Руханият

Ұстаз аманаты

Ұстаз аманаты

Фото ашық дереккөз

Кафедраның төрінде көзілдірігі тұмсығына түсіп кеткен ұстаз отыр. Алдында – үлгерім экраны. "Әй, бала, бері кел",  деді ол. Кіріп келе жатқан студенттің жүрегі зырқ етті: "Мен туралы бұл экранда не жазылған екен?". Бұл 1994 жылдың маусым айы еді. Терезе алындағы отырған ұстаз Темірбек Қожакеев болатын.

Темірбек Қожакеев Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл ұстаздық етіп, журналистика факультетінің деканы болды, қазақ сатирасы мен баспасөз жанрларын зерттеді. Оның рухы мен қамқорлығы әрдайым мені жетелеп жүреді. Сол ұстаздың шәкірті, аспиранты ретінде Қожакеевті өз көзіммен көргенімше жазғым келеді.

Ұстаздың аты шәкірттеріне сіңірген еңбегімен бағаланады. Шығыста "ұстаздың басқан ізінен, түскен көлеңкесінен өнеге ал" деген тәмсіл бар. Қазақ журналистикасында өз ортасына із қалдырған, жүрген жеріне білім дәнін сепкен сондай ұстаздың бірі – Т.Қожакеев. Қазір ойлап отырсам, осындай ұстаздың аспиранты болу мен үшін үлкен бақыт, ғылымдағы жетістік екен. Ол кісіге аспирант болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Себебі аты дардай, сөзі мірдей профессордың дәрісіне шыдап әрең отыратын студенттер ұстаз отырған кафедраға басын сұғып, батыл кіріп баруға именетін.

1994 жылы университетті бітіретін кез келді. Топ-тобымызбен Ұлттық кітапхана мен оқу залдарын шарлап, мемлекеттік емтиханға қызу дайындалдық. Бес жыл білім мен жастықтың, адамдық пен достықтың қатар оқуын тауысқан біздің алдымызда бағынбас биік жоқтай көрінетін шақ еді. Дегенмен мемлекеттік емтихан біз үшін алынбас қамалдай, өткел бермес өзендей көрінетін. Күндіз кітапханада, түнде бөлмеде отырып, даярлаған сұрақтарымызды бір-бірімізге айтып жүрдік.

Бірінші бестікпен бірге мен де емтиханға кірдім. Менен бұрын жауап берген курстасымның соңғы сұрағы менің билетімдегі сұраққа ұқсас болып шықты: Елеусін Бұйриннің "Ызың" жинағы. Оның жауабы менің жауабыма ұқсап бара жатқанын байқап отырмын. Дегенмен не болса да, өз дайындығыммен жауап бердім. Темірбек ағай: "Әй, бала, сенің жауабың әлгі студенттікіндей",  – деп, алдындағы қағазға бірдеңе түртіп алды. Ұстазға қарсы келмейтін ауылдың ұяң баласы не айтсын, үндемей тұрып кете бердім.

Емтиханнан босағанмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Ең соңғы қамал  диплом жұмысын қорғау қалды. Тақырыбым сол кезде аты дүркіреп тұрған үкіметтік газет  "Халық кеңесі" болды. Осы басылымдағы әлеуметтік әділдік мәселелерін зерттедім. Жетекшім – доцент Роза Елеуқызы Алтынбекова. Жұмысымды мерзімінен бұрын өткізіп, көңілім жай тапты.

Сөйтіп жүргенде қорғау күні келді. Аудиториядан "Кім дайын?", "кім дайын?" деп сыбырласа бастағанда, Темірбек ағай көп жұмыстың ішінен менікін бөлектеп алып: "Сұлтанбаева, бастасын", – деді. Сол жылы мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып факультетке "Халық кеңесі" газетінің бас редакторы Сарбас Ақтаев келген болатын. Мен қорғайтын газеттің басшысы, танымал публицист. Ағай мені ортаға шақырғанда, ол кісі қозғалақтап: "Жігіттер қайда, солар неге бастамайды?" деп қойды. Алғанынан қайтпайтын, сөзінен таймайтын Темірбек ағай: "Гүлмира, ортаға шық",  – деп қамшылай түсті.

