Жекешелендірілген «Атырау» футбол клубы бюджеттен 2,4 миллиард теңге алған
Инвестор қарауына өткен жекеменшік футбол клубы әлі де мемлекеттік қаржымен қамтамасыз етіліп отыр.
Белгілі болғандай, 17 сәуір күні «Атырау» футбол клубы төртінші әрекеттен кейін жекенің қолына өтті. Алғашқы үш сауда сәтсіз аяқталып, актив бағасы біртіндеп төмендей берген. Нәтижесінде клуб 77 миллион теңгеге сатылды. Ал бастапқы нарықтық бағасы 250,8 миллион теңге болған.
Команданы белгілі кәсіпкер Болат Қонарбайдың мүддесін таныстырған Айбек Тілеужан басқаратын «Caspian Football Group» ЖШС сатып алған.
Жекешелендіру шарттарына сәйкес, жаңа иесі 27 талапты орындауы тиіс. Соның ең негізгісі — үш жыл ішінде кемінде 1 миллиард теңгеге балалар футбол академиясын салу.
Бұдан бөлек, инвестор кәсіби әйелдер футбол командасын құруға, балалар мен жасөспірімдер арасында селекциялық жұмыс жүргізуге, стадион мен жаттығу нысандарын күтіп ұстауға міндеттелген.
Алайда клуб жекеге өткеннен кейін көп ұзамай «Атырау облыстық футбол командасы» ЖШС бір көзден алу тәсілі арқылы екі ірі тендерді жеңіп алған:
22 сәуір — «2026–2028 жылдары Атырау облысының футбол орталығының (балалар футболы) қызметін ұйымдастыру» бойынша 1,8 миллиард теңге көлеміндегі тендер;
23 сәуір — «2026–2028 жылдары Атырау облысының әйелдер құрамасының қызметін ұйымдастыру» бойынша 646,5 миллион теңге көлеміндегі тендер.
Екі тендердің де тапсырыс берушісі саналатын облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бөлінген миллиардтардың клуб иесінің инвестициялық міндеттемелеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Басқарма жауабында мемлекеттік сатып алулардың құқықтық сипаты бөлек екені және олардың қазіргі футбол орталығы мен әйелдер командасының қызметін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылған.
Атап айтқанда, бұл қаржы:
футбол орталығының жұмысын ұйымдастыруға (жаттығу процесі, жарыстарға қатысу, жаттықтырушылар мен әкімшілік қызметкерлерді ұстау);
балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және спорт резервін дайындауға;
әйелдер футбол командасының қызметін қамтамасыз етуге;
клубтың үздіксіз жұмысына қажет әкімшілік, медициналық, техникалық және шаруашылық процестерді қаржыландыруға жұмсалатыны көрсетілген.
«Осылайша, аталған шығындар спорт инфрақұрылымын күтіп ұстау мен командалардың жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуге жатады», – делінген дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов берген жауапта.
Әкімдік те инвесторға қойылған 27 талаптың, соның ішінде балалар футбол академиясын салу міндетінің күшінде қалатынын растады.