Жеңіс шыңында қалған ресейлік альпинист Наговицинаның мәйітін түсіру мүмкін емес
Қырғызстандағы Жеңіс шыңында қаза тапты деп болжанған ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның денесін таудан эвакуациялау іс жүзінде мүмкін емес.
Бұған 7 мың метрден асатын биіктік пен шыңға жетудің аса қиындығы себеп болып отыр.
Ресей альпинизм федерациясының классикалық альпинизм жөніндегі комиссиясының төрағасы, «Қар барысы» атағының иегері Александр Яковенко «КП-Пермь» басылымына Жеңіс шыңындағы жағдай туралы айтып берген. Өзі бұл шыңға үш рет көтерілген маман Наговицинаны мұндай биіктіктен эвакуациялау бастапқыдан-ақ мүмкін болмағанын айтады.
«Мен әуел бастан мұндай биіктікте ештеңе істеу мүмкін емес екенін айттым. Жеңіс шыңы Эверестен әлдеқайда қиын. 1950 жылдардан 2025 жылға дейін оған небәрі 909 альпинист көтерілген. Олардың 141-і екі-үш реттен шыққан. Осы уақыт ішінде 87 альпинист – 81 ер адам мен 6 әйел қаза тапты», – деді Яковенко.
Оның айтуынша, Наговицина бастаған топ көтерілерден шамамен бір апта бұрын Жеңіс шыңын бағындыруға екі ирандық альпинист әрекет жасаған. Екеуі де қаза болған.
Яковенко бұған дейін қаза тапқан альпинистердің денесін төменге түсірген жиырма шақты жағдай болғанын, алайда мұндай операциялардың барлығы 7 мың метрге дейінгі биіктікте жүргізілгенін атап өтті. Одан жоғарыда қаза болған көптеген альпинистің денесі әлі күнге дейін тау беткейлерінде жатыр.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі де Наговицинаның денесін 7 мың метрден астам биіктіктен эвакуациялау үшін қолайлы ауа райы, арнайы дайындықтан өткен альпинистер және тиісті авиациялық техника қажет екенін мәлімдеген. Ведомствоның хабарлауынша, Қырғызстанда мұндай авиациялық техника жоқ.
Наталья Наговицина 2025 жылғы 12 тамызда Жеңіс шыңынан төмен түсіп келе жатып, шамамен 7200 метр биіктікте аяғын жарақаттаған. 47 жастағы альпинист әйел шатырда жылы киім және азық-түлік қорымен қалған.
Оны құтқаруға бірнеше рет әрекет жасалғанымен, ауа райының қолайсыздығы операцияны жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Құтқару әрекеттерінің бірінде италиялық альпинист Лука Синигалья қаза тапқан.
2025 жылдың тамыз айының соңында құтқару жұмыстары тоқтатылып, Наталья Наговицина ресми түрде із-түзсіз жоғалған адам деп танылды. Оның шатырда өлер алдындағы хат қалдыруы мүмкін деген болжам да айтылған.
Биыл да Наговицинаның денесіне жету мүмкін болмайды. Жеңіс шыңына көтерілу маусымы аяқталған.