Қоғам

Жалған ақпарат айтқан депутат жазалануы мүмкін

Құрылтай депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттары мен сөйлеген сөздерінде тек тексерілген және шынайы ақпарат ұсынуға міндетті. Бұл талапты бұзу депутаттық әдеп нормаларын сақтамау ретінде қарастырылады. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева брифингте мәлімдеді.

Фото: Ақорда

Оның айтуынша, депутаттар қандай да бір мәселе бойынша нақты дерек келтірген кезде оның дұрыстығына көз жеткізуі керек. Ал шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет тарату депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің қарауына жіберіледі. Кеңес заңда белгіленген тәртіппен тиісті шара қолданады.

Жаңа заңға сәйкес, депутаттық әдепті бұзғандарға бірнеше тәртіптік жаза қарастырылған. Олардың қатарында ескерту (порицание), көпшілік алдында кешірім сұрату, бір немесе үш отырыста сөз бермеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру бар.

Еспаева депутаттың әріптестеріне немесе басқа адамдарға қатысты негізсіз ескерту жасап, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздер айтуы да әдеп бұзушылық болып саналатынын атап өтті.

Вице-спикердің сөзінше, депутаттық әдеп талаптары тек Құрылтай отырыстары мен жұмыс барысына ғана қатысты емес. Депутат қызметтен тыс уақытта да өзін жоғары моральдық талаптарға сай ұстауы тиіс.

«Депутат жоғары моральдық ұстанымы бар адам болуы керек. Сондықтан оған қойылатын талаптар жұмыс орнында ғана емес, одан тыс жерде де сақталуы тиіс», – деді Дания Еспаева.

Сайт Әкімшілігі