Live

Жеңіс шыңында қалған Наговицинаның мәйітін түсіруге дрондарды пайдалану ұсынылды

Қырғызстандағы Жеңіс шыңында қалған ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның денесін таудан түсіру операциясына дрондарды пайдалану мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.

Фото: БАҚ

РИА Новости агенттігіне пікір білдірген компания өкілі мұндай операцияға техникалық мүмкіндіктері шегінде қатысуға дайын екенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, дрондарды әуеден барлау жүргізуге, таулы аймақтың жер бедерін зерттеуге, қажетті жабдықтарды жеткізуге және құтқарушылардың жұмысын үйлестіруге пайдалануға болады.

Алайда 7 мың метрден астам биіктікте дрон ұшыру өте күрделі. Мұндай биіктікте ауаның сиректігі құрылғының ұшу мүмкіндігін шектейді, төмен температура аккумуляторлардың жұмысына әсер етеді, ал қатты жел ұшуға кедергі келтіреді.

Маманның сөзінше, операцияны жоспарлау үшін алдымен Наговицинаның жатқан жерінің нақты координаттарын, жер бедерін, ауа райын және дрон ұшыруға болатын нүктелерді анықтау қажет.

Компания өкілі барлық жағдайды зерттемей тұрып, операцияның сәтті аяқталатынына кепілдік беру мүмкін емес екенін атап өтті.

Еске салайық, Наталья Наговицина 2025 жылғы 12 тамызда Жеңіс шыңынан түсіп келе жатып, шамамен 7200 метр биіктікте аяғын сындырып алған.

Оны құтқаруға бірнеше рет әрекет жасалғанымен, ауа райының қолайсыздығы мен биік таудағы күрделі жағдай операцияны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Құтқару әрекеті кезінде альпинистердің бірі қаза тапты.

27 тамызда Наговицина ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен деп танылды. Алайда оның денесі таудан түсірілген жоқ.

Бұған дейін Ресей альпинизм федерациясының өкілі Александр Яковенко Жеңіс шыңының ең күрделі бөліктерінен адамды эвакуациялау тәжірибесі альпинизм тарихында болмағанын мәлімдеген.

Әзірге Наговицинаның денесін түсіру операциясының қашан және қалай жүргізілетіні белгісіз.

Сайт Әкімшілігі