Жақсыбек Құлекеев: Мұнай қымбаттаса, халықтың жағдайы нашарлайды
Жақсыбек Құлекеев – мансап жолында мемлекеттік қызметтің талай баспалдағына көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері.
Ол әр жылдары Экономика, Білім және ғылым министрі болып, «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз» сияқты стратегиялық маңызы бар ірі ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқарды. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында әлемдік экономикадағы өзгерістер, мұнай нарығындағы тұрақсыздық, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес және Қазақстан экономикасының болашағы туралы сараптамалық пікірін бөлісті.
– Жақсыбек Әбдірахметұлы, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қақтығысының астарында не жатыр? Әлде, бұл Таяу Шығысты қайта бөлісуге бағытталған үлкен геосаяси ойынның бір бөлігі ме?
– Қазір дүниежүзінің әртүрлі аймағында қақтығыс болып жатыр. Біздің жанымыздағы Ресей мен Украина арасындағы кикілжің бесінші жыл жалғасуда. Мұның біздің де экономикамызға тигізіп жатқан кесірі үлкен екенін жақсы білеміз. Ресей – ең үлкен сауда әріптесіміз әрі бір экономикалық одақтамыз. Сондықтан онда болып жатқан жағдайдың бәрі Қазақстан экономикасына өз әсерін тигізеді. Соңғы жылдары осы шиеленістің салқынын сезіп келсек те, Қазақстан экономикасы бұл жағдайға бейімделіп үлгерген еді.
Ал биыл ақпан айының 28-інде басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылы тосыннан төнді. Біз үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзі қауымдастығына түсініксіз жағдай болды.
Көптеген сарапшы «АҚШ пен Израиль не себепті Иранға заңсыз соғыс жариялады? Мұның түп-төркіні неде?» деген сауалға жауап іздеуде. Осыған байланысты мен де өзімнің бір-екі пікірімді білдіргім келеді.
Біріншіден, Ирандағы саяси режим көп мемлекетке, соның ішінде АҚШ пен Израильге ұнамайды. Осы тұрғыда кейбіреулер «Бұл саяси режимді ауыстыру үшін жасалған шабуыл» деген болжам айтады. Екінші бір сарапшы «Иран ядролық қару жасауға әрекеттеніп жатыр. Соны шектеу үшін жасалды» деген сияқты пікір білдіреді. Жалпы, осы екі ойдың негізі жоқ емес.
1979 жылы Иранда революция болып, сол кездегі басшысын қуғаннан кейін бұл елде жаңа саяси билік орнады. Ол – конституциялық билік еді. Әрине, ол биліктің ең басында тұрған ислам лидерлері. Ал мемлекетті басқару үлгісіне қарайтын болсақ, Иран – парсы түбегіндегі басқа елдің бәрімен салыстырғанда, озық үлгідегі ел. Мысалы, Сауд Арабиясын, Катарды, Кувейтті, Бахрейнді алсаңыз да, олардың барлығындағы билік жүйесі бір отбасына тәуелді, демократияға ешқандай сәйкес келмейтін монархтар билігі. Олармен салыстырғанда, Ирандағы жағдай анағұрлым көш ілгері.
– Демек, АҚШ-тың Израильмен бірігіп Иранға соғыс ашуына әртүрлі фактор әсер етті дейсіз бе? АҚШ-тың әрекетін бақсақ, «Иран бізге тең қарсылас емес. Оңай тізе бүктіреміз...» деген сенімді көзқарас бар сияқты. Былай қарағанда, АҚШ Иранды шыбын құрлы көрмейтінін аңғартқан жоқ па?
– Әрине, тек қана саяси режимге қатысты ғана емес, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Катардың беделіне қарағанда Иран билігі бәрібір озық тұр. Авторитарлық режим болса да, Иран – конституциялық мемлекет. Оларда да сайлау болады, билік ауысады. Кез келген конституциялық мемлекет сияқты билік тармақтары немен айналысатыны туралы Ата заңдарында тәптіштеп жазылған.