Зерттеулерім мен пікірлерімді айтып тұрмын, дауысым дірілдеп шығатындай. Сұрақ кезегі келді. Бірінші сұрақты Сарбас аға қойды. Өзі басқаратын газет туралы, оның әлеуметтік саясаты жайлы көзқарастарым ұнаған болуы керек. Дауысы әлгіндей емес, жарқын шықты. Нықтап, екі сұрақ қойды да, жауабыма разы көңілмен: "Әп, бәрекелді!"  деп отырды. Ұстаздың маған алғаш артқан сенімі осы сәт еді.

Бір күні кафедраға кіріп келсем, төрде отырған ұстаз жанына шақырды. Алдында  сол үлгерім экраны. Көзілдірігін тағы да төмен жылжытып, маған әкелік пейілмен мейірлене қарады. Ол жылдары деканат бітіруші топтардың бес жылғы үлгерімін тізіп, рейтинг жасайтын. "Әй, бала, бері кел. Мына жерде бүкіл потоктың ең алдында тұр екенсің. Баллың – 4,96. Өткенде мемлекеттік емтиханда сенің обалыңа қалып, төрт қойып жіберіппін. Қызыл диплом алатын үмітің бар екен, алдын ала айтпайсың ба?" – деді. Ағайдың диплом қорғауда мені неге алға тартқанын енді түсіндім. Ұстаздың шәкіртке деген сезімі баласын қорғаған әкедей еді. Мұндайды күтпеген мен тосылып барып: "Ағай, сіз қойған баға әділ",  – дедім. Ол кезде баға сұрау, баға үшін оқу біздің қиялымызда жоқ. Оны ойлаудың өзі білімге қиянат саналатын.

Диплом қолға тиген соң, курстастар редакцияларға бөлінді. Бұл  қазақстандық БАҚ нарығы жылдан-жылға қазақша басылымдармен толысып жатқан кез. Мені министрліктен жаңадан ашылған "Денсаулық" журналының редакциясына бөліпті. Қарағанды университетінде журналистика бөлімі ашылып, оқытушылыққа екі орын келіпті деген сөз де тез тарап кетті. Деканымыз Юрий Крикуновқа барып: "Мені Қарағандыға оқытушылыққа жіберіңіз",  – дедім. Ол кісі ойланып, алдындағы рейтингіге қарап: "Саған Қарағандыда бәрі дайын тұрған жоқ, соны түсін. Факультетке аспирантураға екі орын бөлініпті. Биыл бір жақсысы аспирантураға өндірістен соң ғана емес, оқу бітіре салып та қабылдайтын болды. Осыған бағыңды сына. Кафедраңа, Темірбек Қожакеевичке жолық", – деді.

Ойламаған жерден түскен осы ұсыныспен кафедраға, Темірбек ағайға бардым. Ол кісі менің жайымды біліп отыр. Деканмен алдын ала ақылдасқан сыңайлы. Мені тыңдап болар-болмас, қоңыр портфелін қолтығына қысып тұрып: "Рефератыңды дайында да, менің орынбасарыма қол қойдыр. Ғылыми жетекшің өзім боламын. Мен енді жазғы демалыста боламын. Басқа сұрақтар күзге қалсын", – деді. Қуанышымда шек болмады.  Ғылымның даңғыл жолы ашылғандай еді. Асығыста ұстазымнан зерттеу тақырыбын сұрамаппын. Роза Елеуқызы ойланып жүрген болу керек:    "Саттар Ерубаевтың публицистикасы зерттелмей жүр. Осыған кіріскенің жөн",  – деп үлкен сенім артты.

Аспирантураға жолдаманы ұстазымның өзі жазып берді. Бұйрық күздің қоңырқай тартқан шағында, қазан айында шықты. Мен емтиханымды тапсыра салып, жатақханада орын болмағандықтан, ауылға кетіп қалған едім. Оқуға қабылдандың деген хабар жеткенде, марқұм ағаларыммен бірге алыпұшып жолға шықтық. Ол жылдар жеңіл болған жоқ. Ағам базарда тұрып тапқан азын-аулақ ақшасын маған беретін, ал мен құжат жинап, нотариусқа, медициналық тексерулерге жүгіргенде әр тиынды үнемдейтінмін. Түс қайта шөл қысып, қарным аша бастағанда, университет кампусының жолын жағалай өскен итмұрынды теріп жейтінмін. Жатақханадан орын тимей, шағын бөлмені үшеуміз жалдап тұрдық. Міне, осылай ғылымға ден қойған жылдарым басталды.

