Live

ЖИ жүргізуші іздейді: АҚШ-тағы қазақстандық стартап

АҚШ-тағы қазақстандық стартап

Фото ашық дереккөз

АҚШ-та жүк тасымалымен айналысатын компанияларға жүргізуші, механик пен диспетчер табуға көмектесетін Call2action.ai платформасын құрған қазақстандық кәсіпкер Ерсұлтан Жусакиновті біреу білсе, біреу білмес. Жасанды интеллектке негізделген сервис үміткерлермен әңгімелесу өткізіп, дағдыларын бағалайды және жұмыс берушіге лайықты кандидаттарды ұсынады. Жоба кадр іздеуден бастап қызметкердің жұмысқа кірісуіне дейінгі процестің 80 пайызын автоматтандырады.

"Қазақстанда табысты стартап құрып, кейін оны АҚШ нарығына шығарғысы келетіндер Американың мүлде басқа орта екенін ескере бермейді. Ол жақта бұрынғы жетістіктеріңнің өзі ештеңеге кепіл болмайды. Мұны өз тәжірибемнен түсіндім. Бірақ Америкада жобаңды іске асырсаң, оны кез келген елде дамыта аласың", – дейді 34 жастағы Ерсұлтан.

Фото Ерсұлтан Жусакинов/Тоқаев пен Ерсұлтан Жусакинов

Саудадан IT-кәсіпке дейін

Алматыда өмірге келген Ерсұлтан 16 жасында нәпақа табуға ұмтылып, сауда орталығында аниматор болып жұмысқа кіреді. Бірақ қарапайым отбасынан шыққан бозбала мұның тұрақты табыс көзі емес екенін ерте түсінеді. Ол ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепті тамамдаған соң, Қазақ-Американ университеті жанындағы колледжде, одан кейін Алматы энергетика және байланыс университетінде "Радиоэлектроника және байланыс" мамандығы бойынша білім алады. Оқуын аяқтағаннан кейін Air Astana компаниясына жұмысқа тұрса да, мұның да жалақысы отбасын асырауға жеткілікті бола қоймайтынын біліп, қосымша табыс іздейді.

Қытайға және басқа елдерге сапарлаған кезде сағат, әмиян сияқты ұсақ-түйек тауарлар әкеліп, интернет арқылы сата бастайды. Саудасы жүрген соң сауда орталығынан дүкен де ашады. Алайда табыстың басым бөлігі жалдау ақысы мен сатушының жалақысына кеткен соң, алты айдан кейін дүкенді тауарымен және жабдығымен бірге танысына сатып, шығынсыз шыққанына қуанады. Ал қалған ақшасын GiveMe.kz интернет-дүкенін дамытуға салады.

"Онлайн саудадағы жұмысым колл-орталықтың осал тұстарын көрсетті. Операторлар жиі ауысады, ал күнделікті міндеттердің көбі қайталана береді. 2020-2021 жылдары осы процесті автоматтандыру туралы ойлана бастадым. Нарықтағы өнімдер біз үшін тым қымбат немесе тар ауқымдағы бағытқа арналған еді. Сондықтан бизнес-процесті жақсы білетін екі әзірлеуші маман алғашқы бағдарламаны жасап шықты. Төрт айдан кейін бұрын 50 адам атқарған жұмысты 30 оператор орындай бастады. Сөйтіп, колл-орталықтардың жұмысын оңтайландыруға арналған Call2action.kz жобасы қалыптасты. Сервис клиенттерге акциялар мен жеңілдіктер туралы хабарлау, қоңырау шалу және кері байланыс жинау қызметтерін ұсынды. Клиенттері қатарында "Қазақтелеком", "Қазпошта", Choco холдингі, "Красное яблоко" сұлулық салондары желісі және "Ваш домофон" компаниясы болды. Біртіндеп технологиялық өнім негізгі бағытыма айналып, интернет-саудадан гөрі IT саласына көбірек көңіл бөлдім.

АҚШ-қа алғаш рет 2019 жылы бардым, одан кейін тағы бірнеше рет сапарладым. Сол елде технологиялық жоба құру ойы біртіндеп нақты мақсатқа айналды. AlchemistX акселерациялық бағдарламасына өтінім беріп, іріктелген 100 стартаптың қатарына ендік. Кейін 20 жеңімпаздың бірі болып, АҚШ-та алты ай жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Бағдарламаны Alchemist Accelerator, Silkroad Innovation Hub, Astana Hub, Өзбекстанның IT Park ұйымы және екі елдің цифрлық даму саласындағы мекемелері бірлесіп ұйымдастырды.