Екінші, ядролық қаруға келсек, Иран бұл туралы үзбей айтып келеді. МАГАТЭ-нің инспекторлары жұмыстарын зерделеп, олардың ядролық қаруға қызықпайтынына көз жеткізеді. Сондықтан мұның да негізі жоқ. Яғни «Иран ядролық қару жасап жатыр» деген ұстаным шындыққа сәйкес келмейді. Демек, бұл да соғыстың тұтануына негізгі себеп емес.
Соңғы 50-60 жылға жуық мерзімде айтылып келе жатқан cаясат пен экономикада қалыптасқан «Жаһандық солтүстік», «Жаһандық оңтүстік» деген ұғым бар. Бұл – географиялық атау емес, шартты бөлу. Жаһандық солтүстікке – экономикасы демократиялық жолмен дамып, озық технологияның арқасында жаһандық оңтүстікке ұзақ уақыт бойы үстемдік жүргізіп келе жатқан мемлекеттер кіреді. Олар – Солтүстік Америка (АҚШ пен Канада), Еуропа, Ресей, Жапония мен Австралия, тағысын тағы.
Ал жаһандық оңтүстікке – Африка, Латын Америка, Оңтүстік және Орталық Азиядағы мемлекеттер кіреді. Өйткені Ресейдің де Орталық Азия мемлекеттеріне ұзақ жылдар бойы үстемдік жүргізгенін жақсы білеміз. Сол сияқты Еуропаның көптеген мемлекеті Африканың, Латын Америкасының, Оңтүстік Азияның көптеген мемлекетіне тісін батырған. Соңғы жылдары жаһандық оңтүстік мемлекеттерінің мемлекетті басқару саласында, экономикасында, қоғамдық дамуында түбегейлі өзгеріс болып, нәтижесінде үлкен жетістікке жетіп жатыр. Жалпылама алғанда, жаһандық оңтүстікте дүниежүзі халқының 85 пайызы өмір сүруде. Олардың экономикасы әлемдегі ЖІӨ-нің 40 пайызынан асып отыр.
Оның көшбасшысы – Қытай мен Үндістан. Қытай соңғы 15 жылға жуық мерзімде АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші мемлекетке айналды. Экономикасының қарқынды өсуінің арқасында АҚШ пен Қытай экономикасының арасындағы алшақтық жыл санап қысқарып келеді. Мәселен, 1960 жылдары АҚШ экономикасы Қытай экономикасынан он шақты есе үлкен болған. Ал былтырғы экономикалық көрсеткішке қарасақ, АҚШ-тың ЖІӨ-і 30 трлн доллардан, Қытайдың ЖІӨ 19 трлн-нан асқан. Екі есеге де жетпейді. Жыл сайын екі экономика арасындағы алшақтық азаюда. Одан кейін әлемдегі бесінші мемлекет ретінде Үндістанның экономикасы жайғасты.
Бірінші – АҚШ, екінші – Қытай, үшінші – Германия, төртінші – Жапония, бесінші – Үндістан. Ал осы жылдың қорытындысы бойынша, Үндістан әлемдегі төртінші экономика сатысына жоғарылайды. Осының бәрі жаһандық солтүстікте орналасқан мемлекеттерге маза берер емес. Себебі соңғы 20-30 жылда жаһандық оңтүстікте орналасқан мемлекеттердің әлеуеті өте жылдам өсіп жатыр.
Сондықтан мұны АҚШ пен Израильдің Иранға ғана қарсы соғысы деп қабылдамау керек. Бұл алпауыт мемлекеттердің жаһандық оңтүстіктегі қарқынды дамып келе жатқан елдерге қарсы қысым жасау әрекеті деп түсіну қажет. Мысалы, қазір АҚШ пен Еуропа арасындағы өзара шиеленіс те күшейді. НАТО-ның да дәрменсіз ұйым болып қалғанын байқаймыз. Өйткені бұл соғыс АҚШ-тың қанша жерден алпауыт, қуатты мемлекет екенін көрсетсе де, кейбір жағдайда үшінші дәрежедегі Иран сияқты мемлекетке де ештеңе жасай алмайтынын көрдік. НАТО-ның жарлығының 5-бабында: «Егер НАТО-ға мүше мемлекеттерінің біреуіне бір мемлекет соғыс ашса, онда қалған мемлекеттің бәрі сол мемлекетке жақтасуы керек» делінген. Яғни бәріміз бірігіп, қорғанамыз деген ұстанымда болды. Бірақ НАТО-ның ішінде ең үлкен алпауыт, ең ауқымды құзыретке ие мемлекет – АҚШ.
