Жұманғарин ұлттық қордан қанша «жонады»?
Үкімет 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге шаққанда (ЖІӨ) 0,4 пайызға түсіреміз дейді. Қазір бұл көрсеткіш 2,5 пайыз, шамамен 4,6 трлн теңге.
Жұманғариннің жоспары қандай?
Өткен аптада Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2027-2029 жылға қатысты әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстырды. Сол жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда ел экономикасы 5 пайызға өспек. Бюджетке түсетін табыс 2027 жылы 19,9 трлн теңге болады. 2028 жылы бюджетке 21,7 трлн теңге, 2029 жылы 23,4 трлн теңге түсім түседі. Ал бюджет шығыны 2027 жылы 30,2 трлн теңге болса, 2028 жылы 29,4 трлн, 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.
Үкіметтің негізгі мақсатының бірі – бюджет тапшылығын біртіндеп қысқарту. Жоспар бойынша бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-нің 2,3 пайызы болса, 2029 жылға қарай 0,4 пайызға дейін төмендеуі тиіс.
Министр Серік Жұманғариннің сөзіне сенсек, мұнайдан түсетін кірісті есептемегендегі тапшылық та азаяды. Оның ЖІӨ-ге шаққандағы үлесі 2027 жылғы 5,3 пайыздан 2029 жылы 2,5 пайызға дейін төмендейді.
Сөйтіп, Ұлттық экономика министрлігі 2029 жылға қарай экономикамыздың дәуірлей түсетінін, бюджеттің тапшылығы азаятынын, қазынаның жыртығы жамалып, оған табыс әкелетін салалар дамитынын айтады.
Бюджет тапшылығы туралы сөз қозғалса, «Ұлттық қордан да қаражат алына ма?» деген сауал туындайды. Үкімет бұл жолғы жоспарында да Ұлттық қордан қаражат алудан бас тартпайды. «Болашақ ұрпақтың игілігіне» деп жиналып жатқан Ұлттық қордан алдағы екі жылда да қаражат алынады. Мәселен, маңызды нысандар мен жалпыұлттық жобаларға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт қарастырылған. Осы арада нысаналы трансферт дегенді түсіндіре кетсек, бұл – мемлекеттік маңызы бар жобаларға ғана салынатын қаражат. Бұл қаржыны үкімет өз қалауынша жұмсай алмайды.
Бұдан бөлек, бюджет ережесіне сәйкес Ұлттық қордан берілетін «кепілдендірілген трансферт көлемі» деген де бар. Осы кепілдендірілген трансферт ретінде 2027-2028 жылдары қордан 2,43 трлн теңге, 2029 жылы 2 трлн теңге алынады. Кепілдендірілген трансферт дегенді түсіндіре кетсек, бұл – мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайын тұрақты түрде аударылатын бекітілген ақша сомасы.Бұл қаражат жыл сайын, мұнай бағасының қандай болғанына қарамастан, бюджетті қолдау үшін міндетті түрде бөлінеді. Парламент бұл қаражатты бюджетке алу үшін жыл сайын «Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы» арнайы заң қабылдап, оның нақты көлемін бекітеді.
Трансферттер қорға қайта ма?
Көптің көкейінде «Ұлттық қордан алынатын осы трансферттер қайта ма?» деген сауал да бар. Негізінде, кепілдендірілген де, нысаналы да трансферттер Ұлттық қорға несие сияқты қайтарылмайды. Олар мемлекеттің қажеттіліктері мен инфрақұрылымын дамытуға біржола беріледі. Алайда трансферт несие ретінде қайтарылмаса да, оның қатаң есеп-қисабы болады. Егер бөлінген қаражат жыл соңына дейін толық игерілмей, жұмсалмай қалса, немесе Жоғары аудиторлық палатасының тексерісі кезінде мақсатсыз, заңсыз жұмсалғаны анықталса, онда үкімет ол ақшаны Ұлттық қорға міндетті түрде қайтаруы керек.
Ал енді «бюджеттің тапшылығын толықтыру үшін қордан шығып кеткен ақшаның орнын қалай толықтырамыз?» деген сауал да жиі қойылады. Қазақстанның Ұлттық қоры үнемі екі негізгі көз арқылы толығып отырады. Бірінші, мұнай секторынан түсетін салықтар, мұнай компаниялары төлейтін негізгі салықтар мен роялти тікелей Ұлттық қорға түседі. Бұдан соң инвестициялық табыстан түсетін қаражат бар. Қордағы ақша шетелдік құнды қағаздар мен акцияларға орналастырылып, одан жыл сайын миллиардтаған доллар пайыздық табыс түсіп отырады. Қордан шыққан қаражаттың орны осылай толығады.
Десе де, соңғы кезде сарапшылар Ұлттық қордан көсіп қаражат ала беруді доғару керектігін жиі айтып жүр. Бұл ретте ұлттық экономиканы көтеретін, өндіріс орындарын салу қажеттігін, Ұлттық қорды бюджетке көмекші құрал ретінде пайдалануды дағдыға айналдырмау керектігін айтып жүргендер баршылық.
Қарыз алып қарық боламыз ба?
