Жамбыл Артықбаев, этнограф: Аралас неке қазақта бұрыннан бар
Қоғамда аралас некеге қатысты пікір әртүрлі. Біреулер мұны ұлттың түп-тамырына балта шабатын құбылыс деп бағаласа, енді бірі оны жаһандану дәуіріндегі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын табиғи процесс ретінде қабылдайды. Әсіресе жастар арасында ұлтына емес, адамның жеке қасиетіне, дүниетанымы мен өмірлік ұстанымына мән беру үрдісі күшейіп келеді. Дегенмен аралас неке мәселесі тек екі адамның тағдыры ғана емес, ол ұлттық болмыс, тіл, дәстүр және ұрпақ тәрбиесі сияқты маңызды құндылықтармен де сабақтасады. Сондықтан бұл тақырып қоғамда әлі де қызу талқыланып, әртүрлі көзқарастың тоғысқан алаңына айналып отыр. Бұл жайт бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат тарағаннан кейін қайта қозғалды. Ал белгілі этнограф Жамбыл Артықбаев аралас некеден қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.
– Жамбыл Омарұлы, қоғамда аралас некеге қатысты түсінік екіұшты. Бірі мұны құптайды, енді бірі мүлдем қарсы. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл қазақ қызының шетелдікке тұрмысқа шығып жатқан алғашқы мысалы емес. Бұған дейін де қаншама қаракөз қыздар кетті, әлі де бұл үдеріс тоқтамайтын сияқты. Ал енді «Жәкішевтің қызы Лондонда нигериялық азаматқа тұрмысқа шықты» деген жаңалықтан кейін әлеуметтік желі күш алып, төрт-бес күннен бері талқылап жатыр. Мәселе – белгілі бір текті әулеттің қызының қара нәсілді азаматқа тұрмысқа шығуына қатысты.
Жалпы, біз қызық халықпыз ғой. Қызбаланы шетелге «шығарып» жатқан өзіміз емес пе?! Ол жақта жетістікке жетіп, бір қызметке орналасса, бөркімізді аспанға атып қуанамыз, ал тұрмысқа шықса, жатып келіп ренжиміз. Кешегі күні Назарбаевтың тұсында сол қыздың әкесі қазақтың ұлттық мүддесін қорғағаны үшін Путиннің тапсырмасымен түрмеге түскенде оған араша сұраған жан болмады, енді келіп намысымыз қозады. Яғни бізде ұлттық намыс аз, тұрмыстық ұлтшылдық (casual nationalism) жоғары. Біздің ұлттық сапамызды анықтаудың төте жолының бірі осы тақырып. Қалай дегенмен де, біз ашық қоғамбыз. Бәрібір бір-бірімізбен араласамыз. Аралас неке болмай қоймайды. Бірақ мәселе – қыздарымыз жақсы, текті жерге баруы керек. Ал бұл жағына келгенде өзіміз де керемет болмай тұрмыз, ұтылып жатқанымыз да сондықтан. Қазақ қызы құнды болу үшін қоғам құнды болуы керек.
– Десек те, бүгінгі таңда ұлттық сәйкестікті анықтайтын басты өлшем этникалық тегінен бұрын, отбасы берген тәрбие, тіл мен мәдени құндылықтар емес пе?
– Әрине, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бұл мәселеде отбасы тәрбиесінің орны ерекше. Аралас неке туралы сөз қозғағанда, жауапкершілікті тек жастардың таңдауына артып қою дұрыс емес. Бұған әлеуметтік орта, мемлекеттік саясат, отбасы институтының беріктігі секілді көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, қазір қоғамда Мұхтар Жәкішевтің отбасының тағдыры жиі талқыланып кетті. Ол сотталғаннан кейін отбасы ыдырап, жұбайы балаларын алып шетелге қоныс аударды. Мұндай жағдайда мәселені бір адамның кінәсінен ғана іздеу әділ болмас еді. Әкенің бала тәрбиесіне ықпал ету мүмкіндігі шектелген кезде, оның салдары кейінгі ұрпақтың таңдауына да әсер етуі мүмкін. Жалпы, көптеген халықта ұлттың болашағы мен тұтастығын сақтауға ерекше мән беріледі. Мысалы еврейлер мен армяндар қыздарын тұрмысқа беру мәселесінде отбасының тектілігіне, әлеуметтік жағдайына, ұлттық мүддеге баса назар аударады. Бұл – олардың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық стратегиясының бір бөлігі. Сөйтіп, қыз алған жақ өмір бойы қызмет жасауға дайын.