Мұндай құдіретке АҚШ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қол жеткізгенін жақсы білеміз. Себебі Еуропа елдерінің экономикасы соғыстан кейін күйреп, дәрменсіз жағдайға душар болды. Соғыстың салдарынан көп мемлекеттің өндіріс саласы қирап, инфрақұрылымы жойылып, халқы күйзеліске ұрынды. Осы кезеңде өндірісі соғыс кезінде еселеп дамыған АҚШ Еуропа мемлекеттеріне көмекке келіп, оларға қажет өндіріс заттарын экспортқа шығарды. Оған бұл елдің әлеуеті толық жететін, өйткені соғыстан кейінгі кезде АҚШ экономикасы дүниежүзі экономикасының жартысына жақын болды.
Одан бөлек, Еуропада бұдан кейінгі кезеңде үлкен қантөгіс соғыс болдырмау үшін АҚШ Еуропа кеңістігіндегі қорғаныс саласын өз бақылауына алу мақсатында НАТО-ны құрып, оны қаржыландыру шығындарының басым бөлігін өз мойнына алған болатын. Одан бергі кезеңде жағдай өзгерді. Еуропа одағындағы мемлекеттер экономикасы дамыған, қаржысы мол, әлеуеттері зор елдер қатарында екенін баршамыз жақсы білеміз. Осы жағдайларды ескере отырып, Трамп: «Сендер өздеріңді қорғауға шамаларың жетеді, сондықтан қорғаныс саласының шығындарын өздерің қолдарыңа алыңдар. Ал АҚШ-тың алдында өз стратегиясына сәйкес басқа мүддесі бар. Ендігі кезекте АҚШ Латын Америкасы, Оңтүстік Азия мемлекеттеріне басымдық береді. Демек, АҚШ-тың негізгі күші осы бағытқа жұмсалуы тиіс», – деді.
Мұнайдың 20 пайызға жуығы, сұйытылған газдың 25 пайыздан астамы Парсы түбегінен шығады
– Түптеп келгенде, АҚШ жаһандық оңтүстіктегі көшбасшылыққа ұмтылып отырған Қытайдың күшеюін стратегиялық қауіп ретінде бағалай ма?
– Әрине, соңғы он жылдан бергі мерзімде АҚШ стратегиялық құжаттарында «Қытай АҚШ-қа, Еуропадағы мемлекеттің бәріне қауіп төндіреді» деп жазған. Өйткені Қытай экономикасы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Қазір қытай тауарлары жөнелтілмейтін ел жоқ. Оның үстіне аспан асты елі бұрынырақ АҚШ, Еуропадан өңдеуші өндірістің кейбір күрделі заттарын алып отырды. Соның ішінде автокөлік, техникалық құрылғының бәрін жаһандық солтүстіктегі елдерден импорттайтын. Ал соңғы 15 жылда Қытай осының бәрін өзі шығара бастады. Тіпті машина жасау саласының өндірісін дамытып, IT технологиясы мен коммуникацияға қажетті қондырғыларды жасап, сондай-ақ ғарыш саласында да ауқымды жетістікке жетуде. Осындай озық технологияның арқасында дүниежүзі нарығына шығып, жаһандық солтүстік мемлекеттеріне бәсекелес болып, оларды ығыстыра бастады. Бұл АҚШ пен Еуропадағы мемлекеттердің мазасын қашырды. Сондықтан олар бірігіп, Қытайдың қарқынды дамуын тежеуге әрекет жасауға көшті.
Трамп билікке қайта келгеннен кейін АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қабылдады. Сонда да Қытай АҚШ-қа ең үлкен қауіп төндіретін мемлекет ретінде қарастырылған. Әрине, олар «Қытай жаулап алады» деп жатқан жоқ, экономикасының қарқынды дамып, әлеуетінің тез өсуінен қорқады. Өйткені Қытай экономикасы осылай қарқынды дами беретін болса, онда АҚШ-тан шығатын өнімдердің әлемдік нарықта сатылуы азаяды. Егер АҚШ-тың дүниежүзілік нарықтағы үлесі кеміп, орнын Қытай өндірушілері басатын болса, Америка қоғамына, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететінін біледі. Сондықтан Трамп екінші рет президент болғаннан бастап нақты шешім қабылдап, Қытай экономикасын тежеуге батыл кірісті.
