Жетісу облысында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғалар сотталды
Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен танымал "CVK" брендінің атын жамылған қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметіне тосқауыл қойылды.
Анықталғандай, ерлі-зайыптылар азаматтарға салынған қаражаттан табыс табуға уәде беріп, инвестициялық "пакеттер" деп аталатын өнімдерді сатып алуды ұсынған. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін ақшалай сыйақылар мен сыйлықтар түріндегі қосымша бонустар беруге уәде еткен.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан 21 салымшы зардап шекті.
Соттың үкімімен ерлі-зайыптылар ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі (қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.
Жетісу облысының прокуратурасы азаматтарды қаражат салу кезінде сақ болуға шақырады. Жоғары табысқа, кепілдендірілген пайдаға және жаңа қатысушыларды тартқаны үшін сыйақы беруге қатысты уәделер қаржы пирамидасының белгілері болуы мүмкін.