Воронежде дрон қаупі жарияланған тұста Wildberries қоймасынан өрт шықты
Ресейдің Воронеж облысындағы Wildberries компаниясының ірі логистикалық орталығында 11 тамызға қараған түні өрт шықты.
Аумағы шамамен 153 мың шаршы метр болатын кешенде 90 миллионнан астам тауар сақтауға мүмкіндік болған. Оқиға кезінде Воронежде дрон шабуылы қаупіне байланысты ескерту жарияланған.
Өрт Воронеж облысы Новоусманский ауданындағы Александровка ауылында орналасқан Wildberries логистикалық орталығында болған.
OSINT сарапшылары мен ASTRA Telegram-арнасының мәліметінше, нысанға шабуыл жасалған болуы мүмкін. Жергілікті тұрғындар да осы маңнан жарылыс дауыстарын естігенін айтқан. Алайда өрттің нақты неден шыққаны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.
Аталған логистикалық кешен толық қуатында 2025 жылдың қарашасында ғана іске қосылған.
Воронеж облысының Инвестиция тарту агенттігінің мәліметінше, орталықтың жалпы аумағы 152,9 мың шаршы метрді құрайды. Оның қоймаларында 90 миллионнан астам тауар сақтауға мүмкіндік болған.
ASTRA мәліметінше, Wildberries пен Russ біріккен компаниясы – РВБ бұл нысанның құрылысына шамамен 11 млрд рубль инвестиция салған.
Wildberries&Russ баспасөз қызметі Воронеж облысындағы компанияның логистикалық нысандарынан адамдар қауіпсіздік талаптарына сәйкес эвакуацияланғанын хабарлады.
Сонымен қатар Воронеж қаласында дрон шабуылы қаупіне байланысты ескерту жарияланған. Бұл туралы Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев мәлімдеді.
Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар
Дереккөз мәліметінше, Wildberries логистикалық орталықтары 18 шілдеден бері бірнеше рет украиналық дрондардың шабуылына ұшыраған.
Reuters агенттігінің спутниктік суреттер негізінде жүргізген талдауына сәйкес, компания қойма қуатының шамамен 20 пайызынан айырылған болуы мүмкін. Өрттер компания мен оның серіктестеріне тікелей шығын келтіріп қана қоймай, сауда көлеміне де кері әсер еткені айтылады.
Мәлімет бойынша, Санкт-Петербург, Тула, Электросталь, Краснодар және Невинномыск қалаларындағы 20-дан астам логистикалық орталық шабуылға ұшыраған. Олардың кемінде 14-і өрттен зардап шеккен.
The Bell дереккөздерінің бағалауынша, Wildberries-тің тікелей шығыны 100–200 млрд рубльден асуы мүмкін. Сондай-ақ тауарларынан айырылған сатушылардың бір бөлігі платформадан кетуіне байланысты компанияның айналымы шамамен төрттен бірге қысқарғаны айтылады.