Оның үстіне Трамптың сайлауалды бағдарламасында – «Америка – бірінші» деген ұғым болды. Яғни АҚШ өзін бірінші мемлекет санап, өзіне қауіп төндіретін мемлекеттің жолын кес-кестеу саясатын ұстанды. Сол сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Трамп былтыр сәуір айынан бастап бүкіл дүниежүзінің экономикасына қарсы сауда соғысын бастады. Соның ішінде қатты шүйліккені – Қытай экономикасы. Яғни бірден 145 пайыздық кедендік баж салығын салды. Бірақ Қытай одан тайсалған жоқ. Олар да АҚШ тауарларына қарсы 125 пайыздық баж салығын салды. Сосын Қытай АҚШ-қа шығаратын сирек кездесетін металдарды экспорттауды күрт тоқтатты. Қытай осы салада әлемдегі монополист саналады. Өйткені дүниежүзіне шығатын сирек кездесетін элементтердің 95 пайызын Қытай өзі шығарады немесе әртүрлі мемлекетте орналасқан Қытайдың бақылауындағы компаниялар өндіреді. Осы жағдайдың бәрін байқағаннан кейін Трамп Қытайға экономикалық сауда арқылы ешқандай қысым жасай алмайтынын түсінді. Сосын былтыр күз айында екі елдің басшысы Сеулде кездесіп, бір-біріне қарсы сауда соғысын өршітпейтіні туралы келісімге келген. Сол шартпен бүгінге дейін жұмыс істеуде.
Алайда, Трамп соған қарамастан, Қытайдың заттарын АҚШ-қа импорт жасауды шектемекші болды. Сондай-ақ өздерінде шығатын озық технологиялардың Қытайға экспортын да тежеуге тырысты. Мысалы, АҚШ-та орналасқан ең соңғы буындағы чип шығаратын халықаралық Nvidia деген компания басшысы, Тайваньда туған этникалық қытай, бірақ 9 жасынан АҚШ-та тұратын Дженсен Хуанг деген осы ел азаматы. Трамптың: «Сен қытай болған соң озық чиптерді Қытайға сатып жатырсың. Бұл әрекетіңді доғар!» деп жеке басына тиіскенін естідік. Соның нәтижесінде компания АҚШ-тан Қытайға чиптерді экспортқа шығаруды тоқтатты. Әрине, Қытайдың өзі де чип шығара алады. Бірақ соңғы үлгідегі түрін өндіру үшін литографиялық қондырғы керек. Оны шығаратын Голландиядағы монополист компания ғана.
Бұдан соң АҚШ бұл компанияға да «Литографиялық қондырғыларды Қытайға сатпайсың!» деп тапсырма береді. Біраз уақыттан кейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Трампқа келіп, позициясын айтып, жан-жақты түсіндірді. «Біз Қытайға өнімнің 30 пайызын сатамыз. Егер бізден шығып жатқан чиптерді Қытайға сатпайтын болсақ, бірнеше айдан кейін олар бұл іске өздері кіріседі. Екіншіден, біз сол нарықтан бірте-бірте ығыстырыламыз. Біздің экономиканың әлеуеті төмендейді де, салдарынан ғылыми ізденіске жұмсап отырған қаржыдан айырылып қаламыз. Сондықтан осы қарқынмен болашақта да сапалы чиптер шығаратын мүмкіндігіміз азаяды. Қытайдан бәсекелес жағдайында көп нәрседен ұтылып қаламыз» деген пікірін айтады. Содан кейін ғана Трамп ақылға келіп, чиптерді сатуды шектеуді алып тастады. Осылайша, қазір Қытай литографиялық қондырғыны да, чипті де ең көп алатын мемлекет болып тұр. Соның салдарынан Трамптың Қытай экономикасының даму қарқынын тежеу үшін озық үлгідегі технологияларды экспортқа шығармау саясаты жүзеге аспай қалды. Аталған фактілер АҚШ пен Еуропа елдері экономикасының Қытайға тәуелділігі өте жоғары екендігін айқындап отыр. Сондықтан бұл экономикалық соғыста АҚШ Қытайды жеңе алмайтынын сезді. Дегенмен АҚШ әлі де Қытай экономикасын тежеу жоспарын жүзеге асыра бермек. Қазір де, болашақта да әртүрлі жолды қарастырумен болады.
– АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай экономикасының энергетикалық ресурстарға, әсіресе Таяу Шығыстан келетін мұнай импортына тәуелділігін де назарға алғаны айтылып жүр. Осы тұрғыдан алғанда, Ормуз бұғазы төңірегіндегі кез келген шиеленіс тек мұнай тасымалына ғана емес, тұтас жаһандық экономикалық жүйеге әсер етуі мүмкін. Сол себепті мұндай қақтығыстың ықтимал салдары ең алдымен әлемдік энергетика нарығына, мұнай-газ бағасының құбылуына және соған тікелей тәуелді өндіріс салаларына ауыр соққы болып тиеді деуге бола ма?
– Мысалы, Қытай өз экономикасында күніне 16,3 млн баррельден артық мұнай өнімдерін пайдаланады. Ал ішкі экономикасында өндіретін мұнайдың көлемі 4,6-4,7 баррельден аспайды. Демек, бұл ел тәулігіне 11,6 млн баррель мұнайды импорт жасаса, оның 60 пайызға жуығын Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Парсы түбегіндегі елдерден алады. Әрине, бұл бір ғана мемлекеттен емес, Сауд Арабиясы, Кувейт, Катардан, Ирак пен Ираннан да алады. Бір сөзбен айтқанда, Қытай осы аталған мемлекеттерден өзіне қажет мұнайдың 60 пайызға жуығын импорттап отырғаны белгілі. Сондықтан Трамп осыны біліп, әрі Қытайдың энергетикалық ресурстарға тәуелді екенін ескере отырып, Израильмен бірігіп Иранға қарсы соғыс ашты.
Оған себеп болған, біріншіден, Иранның экономикасының тұралап, кризистік жағдайда тұрғаны, сол себептен өздеріне қарсылық көрсетуге шамасы келмейді деген ұстанымда болғандығы. Екіншіден, АҚШ-тың Парсы түбегінен шығатын энергетикалық ресурстарға толық бақылау жасай отырып, Қытай экономикасының қарқынды дамуын тежеуге қол жеткізу мүмкіндігіне ие болу ниеті. Үшіншіден, соңғы жылдары Қытай Парсы түбегінде орналасқан мемлекеттермен сауданы өзінің ұлттық валютасы – юаньмен жасап, доллардың үстемдігіне нұқсан келтіре бастады. Сондықтан Иранға күйрете соққы жасап, бас идіріп, Араб елдерін тәртіпке шақыру мақсатынан туындаған жағдай.
АҚШ пен Израиль Иранның экономикалық тұрғыдан артта қалған мемлекет екенін біліп, «аптаның соңындағы демалыс күндері ғана барып, тізе бүктіріп, өз билігімізге бас идіреміз» деген ниетпен соғыс ашқаны анық. Мұның арты мынандай жағдайға ұласты. Айналып келгенде, қазір стратегиялық басымдық Иранның қолында. Ал АҚШ оған ештеңе жасай алмайтынын да біліп отыр. Өйткені Израильмен бірігіп, бар қаруын пайдаланып, Иранның экономикасына соққы жасады. Бірақ өздерінің алдына қойған мақсатының ешқайсысына да жетпеді. Ең негізгісі, Ормуз бұғазын, Парсы шығанағын бақылауға ала алмады. Керісінше, Ормуз бұғазы арқылы емін-еркін өтіп жатқан танкерлер соғыс басталғалы бері тоқтап қалды.
