың жазында жергілікті "Ақ Жайық" басылымы дереккөздеріне сүйеніп, Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы хабарлаған еді. Ақпаратқа сәйкес, істі ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеген.

Кейін Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК жауабында.

Ал Атырау қаласының әкімдігі сол кезде құқық қорғау органдарынан әкімдік қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ресми ақпарат түспегенін хабарлаған.

Кейін, 2026 жылғы қазанда, Мұқасов пен Атырау қаласының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкинге қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны белгілі болды. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, тергеу олардың алаяқтыққа қатысы жоқ деген қорытындыға келген. Прокуратура бұл шешімді заңды деп таныған.

Осылайша, Мұқасовтың қызметтен кетуі мен бұған дейін жүргізілген тергеудің арасында тікелей байланыс бар екені расталған жоқ.

Мейіржан Мұқасов туралы не белгілі?

Мейіржан Мұқасов 1994 жылы Атырау облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде маман болып бастаған.

2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған. Атап айтқанда, қалалық қаржы бөлімін, Атырау облысының қаржы және мемлекеттік сатып алу басқармаларын басқарған.

2025 жылдың қаңтарында Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.

Әкім орынбасары ретінде экономика, қаржы және әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік еткен.

Сайт Әкімшілігі