Әлеумет

Жетісу облысында сарбаз өлімінен кейін батальон командирінің орынбасары сотталды

Алматы гарнизоны әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаздың қаза болуына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Фото: ашық дереккөз

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 қыркүйекте болған.

Әскери прокуратураның мәліметінше, жеке құрам қаруға техникалық қызмет көрсету кезінде пулеметтен абайсызда оқ атылып кеткен. Соның салдарынан қатардағы жауынгер Сейтқали Ә. ауыр жарақат алып, көз жұмған.

Тергеу барысында әскери прокурорлар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттерді жүргізді.

Тексеру нәтижесінде батальон командирінің орынбасары қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені анықталды.

Атап айтқанда, ол алдыңғы күні өткен атыс жаттығуларынан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмаған. Соның салдарынан қару ұңғысында оқ қалып қойған.

Кейін дәл сол оқтың атылып кетуі сарбаздың өліміне себеп болған.

Сот үкімімен лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») бойынша кінәлі деп танылды.

Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сайт Әкімшілігі