Ал қазақ қоғамына келсек, аралас некенің көбеюіне әсер етіп отырған себептердің бірі – урбанизация үдерісі. Біз соңғы бірнеше онжылдықта қалалық ортаны қазақыландыруға күш салып келеміз. Қалада өскен қазақтың дүниетанымы мен өмір салты ауылдағы қазақтан өзгеше болуы заңдылық. Сондықтан бұл құбылысқа біржақты баға беру қиын. Дегенмен қандай жағдайда да ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ана тілін құрметтеу, салт-дәстүрді ұрпақ санасына сіңіру – қоғамның да, отбасының да ортақ міндеті. Ұлттың болашағы ең алдымен тәрбиеден басталады. Сондықтан мәселенің түйіні де жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайтуда жатыр.
– Қазіргі жаһандану дәуірінде аралас некенің көбеюі ұлттық мәдениет пен ұлттық болмыстың сақталуына қауіп төндіре ме, әлде бұл табиғи әлеуметтік процесс пе?
– Аралас неке белгілі бір деңгейден асып кеткен жағдайда ғана ұлттық мәдениет пен этникалық бірегейлікке әсер етуі мүмкін. Ғылыми әдебиеттерде барлық некенің шамамен 25 пайызы аралас неке болған кезде ұлттың күнделікті өмірін ұстап тұрған негізгі этникалық маркерлер – тіл, дәстүр, мәдени орта әлсірей бастайтыны айтылады.
Алайда Қазақстан әзірге мұндай шекке жеткен жоқ. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, еліміздегі аралас некелердің үлесі барлық некенің шамамен 18 пайызын құрайды. Ал қазақтардың өз ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен: қазақ ер азаматтарының 6,9 пайызы, қазақ қыздарының 5,7 пайызы өзге этнос өкілдерімен шаңырақ көтерген. Демек, қазіргі жағдайды қазақ ұлты үшін алаңдатарлық деңгей деп айтуға негіз жоқ.
Салыстырып қарасақ, аралас неке үлесі Қазақстандағы орыс тұрғындары арасында әлдеқайда жоғары – ерлерде 30,7 пайыз, әйелдерде 35,6 пайыз. Ал өзбек қауымында бұл көрсеткіш тиісінше 15,7 және 17,2 пайызды құрайды. Мұндағы «орыс» және «өзбек» атауларын шартты түрде қолданып отырмын. Өйткені бүгінгі этникалық құрам тарихи көші-қондар мен араласу үдерістерінің нәтижесінде біршама күрделенген.
Қазақстандық өзбектердің аралас некеге қазақтарға қарағанда жиірек баруын бірнеше фактормен түсіндіруге болады. Біріншіден, өзбек отбасыларында неке мәселесіне көбіне прагматикалық тұрғыдан қарау басым. Яғни болашақ жар таңдауда әлеуметтік тұрақтылық пен отбасының әл-ауқаты маңызды орын алады. Махаббат іздеп, басын тау-тасқа соғып жүрмейді.
Екіншіден, өзбек қауымы қай ортада өмір сүрсе де өзінің тілін, салт-дәстүрін және мәдени ерекшеліктерін сақтауға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан аралас неке жағдайында да ұлттық құндылықтарды жоғалтып алмау тетіктері жеткілікті деңгейде жұмыс істейді.
Жалпы алғанда, аралас некенің өзі ұлттық мәдениетке тікелей қауіп төндіреді деу дұрыс емес. Негізгі мәселе – отбасы ішінде ана тілінің қолданылуы, ұлттық дәстүрдің сақталуы және ұрпақ тәрбиесіне қандай құндылықтардың негіз болатынында. Ұлттың болашағын айқындайтын басты фактор да осы.
– Кей адам аралас некені ұлттың әлсіреуі деп қабылдайды. Бұл пікірдің тарихи және этнографиялық негізі бар ма?
– Этнограф ретінде аралас некеге түбегейлі қарсы емеспін. Бұл құбылыс қазақ қоғамында бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да кездеседі. Өмірдің табиғи заңдылықтарына, адамдардың өзара қарым-қатынасына тосқауыл қою мүмкін емес. Алайда мәселе аралас некенің өзінде емес. Негізгі түйткіл – қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретінде өзінің ұлттық бірегейлігін толық қалыптастырып үлгермеуінде. Ұлттық бірегейлікті айқындайтын бірнеше негізгі фактор бар. Өкінішке қарай, олардың барлығы бізде толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ.