Аспирантура жылдарында ұстаз ғылыми жұмысымды, зерттеу бағытымды жіті қадағалап отырды. Ара-арасында үйіндегі мұрағатынан Саттар Ерубаевтың шығармашылығына қатысты пікір-ойлар тапса, жинап әкелетін. Қолында болмаса, 1932-1937 жылдардағы газет нөмірлерін блокнотына түртіп алып: "Мына нөмірлерді қарап шық", – деп жалықпай кеңес беретін. Ғылым мен ұстаздықты қатар кәсіп еткен Темірбек ағай шаршау, шалдығу дегенді білмей, талмай ізденетін де, сол мінезді шәкірттеріне де сіңіруге тырысатын. Шәкірт бойынан мұндай қасиетті көрмесе, ащы мысқылмен, кейде жеңіл юморымен-ақ бір жөнге салып отыратын.

Сәтін салған күндері Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан да ұстазды көріп қалатынмын. Ол кісі "сирек қорда, кітапхана залында отырмын" дегенді ешқашан айтпайтын. Дегенмен осы жерден шәкіртін көріп қалса, сабырмен жылышырай танытып, өз ізденісін жалғастыра беретін.

Еңбекқор ұстаз бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын. Диссертациямды аяқтап, қолына ұстатқанымда, кіріспесін үйіне апарып оқып шығып, ескертпелерін түртіп, ертесіне таңертең алып келді. Сонда о кісінің жылдамдығы мен жауапкершілігіне тәнті болдым. Аспирантурада бірге оқитын әр факультеттен жиылған курстастарымның көбі: "Жетекшімде жұмысым жатыр, қашан оқыр екен, жауап күтіп жүрмін", – деп тағат таппайтын. Мен ондай тағатсыздануға үлгермей қалатынмын. Жұмысымды бір аптаға жеткізбей оқыған ұстаз алдын ала қорғауға дейін бірнеше ескертпе айтып, тарау атауларын  қысқа да нұсқа етіп ширатып берді. Пікір айтуға қандай жүйрік болса, тақырып қоюға да сондай ұтқыр еді.  Жұмыстың мәні мен сәнін ашатын атауды лезде тауып беретін.

Т.Қожакеев – қазақ сатирасын терең зерттеп, сатиралық жанрлар жүйесін ұсынған ғалым. "Қазақ сатирасы", "Сатира және дәуір", "Адам. Қоғам. Сатира", "Сатиралық жанрлар" сияқты еңбектері оның ғылыми ізденісінің өзегін көрсетеді. Өмірінің соңына дейін Жазушылар одағы жанындағы қазақ сықақшылары қауымдастығын басқарды. Екі жүзден астам мақала, очерк, фельетонның авторы. Шәкірттері оны "Тау тұлғалы Тем аға" деп атады. Бірақ осындай ғалымның қолынан балаларға арнап кітап шығуы ерекше жайт. Ұстаз алғашқы жарық көрген мақаласынан жарты ғасырға жуық уақыт өткенде, 1991 жылы өзі сияқты қалам ұстауға жаңа талпынған балаларға арнап "Жас тілшілер серігі" кітабын жазды.

Кітаптың шығуына себеп болған – бір ұстаздың хаты. Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы "Балауса" жас тілшілер үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Батырбекова "Жас тілшілерге көмек керек" деген хатында былай деп ұсыныс айтқан: "Жазуға бейім балалар жетерлік. Бірақ оларға жол көрсететін әдістемелік оқу құралы жоқ". Қожакеев кітап жазуға осы хаттан соң кіріседі. Яғни кітапқа мұқтаждық мектептен, үйірмеден келген сұраныстан еді. Автор мақсатын жасырмайды. Оқушылар мектептің қабырға газетін мазмұнды шығарсын, жазуға дағдыланып, журналистика мамандығын саналы таңдасын, ал факультетке дайындықпен келсін дегенге саяды. Кітап төрт тараудан тұрады: баспасөздің кейбір мәселелері, хабарлама, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрлар. Автор жас тілшіге не туралы жазуды да, қалай жазуды да тізіп береді. Мектеп өмірі, үйірмелер, сыныптастардың табысы, экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер. Жақсы іс туралы жазғанда қуанышты, кемшілік туралы жазғанда ренішті жасырмау керек дейді. Яғни жас тілші үшін журналистика  – салқын жазу емес, көзқарасы бар адамның ісі.