Алғашында қонақүй-мейрамхана саласына арналған өнімді сынап көрдік. Клиенттер қызығушылық танытқанымен, қызметке ақша төлеуге асықпады. Осыдан соң бізге кадр мәселесі өткір әрі оны шешуге кәсіпкерлер қаражат жұмсауға дайын саланы табу қажет болды. Сөйтіп, жүк тасымалы индустриясына назар аудардық", – дейді Ерсұлтан.  

Жүргізуші тапшылығы – стартапқа мүмкіндік

Америкалық жүк тасымалы қауымдастығының (ATA) дерегінше, АҚШ-та бұл салада шамамен 9 миллион адам еңбек етеді, оның 3,5-3,7 миллионы жүргізуші екен. Елдегі жүктің 70 пайыздан астамы автокөлікпен тасымалданады. Соған қарамастан, жүк тасымалдау компанияларының 90 пайыздан астамы – бірнеше жүк көлігі бар шағын кәсіпорындар. Олардың қажетті маман іздеу жүйесі көп жағдайда цифрланбаған. Яғни жүргізушіні таныстар арқылы немесе ауызша хабарландырумен табады. Біз үшін бұл технология арқылы шешуге болатын нақты мәселе еді.

Бір салалық іс-шарада жүк тасымалдау компаниясының өкілімен танысып, жобамызды таныстырдым. Келесі күні-ақ ол төлем жасап, жүргізуші іздеуге тапсырыс берді. Өнім әлі толық дайын болмаса да, стартаптың алғашқы клиенті осылай табыла кетті. Алғашқы екі компанияға айына 300-400 доллар тұратын жеңілдік тарифін ұсындық. Есесіне, нақты пайдаланушылардың пікірін алып, олардың қажеттілігіне қарай платформаны жетілдірдік.

Call2action.ai-дың алғашқы нұсқасын 2025 жылдың басында іске қостық. Инвестиция тарту үшін Алматыға оралып, сол жылдың қазан айында АҚШ-қа қайта келдім. Ол кезде стартап 500 мың доллар инвестиция жинаған болатын. MOST Ventures қоры 200 мың, Өзбекстанның бизнес-"періштелері" 100 мың, ал АҚШ-тағы жеке инвесторлар 200 мың доллар бөлді. Бұл қаражат өнімді дамытуға және команданы кеңейтуге жұмсалды.

Қазір жобада 15 адам жұмыс істейді. Соның ішінде Украинаның Сумы қаласында туған, 2022 жылы Калифорнияға көшкен Константин Пшеничный стартаптың тең құрылтайшысы әрі техникалық директоры болды. Командаға АҚШ-та он жыл тұрған, оның жеті жылын жүк тасымалы саласына арнаған   қазақстандық маман да қосылды. Оның тәжірибесі саладағы кадр жалдау ерекшеліктерін түсінуге көмектесті.

АҚШ-та жүк көлігінің жүргізушілері жұмыс орнын жиі ауыстырады. Бірі жалақыға мән берсе, енді бірі өзіне қолайлы бағытты немесе көлік түрін таңдайды. Кейде бір жүргізуші кетсе, бұл оның артынан тағы үш-төрт адамның жұмыстан шығуына себеп болады. Ал шағын компаниялар жүргізушіні көбіне таныстар арқылы іздейтіндіктен, тұрақты жұмыскер жинау қиынға соғады. Кадр тапшылығын АҚШ-та азаматтығы жоқ адамдарға коммерциялық жүргізуші куәлігін (CDL) алуға қойылған шектеулер де күрделендіріп отыр. Бұған дейін кейбір штаттарда жұмыс істеуге рұқсаты бар, бірақ азаматтығы немесе "жасыл картасы" жоқ адамдар да куәлік ала алатын. Жүк көлігін жүргізу ауыр жұмыс болғандықтан, жергілікті кадрларды тарту оңай емес. Осындай жағдайда жұмыс берушіге лайықты адамды жылдам тауып беретін технологияның маңызы артады.

Фото Ерсұлтан Жусакинов/1

Call2action.ai жұмысты жеделдетеді, шешімді адам қабылдайды

Жұмыс беруші платформаға қандай тәжірибесі бар жүргізуші қажет екенін енгізеді. ЖИ агенті стартап дерекқорынан сәйкес кандидаттарды таңдайды. Қазір базада 20 мың жүргізуші туралы мәлімет бар. Талапқа сай үміткерлердің дерегі кадр мамандары пайдаланатын CRM жүйесіне жіберіледі. Жүйе бастапқы байланыс пен сұхбатты автоматтандырады. Дегенмен жұмысқа қабылдау жөніндегі соңғы шешімді адам қабылдайды.