Ең алдымен бұл – тіл мәселесі. Көпшілік мемлекеттің болуы, саяси және экономикалық тәуелсіздік, мемлекеттік рәміздер ұлттың басты белгісі деп есептейді. Әрине, олардың маңызы зор. Бірақ ұлтты ұлт ететін ең басты арқау – тіл. Тіл арқылы дүниетаным, тарихи жады, мәдени код ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Қазақстанда тілдік бірегейлікті қалыптастыру үдерісі жүріп жатыр, бірақ ол баяу қарқынмен жүзеге асуда. Бұл мәселенің толық шешілуі үшін әлі де кемінде бір ұрпақтың, яғни 25-30 жылдың уақыты қажет болуы мүмкін.
Екінші маңызды мәселе – мәдениет, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып. Кез келген қоғамның мәдениеті адамдарға ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіретін моральдық бағдар болуы тиіс. Егер қоғам өз жастарына дұрыс құндылықтарды көрсете алмаса, жақсы мен жаманды ажыратудың ортақ өлшемін қалыптастыра алмаса, онда түрлі қайшылықтар мен түсініспеушіліктердің туындауы заңды құбылыс.
– Демек, біздің заманда аралас некенің алдын алу мүмкін емес пе?
– Мүмкін емес. Бірақ біз үшін маңыздысы – қазақ жастарының қай ортаға барса да өз құндылығын жоғалтпауы, саналы таңдау жасауы. Қазақ қызы да, қазақ жігіті де білімді, тәрбиелі, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы керек. Сонда олардың таңдауы да сапалы болады.
Ең бастысы, аралас некеден туған ұрпақтың жүрегінде қазаққа деген құрмет пен жақындық сақталуы тиіс. Қазақтың «жігіттің үш жұрты бар» деген нақылы да туыстық пен тектілік ұғымының кеңдігін көрсетеді. Сондықтан мәселені тек қан тазалығымен емес, рухани сабақтастықпен өлшеген жөн. Жалпы, тілдік тұтастығы толық орнықпаған, мәдени бағдарлары әлі де жүйелену үстіндегі қоғамның ұлттық сапасы туралы үлкен әңгіме айту қиын. ХІХ-ХХ ғасырларда халқымыз ашаршылықты, қуғын-сүргінді, түрлі тарихи зобалаңдарды бастан өткерді. Соның салдарынан көптеген зиялы әулеттер мен табиғи элита жоғалды. Бұл тарихи жараның салдары бүгінгі қоғамда да сезіледі. Сондықтан қазіргі кезеңдегі басты міндет – санның емес, сапаның мәселесіне назар аудару, ұлттық құндылықтарды жаңа заман талаптарына сай жаңғырту және оларды жас ұрпақтың бойына сіңіру.
– «Сапалы ұлт» ұғымын қалай түсінесіз? Ұлттың сапасын анықтайтын басты өлшемдер қандай?
– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан текті әулеттердің аз да болса сақталған өкілдерінің бір бөлігі елден кетіп жатыр. Бұл жай ғана көші-қон мәселесі емес, ұлттың интеллектуалдық, мәдени және рухани әлеуетіне қатысты маңызды құбылыс. Қазақ «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дейді. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Өйткені мықты әулеттер бір немесе екі буынның ғана еңбегімен қалыптаспайды. Олар ондаған, тіпті жүздеген жылдарға созылған табиғи және әлеуметтік сұрыпталудың нәтижесінде пайда болады. Белгілі бір әулетте білімге ұмтылу, еңбекқорлық, жауапкершілік, көшбасшылық қасиет, ұлтқа қызмет ету секілді құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Сондықтан мұндай отбасылардың қоғамдағы орны мен рөлін жоққа шығаруға болмайды.