Кітап өз заманының айнасы болды. 1991 жылы, ел тәуелсіздік алған жылы жарық көргенімен, оның тілі қайта құру кезеңінің тілі. Мұны жасырып, жабудың қажеті жоқ, оны тарихи құжат ретінде оқыған жөн. Ең бастысы, сол тарихи кезеңнің астарында заманы ауысса да, мәнін жоймайтын ұстаным жатыр. Очерк туралы тарауда автор былай жазады. Кейіпкерге қатысты әрбір дерек пен сан "ертең тексере қалса, бұрмаланбаған болуға тиіс". Отыз бес жыл бұрынғы осы сөйлем бүгінгі деректі тексерудің қажеттігін арттыра түсті. Автор жас тілшіге алдымен оқиғаны зерттеуді, содан кейін жазуды, өз үнімен жазуды үйретеді. Естіген-оқығанын сол қалпында қайталап жіберу – шығармашылық адамның ісі емес. Кейіпкермен әңгімелескенде жас тілшіге сауал жаудыру артық екенін ескертеді. Сенімге кіріп, көп тыңдау керек, өйткені адам тергеуден емес, сырласудан ашылады. Ережені автор жай сөзбен баяндамайды. Ол әр жанрды газет беттерінен алынған мысалмен талдайды. Сондықтан жас тілші ережені жаттап алмай, шығармашылық тұрғыда орындау керек. Очерк туралы әңгімеде Қ.Тұрсынқұловтың "Күре жол", Ж.Тұрлыбаевтың "Шебердің қолтаңбасы" сияқты шығармалары үлгі болады. Қорытындыда автор жанрлардың қатып қалмайтынын айтады: бірі ескіреді, бірі жаңарады, енді бірі жаңадан туады. Демек, Қожакеев жас тілшіге дайын қалыпты ұсынбайды. Ол балаға ізденуді үйреткен ұстаз. Мен бұл жолдарды оқығанда, ұстаздың өзінің іс-әрекетімен жастарды білімге баулып, шығармашылыққа үйреткенін түсіндім.

Қараша айында жаңа кітабымның "сигнал" данасы қолыма тиді. Жас өрендер болашақта журналист болғысы келеді. Елімізде медиамен достасқан дарынды балалар қаншама?! Кітаптың аты – "Жас тілшілер серігі. Екінші кітап". Атынан-ақ бұл бірінші кітаптың жалғасы екені көрінеді. Екі кітаптың мұқабасын қатар қойсаңыз, арадағы 35 жыл бірден көзге түседі.  Біріншісі – машинка мен газет бетінің заманы, екіншісі – смартфон, әлеуметтік желі, жасанды интеллект тұсы. Бұрын журналистің күні таңертеңгі жиыннан бастап, түнде мәтіннің баспаханаға жөнелуімен бітетін, ал оқырман оны ертеңіне ғана оқитын. Бүгін бұл процесс бір сағатқа, тіпті он минутқа сыйып кетті. Жас автор бір мезетте жазушы да, оператор да, редактор да, тексеруші де. Жауапкершілігі жоғары.  Себебі ол қателессе,  сұрауы да көп.

