Жетісуда 19 жастағы жігіт есірткінің ірі партиясын таратпақ болған
Жетісу облысында полиция есірткі заттарын заңсыз сақтап, таратты деген күдікпен 19 жастағы ер адамды ұстады.
Polisia.kz мәліметінше, жедел ақпаратты тексеру барысында Көксу ауданының Балпық би ауылында жанармай құю станцияларының бірінің маңынан Daewoo көлігі тоқтатылған. Көлік ішінде көршілес өңірдің 19 жастағы тұрғыны болған.
Тінту кезінде автокөліктен скотчпен оралған пакет табылған. Оның ішінен өткізуге дайындалған 310 орама ұнтақ тәрізді зат тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде олардың құрамынан есірткі және психотроптық заттар анықталған. Атап айтқанда, 65 грамнан астам мефедрон, 79 грамнан астам α-PVP және шамамен 17 грамм гашиш болған.
Осылайша, полицейлер есірткі заттарының ірі партиясының әрі қарай таралуына жол бермеді.
Күдікті қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тәркіленген заттардың қайдан алынғаны, оларды тарату арналары және істің өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.
Полиция есірткі заттарын заңсыз сақтау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.