Қазіргі әлемде бәрінің теңдігін дәріптейтін эгалитаризм қағидаты кең таралған. Әлеуметтік тұрғыдан бұл қағиданың оң тұстары бар. Адамдардың заң алдындағы теңдігі, әлеуметтік мүмкіндіктердің ашық болуы – өркениетті қоғамның маңызды белгісі. Бірақ ұлттың ұзақ мерзімді сапалық дамуы тұрғысынан қарағанда мәселе әлдеқайда күрделі. Себебі кез келген қоғамда білімді, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары ортаның қалыптасуы мен сақталуы ерекше маңызға ие. Мәселен, Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю елдің болашағын адам капиталы арқылы қалыптастыруға ерекше мән берді. Ол жастардың білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, мәдениеті қалыптасқан адамдармен отбасы құруының маңызын бірнеше рет айтқан. Бұл жерде мәселе адамның әлеуметтік мәртебесінде емес, ұрпақ тәрбиесіне әсер ететін орта мен құндылықта жатыр. Қазақтың «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» деген нақылы да осы ойды меңзейді. Яғни өмірлік жар таңдағанда тек сыртқы келбетке, уақытша қызығушылыққа немесе материалдық жағдайға ғана емес, адамның тәрбиесіне, білім деңгейіне, шыққан ортасына және дүниетанымына да назар аудару қажет.
– Өкінішке қарай, біз дамыған мемлекеттердің тәжірибесін үлгі ету туралы көп айтамыз. Бірақ сол елдерді табысқа жеткізген негізгі ұстанымдарды өз өмірімізге енгізуде көбіне әлсіздік танытамыз. Неге?
– Иә, мұның нәтижесінде қоғамда сан мен сапаның арақатынасы туралы мәселе жиі көтеріледі. Халық санының өсуі маңызды болғанымен, кез келген ұлттың болашағын оның сапалық көрсеткіштері айқындайды. Білімді, жауапты, мәдениетті, ұлттық құндылықтарға адал азаматтар көбеймейінше, сандық өсімнің өзі түбегейлі нәтиже бере бермейді.
Жалпы, аралас неке төңірегіндегі пікірталастардың түпкі мәні де осы мәселеге келіп тіреледі. Біз көбіне «қыздарымыз жатқа кетіп жатыр», «жігіттеріміз өзге ұлттан жар алып жатыр» деп эмоцияға берілеміз. Алайда мәселені тек осындай ұрандармен шешу мүмкін емес. Себебі аралас неке – қазіргі жаһандану заманында табиғи түрде болатын әлеуметтік құбылыс. Оған тыйым салу немесе оны толық тоқтату мүмкін емес. Сондықтан басты сұрақ аралас некенің бар-жоғында емес, оны ұлттың мүддесіне қалай қызмет еткізе алатынымызда болуы тиіс.
Егер қазақ өз тілін сақтай алса, ұлттық мәдениетін қадірлесе, салт-дәстүрін ұрпағына жеткізсе, онда аралас некеден туған балалар да қазақ мәдени кеңістігінің ажырамас бөлігіне айнала алады. Әлемде мұндай мысалдар аз емес. Көптеген халықтар өздерінің мәдени ықпалын сақтай отырып, аралас некеден туған ұрпақты да ұлттық ортаға тарта білген. Сондықтан түпкі мәселе қанда емес, мәдениетте, тәрбиеде және құндылықтар жүйесінде жатыр. Ал егер біз өзіміз ана тілімізді құрметтемесек, ұлттық дәстүрлерімізді сақтамасақ, балаларымызға ұлттық дүниетанымды үйретпесек, онда мәселенің себебін өзгеден іздеудің қажеті жоқ. Ұлттық бірегейлік ең алдымен отбасында қалыптасады. Баланың кім болып өсуі көбіне мектептен бұрын үйдегі тәрбиеге байланысты.
Сондықтан сапалы ұлт қалыптастыру әр шаңырақтан басталады деп есептеймін. Әр отбасы қазақ тілінің жанашырына, ұлттық мәдениеттің қорғаушысына, салт-дәстүрдің жалғастырушысына айналуы керек. Ұлттық құндылықтарды сақтаудың ең тиімді жолы – оларды күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Сонда ғана ұлттық бірегейлік нығаяды, қоғамның сапасы артады.
Демек, аралас неке туралы әңгімені қорқыныш пен үрей тұрғысынан емес, ұлттық сапа тұрғысынан қарастырған жөн. Егер біз сапалы, білімді, мәдениеті жоғары, өз тамырын білетін ұлт қалыптастыра алсақ, онда кез келген жаһандық үдерістің ішінде өз болмысымызды сақтап қала аламыз. Ал мұның бастауы мемлекеттен бұрын отбасыдан, әр ата-ананың өз баласына берген тәрбиесінен басталады. Ұлттың ертеңі де, сапасы да, ең алдымен, ошақ қасында қалыптасады.
– Қазақ халқының құда болуындағы «жеті ата», «рулас болмау» сияқты дәстүрлері қазіргі аралас некелер жағдайында қалай түсіндіріледі?
– «Жеті атаға дейін қыз алыспау» қағидасы – қазақ өркениетінің ең озық әлеуметтік институтының бірі. Көпшілік оны тек дәстүр немесе салт ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, бұл халықтың биологиялық саулығын, әлеуметтік тұтастығын және туыстық жүйесін сақтауға бағытталған ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық тетік. Қазақ қоғамында адамның кім екені тек өзімен емес, оның шыққан тегімен, руымен, жеті атасымен өлшенген. Сондықтан әр қазақ өз шежіресін біліп өсті. Бұл, бір жағынан, жақын туыстар арасындағы некенің алдын алса, екінші жағынан, халықтың генетикалық қорын нығайтуға қызмет етті.
Бүгінгі ғылым да жақын туыстар арасындағы некенің түрлі генетикалық қауіптер туғызатынын дәлелдеп отыр. Ал аралас некелер жағдайында жеті ата қағидасы бұрынғыдай толық көлемде қолданылмайды. Себебі басқа этностардың көпшілігінде қазақтағыдай ру-шежіре жүйесі жоқ. Дегенмен бұл дәстүрдің негізгі мәні жоғалған жоқ. Оның түпкі мақсаты – ұрпақтың саулығын сақтау, отбасы институтының жауапкершілігін арттыру және адамның өзінің тарихи тамырын ұмытпауына жағдай жасау. Сондықтан жеті ата дәстүрін бүгін тек неке мәселесімен шектеп қарауға болмайды. Бұл қазақтың тарихи жадының бір бөлігі. Өзінің жеті атасын білетін адам өз халқының тарихымен де, мәдениетімен де тереңірек байланыста болады. Ал ұлттық жады сақталған жерде ұлттық бірегейлік те сақталады. Сол сияқты қазақ жігіттері жауапкершілікті сезініп, «Бұл – менің қоғамым, менің қарындасым» дейтін түсінік қалыптасса деймін. Өкініштісі, бұлай емес. Бұл жерде қыздарды да кінәлай беруге болмайды.
– Болашақта аралас некенің көбеюі Қазақстанның этномәдени келбетіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Аралас некелердің көбеюі – жаһандану дәуіріндегі табиғи құбылыс. Қалалану үдерісі, білім алу, еңбек миграциясы, халықаралық байланыстардың артуы әртүрлі этностар арасындағы қарым-қатынасты күшейтіп отыр. Сондықтан аралас некенің саны болашақта белгілі бір деңгейде өсе береді деп ойлаймын. Бірақ бұл үдерістің нәтижесі ең алдымен мемлекет құраушы ұлттың мәдени және тілдік әлеуетіне байланысты болады. Егер қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қызмет атқарып, қазақ мәдениеті тартымды әрі ықпалды бола алса, онда аралас некеден туған балалардың едәуір бөлігі қазақ мәдени кеңістігіне сіңеді. Мұндай жағдайды әлемнің көптеген елдерінен көруге болады.
Ал егер ұлттық мәдениет әлсіз болса, тілдің беделі төмендесе, онда аралас некелердің әсері басқаша болуы мүмкін. Бұл жағдайда адамдардың этникалық өзіндік санасы әлсіреп, мәдени ассимиляция күшейеді.
Сондықтан мәселе аралас некенің өзінде емес. Мәселе – қазақ қоғамының өз мәдениетін қаншалықты тартымды, өміршең және бәсекеге қабілетті ете алатынында. Ұлттық құндылықтар отбасында, мектепте, қоғамдық ортада жүйелі түрде насихатталса, аралас неке Қазақстанның этномәдени келбетіне қауіп емес, керісінше, мәдени алмасу мен қоғамның ашықтығын көрсететін факторға айналуы мүмкін.
Меніңше, алдағы онжылдықтарда Қазақстан көпэтносты мемлекет ретінде қала береді. Бірақ оның мәдени өзегін қазақ тілі мен қазақ мәдениеті құрауы тиіс. Сонда ғана жаһандану жағдайында да ұлттық бірегейлік сақталып, аралас неке қоғамның табиғи дамуының бір бөлігі ретінде қабылданады.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы