Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі 17 жылға сотталды
Жамбыл облысында аса ірі көлемде есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтау мен өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен оның екі мүшесіне үкім шықты.
Сот үкімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 17 жылға, ал оның екі сыбайласы 15 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылы Тараз және Алматы қалаларының полиция қызметкерлері Жамбыл облысы прокуратурасының үйлестіруімен ауқымды арнайы операция жүргізіп, аса ірі көлемде есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз сақтап, өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
Санкцияланған тінту барысында дәріханалардан:
364 ампула «Трамадол»;
1869 құты «Тропикамид»;
412 дана «Сомнол» таблеткасы;
72 дана «Димедрол» таблеткасы;
17,16 грамм «Оксивин» заты тәркіленді.
Полиция бұл препараттардың заңнамаға сәйкес айналымы қатаң бақыланатын күшті әсер ететін заттар қатарына жататынын атап өтті.
Аса ірі көлемде есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтау және өткізу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырған адамның Тараз қаласының 60 жастағы тұрғыны екені анықталды. Оған қатысты сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-бөлігі бойынша іс тергелген. Ал тағы екі күдікті ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және мұндай әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.