Жасанды интеллект шығармашылықты күрделі дәуірге алып келді. Нейрожелі мәтінді бір минутта жазып береді, бірақ оның дұрыстығына кепіл жоқ. 1991 жылы мұндай құралды елестету қиын еді. Дегенмен Қожакеевтің "өз үніңмен жаз" деген кеңесі енді бұрынғыдан да өзекті. Дайын, құрғақ, бірсыдырғы ізбен жазылған "құрғақ мәтінде" ешкімнің үні жоқ. Сол үшін мәтіндегі дауыс оқырманға жетпейді. Екінші кітапта оқушылардың шығармашылығын шыңдайтын жаттығулар дәл осы дағдыға баулиды.  Оқушы сүйікті ұстазы туралы шағын очерк жазады. Сол тақырыпта жасанды интеллектке де мәтін жаздырады да, екеуін салыстырады. Шынайы адам сезімінен туындаған детальдар мен жүректен шыққан естеліктер қайсысында басым? Шаблон қайда кездеседі? Екінші кітап жасанды интеллекттің үш қаупін де атайды. Атап айтқанда, "галлюцинация"  машина дата мен адам атын, сілтемені сенімді үнмен ойдан шығарып жібереді, ал жалған ақпарат үшін журналистің өзі жауап береді. Шығармашылық тәуелділік кішкентай хабарды да "машина жазып берсін" деп дағдыланған жастың өз бетінше ойлау қабілеті біртіндеп сөнеді. Плагиат  нейрожелі жаңа туындыны дүниеге әкелмейді. Ол өзгенің еңбегін араластырып ұсынады. Кітап жас тілшіге жасанды интеллектпен сөйлесуді де үйретеді. Соның ішінде тапсырма рөлі, контекст, тапсырма, формат деген төрт бөліктен тұруы керек. Мысалы, жасанды интеллектке республикалық "Ұлан" газетінің бас редакторы болуды айтып, мектеп оқушысы экологиялық акция туралы сыни мақала жазып жатқанын түсіндіреді де, мәтіндегі логикалық қателерді тауып, оны корреспонденция жанрының ережесіне сай ықшамдап беруді сұрайды. Алғашқы кітапта жеке бөлім болып талданған жанр ережесі бүгінгі күнде машинаға берілетін тапсырманың бір жолына айналған. Жанрды білмеген адам машинаға не істеу керегін айта алмайды.

Келесі жаттығу ұстаздың өзін тақырыпқа айналдырады. Жас тілшіге жасанды интеллектіден Қожакеевтің өмір жолы, "Жас тілшілер серігінің" жазылу тарихы туралы дерек сұрап, жауапты кітап пен мұрағаттық деректерге салыстырып тексеру ұсынылады. Машина датаны, кітап атауын шатастырып жіберген бе? Өлшем  ұстаздың талабын еске салады.  Біз үшін қанша тексерсе де ақиқатқа төзімді шындық керек. Тіпті ұстаздың декан болған жылдары әртүрлі құжатта әртүрлі аталады. Мұндай деректі кездестірсе, жас тілші түпнұсқаға жүгінуге тиіс. Кітаптағы этикалық қағидалардың бірі де "Бір дереккөз – дерек емес" деп ескертеді.

Сонда Қожакеев аманаты не? Ол дайын кітап та, жаттап алатын ереже де емес. Ол бір ғана өнеге айтады. Білгеніңді жаз, жазғаныңды тексер, өз үніңмен сөйле, оқырман алдында жауап бере біл. Бұл төрт қағида машинка заманында да, нейрожелі заманында да бірдей жұмыс істейді.  Өйткені олар құралға емес, адамға қарайды. Мен үшін бұл әдіс – ұстаздың диссертациямның кіріспесін үйіне апарып оқып, ертеңіне ескертпемен қайтарғаны, сирек қор залында үнсіз отырып, тапқан дерегінің газет нөмірін шәкіртіне айтып бергені.

Ұстазым маған Университет атты алып әлемге жолдама берді. Туралықты, әділдікті, адалдықты үйретпей-ақ, айтпай-ақ көзқарасымен, ісімен, сөзімен баулыды. Журналистиканың аудиториясынан алыстап кетсем де, болмысым, рухым, ойым, санам журналистикаға шырмалған екен. Маған туралықтың титімдей тамшысын, әділдіктің алақандай шөкімін аманат еткен ұстазым. Бүгін ол кісінің айтқан сөздерін, отырған отырысын, жүріс-тұрысын еске алып, келбеті мен болмысынан ұлылықтың, ізгіліктің нышандарын іздеймін. Содан адасып қалмасам, ұмытып қалмасам екен деп есіме алып жүремін. Ұстазымның әр сөзі мыңдаған шәкіртінің өміріне салған ізі екен. Ұстаз – ұлы есім. Темірбек ағайдай ұстаздың осы есімге лайық болып қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа аманат еткені де ұлы іс.

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА

профессор

Сайт Әкімшілігі