Барлық жағдай Иранның бақылауында тұр. Енді олар осы стратегиялық басымдықтан айырылмайды. Өйткені дүниежүзінің нарығында пайдаланатын мұнайдың 20 пайызға жуығы, сұйытылған газдың 25 пайыздан астамы Парсы түбегінен шығады. Одан бөлек, азот тыңайтқыштары, гелий газы, алюминий, полимер, тағы басқа металдар осы теңіз жолы арқылы дүниежүзілік нарыққа шығады. Ал осы соғыстың салдарынан бұлардың дүниежүзілік нарыққа шығуы тежеліп, көп елде олардың тапшылығын тудырып отыр. Бұл соғыс осындай қиындық туғызды.
Әлемдік аренада Қытайдың саяси имиджі де көтеріліп кетті
– Демек, АҚШ-тың Қытайдың экономикалық өсуін тежеуге бағытталған саясаты күткен нәтиже бермеді деген қорытынды жасауға бола ма? Жақында Дональд Трамптың 2017 жылдан бері алғаш рет Қытайға жасаған үш күндік сапарын «абсолютті табыс» деп бағалауы Вашингтонның Бейжіңмен текетірестен гөрі келісім мен тепе-теңдік іздеуге бет бұрғанын меңзей ме?
– Әңгіме сонда ғой. АҚШ соңғы кезде жасап отырған саясаты арқылы Қытай экономикасына ауыр соққы жасаймыз деп ойлады. Әрине, ұзақ мерзімге болжам айту қиындау. Қазіргі жағдайға қарасақ, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Қытай экономикасы олардың болжағанынан әлдеқайда жақсы дамып, 5 пайыздық өсім көрсетіп отыр. Ал өндірісі 6 пайыздың үстінде, ауыл шаруашылығы 4 пайызға өсті. Ең негізгісі, бірінші тоқсан бойынша Қытайдың сыртқы тауар айналымы 18 пайызға артты. Соның ішінде экспорты 15 пайызға, ал импорты 23 пайызға өскен. Өйткені соңғы кезде Қытай өнімдеріне деген сұраныс күрт артты. Әсіресе соғыс басталғалы бері Қытайдың жасыл энергетикаға қажетті қондырғысына деген дүниежүзілік сұраныс 50 пайызға дейін өсті. Ол ол ма, қазір қытай электромобильдерінің экспорты бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып, 140 пайызға өсті. Яғни бұдан Қытай экономикасының қарқынды дамып отырғанын байқаймыз. Демек, әзір қытай экономикасына тиіп жатқан кері әсер байқалмайды.
Екінші, әлемдік аренада Қытайдың саяси имиджі де көтеріліп кетті. Өйткені Қытай қазір халықаралық нормалар мен стандартты қорғайтын, мақұлдайтын әлемдегі бірден-бір алпауыт мемлекет болып тұр. БҰҰ-ның барлық институтының халықаралық нормасын, ДСҰ-ның сауда саласындағы кез келген тәртіптері мен стандартын сақтап, сол бойынша жұмыс істейді. Ал АҚШ болса, БҰҰ-ның шарттарына қарсы болып, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымынан, тағы басқа бірқатар халықаралық ұйымнан шығып кетті. Қысқасы, АҚШ халықаралық нормативтік актінің бәріне қарсы болды. Осы тұрғыдан алғанда, Қытайдың ұстанымына әлемнің бірқатар мемлекеті үлкен құрметпен қарап отыр. Бұл Қытай имиджінің халықаралық деңгейде өскенін көрсетеді. «Осы соғыстың арқасында Қытайды қыспаққа аламыз» деген Трамптың саясаты әзірше еш нәтижесін берген жоқ.
– Трамптың ұстанған саясатына қатысты АҚШ қоғамында біркелкі көзқарас жоқ екені байқалады. Кейбір штаттардағы сайлаушылар оның протекционистік және қатаң сыртқы саяси ұстанымдарын қолдаса, енді бір бөлігі бұл саясат ішкі әлеуметтік-экономикалық шиеленісті күшейтеді деп есептейді. Сіздің ойыңыз қандай?
