Live

Жамбыл облысында көкпардағы жанжал кезінде оқ атқан ауыл тұрғынына үкім шықты

Жамбыл облысында көкпар кезінде болған жанжалдан кейін аңшы мылтығымен оқ атқан ауыл тұрғынына сот үкімі шықты.

Фото: из открытых источников

Оқиға биыл қаңтар айында Кеңес ауылында болған. Ұлттық ойын – көкпар барысында екі ауыл тұрғыны сөзге келіп, жанжал төбелеске ұласқан. Алаңда келісе алмаған олардың бірі туысын көмекке шақырған.

Көмекке келген ер адам мәселені бейбіт жолмен шешуді көздемеген.

Үйінен мылтық алып келген

Сот мәліметінше, айыпталушы М. туысын ренжіткен адамнан кек алу үшін үйіне барып, заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшы мылтығын алып келген. Ол мылтыққа резеңке оқ салынған травматикалық патрон салып, қарсыласына оқ атқан.

Оқ атылғаннан кейін жиналған жұрт арасында дүрбелең туып, қоғамдық тәртіп бұзылған. Зардап шеккен азамат жеңіл дене жарақатын алған.

«Тайып кетіп, мылтық кездейсоқ атылып кетті»

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындағанымен, адамды әдейі көздегенін жоққа шығарды. Оның айтуынша, жерге тайып кеткен сәтте мылтық абайсызда атылып кеткен.

Сондай-ақ ол оқиғадан кейін жараланған азаматты өзі ауруханаға жеткізгенін айтты. Ал жәбірленуші сотта айыпталушыны кешіргенін және екеуінің татуласқанын мәлімдеді.

Сот қандай жаза тағайындады?

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал Қылмыстық кодекстің «Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабына сәйкес оған 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда сот мынадай жеңілдететін мән-жайларды ескерді:

өкінуі және тараптардың татуласуы;

тұрғылықты жерінен берілген оң мінездеме;

асырауында төрт кәмелетке толмаған баласының, жұмыссыз жұбайының және қарт ата-анасының болуы.

Сот үкімімен М. ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде бұл жаза шартты деп танылды.

Үкім заңды күшіне енді. Сотталған азамат пробациялық бақылауда бостандықта қалады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қылмыс көкпар