Бюджет тапшылығын жабу үшін алдағы жылдары Ұлттық қор қаражатынан бөлек сырттан қарыз аламыз ба? Бұл ретте биылдың өзінде 2026 жылғы 29 маусымда Қазақстан Сенаты республикалық бюджет тапшылығын жабу және мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау үшін екі халықаралық қаржы ұйымынан жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенімен (шамамен 460-470 млрд теңге) қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады. Несие берушілер Халықаралық қайта құру және даму банкі 92,3 млрд жапон иен көлемінде сома берсе, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне 62,4 млрд жапон иені берілген. Екі несие де 11 жыл мерзімге, оның ішінде 5 жылдық жеңілдік кезеңімен берілді. Пайыздық мөлшерлеме иеннің ресми TONA эталондық ставкасына негізделген. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, Жапонияның қаржы нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер доллар немесе еуромен салыстырғанда әлдеқайда төмен, бұл несиені қайтару Қазақстан үшін тиімді болмақ. Бұл қаражат эко-энергетика, цифрлық нарық және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау реформалары аясында бюджеттің шығыстарын жабуға бағытталады.
Жалпы, 2026 жылдың ортасындағы ресми деректер бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңге, шамамен 79,2 млрд долларға тең. Егер бұған мемлекет кепілдік берген және басқа да міндеттемелерді қоссақ, бұл сома 40,9 трлн теңгеге жетеді. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 21-23 пайызы. Халықаралық қауіпсіздік нормалары бойынша (ЖІӨ-нің 50 пайызынан аспауы тиіс) әлі де қауіпсіз деңгей болып есептеледі. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, мемлекет сырттан емес, ел ішінен көп қарыз алады. Оның көлемі шамамен 30 трлн теңге. Бұл қарызды алу барысында үкімет ел ішінде мемлекеттік құнды қағаздар (облигациялар) шығарады. Оларды Қазақстанның екінші деңгейлі банктері мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сатып алады. Яғни мемлекет ақшаны өз ішіміздегі қаржы институттарынан пайызбен алып, бюджет тапшылығын жауып отырады. Сыртқы мемлекеттік қарыз есебі шамамен 17,2 млрд доллар немесе 8,3 трлн теңге делінеді. Бұл қарыз Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарынан және шетелдік нарықтарда еуробондтар (облигациялар) шығару арқылы қалыптасқан.
Ал негізінде жалпы сыртқы қарыз 181,8 млрд долларға жетті. Мұны үкімет былай түсіндіреді: бұл соманың мемлекетке тікелей қатысы жоқ. Бұл қарыздың 138 млрд доллары жеке секторлар мен компанияларға қатысты. Мысалы, Теңіз, Қашаған мұнай жобаларындағы компаниялардың Қазақстандағы өз еншілес кәсіпорындарына салған ішкі несиелері. Бұл миллиардтарды мемлекет немесе салық төлеушілер қайтармайды, оны жеке компаниялар өз табысы есебінен өздері өтейді.
«Қарыз алып мұратқа жетпейміз»
Алайда «Жас Алаштың» тұрақты спикері экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ үкіметтің бюджетті жоспарлау қабілетін қатаң сынайды. Оның пікірінше, Қазақстан қарызға тәуелді болып үйренбеуі керек. Бюджет тапшылығын жабу үшін жаңа қарыз алып, ол қарызды өтеу үшін тағы да қарыз алатын тұйық шеңберді бұзбасақ болмайды.
«Мемлекет өзінің нақты кірістеріне қарай өмір сүруді үйренбей, Ұлттық қор мен сыртқы несиелердің есебінен болашақ ұрпақтың ақшасын жеп қойып жатыр. Егер бұл динамика тоқтамаса, алдағы жылдары Ұлттық қордың қаржысы түгесіледі. Негізінде, бюджетті үнемдеу үшін Қазақстанның ішкі резервтері соның ішінде тиімсіз жұмсалатын имидждік, мемлекеттік бағдарламалардың шығындарын қазірден бастап қысқарту жеткілікті. Сондықтан сырттан тағы қарыз алып, оның пайызын төлеуге бюджеттен миллиардтарды шығындаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Қарыз алып мұратқа жетпейміз», – дейді экономист-ғалым.
Ал қаржыгер Расул РЫСМАМБЕТОВТІҢ сөзіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы мен мемлекеттік қарызын жұрт жиі шатастырады. Негізінде оның тек 9 пайызға жуығы ғана мемлекетке тиесілі. Қалған негізгі бөлігі жеке сектор мен трансұлттық корпорацияларға тиесілі, бұл көрсеткіштер сауатты басқарылса, қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірмейді.
«Сыртқы қарыздың өзі қалыпты көлемде болған жағдайда экономиканы дамыту үшін тиімді құрал бола алады. Өйткені ол шетелдік капитал тартуға, экономиканың өсуін және инфрақұрылымды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ал қарызды сауатты басқарған жағдайда ол қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірмейді», – дейді қаржыгер.
Сөйтіп, Ұлттық экономика министрлігі даму жоспарын жариялады. Болжамдарын айтты. Бюджеттің тапшылығын, инфляцияны қалай төмендететінін жіктеді. Инфляция да үкімет болжамының маңызды бөлігі. 2027 жылы бағаның өсуі 7,5-9,5 пайыз аралығында, ал 2028-2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Осылайша үкіметтің алдағы үш жылға қойған мақсаты – кірісті көбейтіп, шығынды бақылауда ұстап, бюджет тапшылығын азайту. Бұл жоспардың қаншалықты орындалатынын алдағы уақытта жаңа үкіметтің жұмыс барысына қарай таразылайтын боламыз. Әйтеуір таразы басын орындалмай қалған уәделер легі басып кетпесе болғаны.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