– Олай деуге болмас. АҚШ-та президент сайланғаннан кейін екі жылдан соң парламенттік сайлау өтеді. Бұл биыл қараша айына белгіленіп отыр. Қазір бұған дайындық басталып кетті. Соның нәтижесі бойынша егер демократтар Конгресті де, сенатты да бақылауға алатын болса, онда Трамптың жағдайы кішкене қиындайды. Дәл қазір АҚШ-та биліктің барлық тармағы (Жоғарғы сот, Сенат, Конгресс) республикалық партияның қолында. Сондықтан билік Трамптың саясатын қолдайды. Ал демократтар басым болған штат тұрғындары оған қарсы.
– Қазақстан тікелей Ормуз бұғазы арқылы мұнай экспорттамаса да, Таяу Шығыстағы кез келген геосаяси қақтығыс әлемдік мұнай бағасын көтеріп, соның салдары ел ішіндегі жанармай құны мен инфляцияны үдетуі мүмкін бе?
– Биыл Қазақстан экономикасы 5,5 пайыз қарқынмен өседі деп болжанған еді. Бірақ бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, 3 пайыз ғана болды. Себебі Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты Новороссийскідегі мұнайды экспортқа шығаратын терминалдар Украина тарапынан қайта-қайта шабуылға ұшырап жатыр. Соның зардабынан Қазақстан жоспарлаған мұнайын сыртқа шығара алмай қалды. Мұнай экспортының азаюы мұнай саласының дамуын тежеп, ел экономикасының дамуына салқынын тигізді. Әрине, біз Ормуз бұғазы арқылы ештеңе шығармаймыз. Бірақ соғыс басталып, осы бұғаз арқылы шығатын өнім күрт төмендеп кеткеннен кейін мұнайдың да, газдың да, азот тыңайтқыштары мен сирек кездесетін металдардың да бағасы қымбаттап кетті. Қазір мұнай баррелі 100-110 долларға дейін көтерілді. Бір жағынан, бұндай жағдай мұнайды экспортқа шығаратын мемлекет болған соң бізге пайдалы сияқты. Дегенмен мұнай бағасының өсуі көптеген тауар мен қызметтің қымбаттауына әкелетіні анық. Ал импортқа едәуір тәуелді мемлекет ретінде бізге келетін тауардың бағасы өссе (соның ішінде тамақ өнімдері, жеміс-жидек, киім, т.б.), оның инфляцияға кері әсері болатынын жақсы білеміз. Одан бөлек, мұнай қымбаттаса, отын бағасы да өседі деген сөз. Бұл кезде транспорт, логистика тарифі де шарықтайды.
Қытай мен Ресейдің экономикасында тұрақты даму болса, Қазақстан экономикасы да ілгері басады
– Осындай жаһандық энергетикалық және логистикалық тәуекелдер жағдайында Қазақстан үшін жаңа көлік-логистика бағыттарын әртараптандыру мен балама экспорттық маршруттарды дамыту, сондай-ақ энергия инфрақұрылымын жаңғырту арқылы қосымша экономикалық мүмкіндіктерді іске асыруға болмай ма?
– Бәрін де жасауға болады. Біраз дүниені жасап та жатырмыз. Бірақ ауқымды өзгеріс енгізу, жаңа логистикалық дәліздер ашу ұзақ мерзімді талап етеді. Сондықтан қысқа мерзім ішінде ештеңе жасай алмаймыз. Мұнай өнімдерінің бағасының өсуі ішкі нарықтағы бағаның күрт өсуіне ықпал етеді. Бұл экономиканың өсу әлеуетін әлсіретіп, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына әкеледі. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін көптеген факторларды назарда ұстап отырған орынды. Солардың арасында біздің еліміздің сауда серіктестері – Қытай мен Ресейдің экономикалық жағдайларын мұқият бақылап, зерттеп отырған дұрыс, өйткені біздің экономикамыздың жағдайы осы мемлекеттердегі үрдістерге тікелей тәуелді. Осы екі экономикада тұрақты даму болса, Қазақстан экономикасы да ілгері басады. Өкінішке қарай, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, мұнай бағасының өсуіне қарамастан, Ресейдегі жағдай біз күткендей болмай тұр. Өсу жоқ.
– Қазақстан экономикасының мұнайға тәуелділігін біртіндеп азайтып, шикізаттық модельден толық шығу мүмкін бе?
