Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың өліміне қатысты екі адам ұсталды
Түркияның Ыстамбұл қаласында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты екі адам ұсталды.
DHA агенттігінің хабарлауынша, олар қайғылы оқиғаға дейін қызбен араласқан. Айсұлу 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы ғимараттың шатырынан құлап, көз жұмған.
Ұсталғандардың бірі – марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. Екіншісі – 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. Басылым мәліметінше, ол қыздың сүйіктісі болуы мүмкін.
Көршісінің айтуынша, таңғы сағат 08:15 шамасында ол Айсұлуды шатырдың шетінде тұрған жерінен көріп, кері қайтуын өтінген. Алайда қыз оның өтінішіне құлақ аспаған.
Кейін Дарья қатты музыканың даусынан оянып, құрбысының жоқ екенін байқаған. Сыртқа шыққанда, Айсұлуды төменде қозғалыссыз жатқан күйде көрген.
Тергеу барысында қазақстандық қыздың қаза болардан аз уақыт бұрын бір ер адаммен кездескені де анықталған. Оның айтуынша, Айсұлу таңғы сағат 05:30–да келген, ал 07:40–та кетіп қалған.
Алдын ала болжам бойынша, қыз алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған. Алайда шатырдың берік емес құрылымынан құлап кетуі мүмкін. Айсұлудың шатырға неліктен шыққаны және нақты қандай жағдай болғаны әзірге белгісіз. Түркия полициясы тергеуді жалғастырып жатыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қыздың қаза тапқанын растады. Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетіп жатыр.