Зеленский: Украина ұзақ мерзімді бітімге мүдделі
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің уақытша атысты тоқтату ұсынысына қатысты АҚШ президенті Дональд Трамп командасымен байланыс орнатуды тапсырғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Зеленский 30 сәуір, бейсенбі күні Telegram-арнасында жазып, Украина бірнеше сағаттық емес, ұзақ мерзімді атысты тоқтатуға мүдделі екенін атап өтті.
Оның сөзінше, мақсат – «адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және тұрақты бейбітшілікке жол ашатын» нақты келісімге қол жеткізу. Ал Мәскеуде өтетін парад үшін бірнеше сағаттық бітімнің мәні жоқ.
9 мамырға қатысты бітім ұсынысы
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путин мен Дональд Трамп арасындағы телефон әңгімесінен кейін Ресейдің 9 мамыр – Жеңіс күніне орай уақытша бітім жариялауға дайын екенін хабарлаған.
Ақ үйде журналистермен кездесуде Трамп бұл бастаманы қолдағанын және Путинге «кем дегенде қысқа мерзімді атысты тоқтатуды» ұсынғанын айтқан.
Иран тақырыбы да көтерілген
Трамптың айтуынша, Путин әңгіме барысында Ирандағы соғысты тоқтатуға көмектесуді ұсынған. Атап айтқанда, Ресей байытылған уран қорларын елден шығару процесіне қатысуға дайын екенін білдірген.
Алайда АҚШ президенті бұл ұсынысқа:
«Алдымен өз соғысыңды аяқта» деп жауап бергенін жеткізді.
Трамп сондай-ақ Путиннің келісімге келуге бұрыннан дайын болғанын, бірақ кейбір факторлар бұл процесті қиындатқанын айтты.