– Әрине, біз мұнай алуды жылдам дамытып жатырмыз. Соның нәтижесінде мұнайдан түсетін табыс үлкен, бұл саланың экономикаға әсері зор. Дегенмен қазір ел экономикасының басқа салалары қарқынды дамуға бет алды. Соның ішінде көлік құрастыру, мұнай-газ, химия саласы әжептәуір өсіп келеді. Астықтан бөлек, түрлі-түсті және қара металдарды экспортқа шығарамыз. Еліміздің өндірістегі өңдеу саласының әлеуеті жылдан-жылға күш алуда.
– Дегенмен мұнай өңдеу қуатын арттыратын төртінші зауыттың құрылысы ұзақ уақыт бойы кейінге шегеріліп келді ғой...
– Бұл өте қиын мәселе. Төртінші, бесінші мұнай өңдейтін зауыт салуға болады. Ол үшін, біріншіден, мемлекетімізде тұрақты оған сұраныс болу керек. Біздің экономика кішкентай. Екіншіден, Қазақстандағы үш зауыттың бәріне арзандатылған, кейде өзіндік құнынан төмен бағаға мұнай алып, ішкі нарықтағы мұнай өндіретін зауыттарға жібереміз. Содан кейін де елімізде мұнай өнімдері арзан болып тұр. Соның арқасында әлемдегі ең арзан мұнай өнімдері бізде ғана. Мәселен, біздегі мұнай өнімдерінің бағасы жанымыздағы Өзбекстанмен салыстырғанда екі есе, Ресеймен салыстырғанда 40-50 пайызға арзан. Ал төртінші зауыт салсақ, оған мұнайды Қазақстандағы үш үлкен кен орны Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарынан аламыз.
Бұл кен орындарында негізінен шетелдік инвесторлар жұмыс істейді. Алайда олар қаржысын салған уақытта «Біз сендердің экономикаға ешқандай қиянат жасамаймыз. Егер мұнай алатын болсақ, онда әлемдік нарыққа қандай бағамен шығарасыңдар, сол бағамен аламыз» деген уәде бергенбіз. Демек, бұл кен орындарынан мұнай алсақ, төртінші зауыттан шығатын мұнай өнімдерінің бағасы қымбат болып кетеді. Мұның бәрі арнайы зерттеуді қажет етеді. Менің пайымымша, қазір арнайы мамандар осы бағытта дайындық жұмысымен айналысып жатыр.
– «Асты-үстіміз қазба байлыққа толы» деген ұғым мен халықтың күнделікті тұрмыс деңгейі арасындағы алшақтықтың сақталуы, ең алдымен, табиғи ресурстардан түсетін табыстың экономикада қаншалықты тиімді әрі әділ бөлініп отырғанына байланысты емес пе? Бұған не дейсіз?
– Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы немесе нашар деген мәселенің бәрі салыстырмалы түрде ғана айтылады. Әрине, соңғы екі жылда инфляцияның өсу қарқынының жоғары болуына байланысты халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы өспеді. Бұл айтылып отырған мәселені үкімет басшылары да жақсы біледі. Бірақ осы мәселені дұрыс жолға қою үшін көп шара атқарылуы қажет. Қазір қоғамдағы ең басты мәселе – бағаның өсуін шектеу. Егер халықтың жалақысын көтере берсек, бағаның өсуіне ықпал етеді. Сондықтан Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің де жоғары болуы, жалақыны тежеп отырғаны, қосымша құн салығының өсуі, бәрі әлеуметтік жағдайға кері әсерін тигізуде. Ең алдымен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Қазір, Үкімет, Ұлттық банк басшылығы бағаны тұрақтандыруды негізгі басымдық ретінде ұстап, инфляциямен күресуге үлкен күш салуда. Баға өсуін шектеудің бірден-бір жолы – қатаң ақша несие саясатын жүргізу. Бұл базалық мөлшерлемеге қатысты. Екінші, баға тұрақты болсын десек, энергетикалық ресурстар бағасы, коммуналдық тариф құны көтерілмеуі тиіс. Біраз уақыт тарифтің өспеуіне мораторий жарияланғаны белгілі. Бұл қысқа мерзімде нәтиже беретін шешім емес, бұған да араға уақыт салып келеміз.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы