Live

Жарылыстан денесінің 90 пайызы күйіп қалған жұмысшыға Астанадан арнайы дәрігерлер жіберілді

Өскемендегі "Қазмырыш" кәсіпорнында болған апаттан ауыр жарақат алған қызметкерге көмек көрсету үшін Астанадан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының мамандары арнайы ұшақпен жіберіліп жатыр.

ТЖМ

 Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін бар күшін салуда.

Медицина мамандарының айтуынша, зардап шеккен қызметкердің денесінің 90 пайызы ауыр термиялық күйік шалған. Сонымен қатар тыныс алу жолдары мен көздері де қатты зақымданған. Қазір ол жансақтау бөлімінде, дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр.

Компания өкілдерінің мәліметінше, науқастың жағдайы «өте ауыр» деп бағалануда.

«Емді күшейту мақсатында республикалық деңгейдегі мамандарды тарту туралы шешім қабылданды. Жақын уақытта Өскеменге Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының дәрігерлері арнайы бортпен келеді», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін телемедицина арқылы консультация өткізілген. Астаналық дәрігерлер зардап шеккен адамды емдеудің әрі қарайғы тактикасын келіскен.

Қайғылы оқиға қалай болды?

"Қазмырыш" металлургиялық алаңындағы апат 5 мамыр күні таңертең болған. Алдын ала мәлімет бойынша, цехтардың бірінде жарылыс болып, соның салдарынан құрылыс конструкциясы опырылған.

Оқиға кезінде қауіпті аймақта 32 адам болған.

Апат салдарынан екі қызметкер қаза тапты. Тағы бес адам түрлі деңгейде жарақат алған. Олардың ішінде жағдайы аса ауыр науқасқа қазір Астанадан арнайы мамандар жіберілуде.

Оқиғадан кейін экологтар төтенше жағдай болған аумақта ауа құрамына шұғыл тексеру жүргізе бастаған.

Компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы көлемінде өтемақы төленетінін мәлімдеді.

Қазір оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Сайт Әкімшілігі