Біз үшін қызметкерді жұмысқа орналастыру ғана емес, оның кейін тұрақтап қалуы да маңызды. Сондықтан қызметкер жұмысқа кіріскен соң жүйе оның жағдайын бақылайтын сауалнама жүргізеді. Яғни "жұмысына көңілі тола ма, ұжыммен қарым-қатынасы қалай?" деген сұрақтарға жауап алады. Бұл мәліметтер адамның жұмыстан кету қаупін ертерек байқауға мүмкіндік береді. Платформа жүргізушінің бұрынғы тәжірибесі, соттылығы немесе жол-көлік оқиғалары туралы деректерді тексеру процесін де қолдайды.

Call2action.ai жазылым үлгісімен жұмыс істейді. Қызмет құны функцияларына қарай айына 500-1 500 доллар. Біздің есебімізше, дәстүрлі жолмен бір жүргізушіні жалдау 1 000-2 000 долларға түссе, платформаның көмегімен бұл шығынды 250-300 долларға дейін азайтуға болады. Жүк көлігі лизингке алынған жағдайда жүргізуші табылмаса да, компания ай сайынғы төлемді жасай береді. Сондықтан көліктің бос тұрған әр күні кәсіп иесіне шығын әкеледі.

Біз клиенттің көңілінен шығып, әр қызметкерді жалдауға кететін қаражатты азайтуды көздейміз.Бірақ сиқырлы таяқша емеспіз. Егер компаниядағы еңбек жағдайы нарықтағыдан нашар болса, жүргізуші тауып беру мәселені толық шеше алмайды. Қызметкерді ұстап қалу үшін жұмыс беруші жағдайды жақсарту қажет. Қазір жүргізушілердің өзіне де жұмыс беруші іздеуге мүмкіндік беретін функция дайындалып жатыр. Қосымша танысу сервисінің қағидатымен жұмыс істейді. Яғни жүргізуші өзіне ұнаған компанияны таңдап, таңдаулылар қатарына қосады және оның кадр қызметімен байланыса алады. Жүргізушілер үшін қызмет тегін болады. Ал платформа арқылы қызметкер жалдаған компания Call2action.ai-ға комиссия төлейді.

Клиенттер платформа арқылы 100-ден астам жүргізушіні жұмысқа алған. Жалдау уақыты үш есеге жуық қысқарды, ал кадр мамандары іздеуге, қоңырауларға жұмсайтын уақыттың шамамен 70 пайызын үнемдейді. Сұхбатты кейінге қалдырмай өткізу үміткердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін де арттырады. Мәселен, АҚШ-тағы MyProMovers компаниясына шұғыл түрде шамамен 15 жүргізуші қажет болғанда дәстүрлі рекрутинг бұл міндетті уақытында орындауға мүмкіндік бермеген. Ал Call2action.ai екі ай ішінде 1 610 үміткер туралы мәлімет ұсынған. Бір кандидат бойынша байланыстың орташа құны 1,48 доллар болған. Осы кезеңде ЖИ көмегімен 95 толық сұхбат өткізіліп, жүйе 52 кандидатты іріктеуден шығарса, тағы 55 үміткерді компанияның өзі қабылдамаған. Бұл мысал платформа тек есімдер тізімін бермей, кадр іріктеу процесін жүйелеуге көмектесетінін көрсетеді.

Біз әзірге кадр жалдау бағытына ғана назар аударамыз. Компаниялардың күнделікті операциялық жұмысына араласқымыз келмейді. Call2action.ai – HR-tech өнімі, күшіміз де осында. Алдағы уақытта платформаны Канада мен Мексика нарығына шығаруды, одан кейін қойма саласына бейімдеуді жоспарлап отырмыз. Бұл салада да жүргізушілерге, менеджерлер мен жүк тиеушілерге сұраныс бар.

Жүк тасымалы біз үшін үлкен нарыққа кірудің алғашқы қадамы. Ал алдағы мақсат – жұмысшы мамандық иелеріне арналған HeadHunter тәрізді платформаға айналу. Кремний алқабында ірі технологиялық компания құрып,  дамытқысы келетін отандастардың көбейгені қуантады. Мұндай жобалар артқан сайын, Қазақстаннан шыққан стартаптардың әлемге танылуына да жол ашылады.

Динара Мыңжасарқызы 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ЖИ жүргізуші