Жұманғариннің кезекті «жаңалығы» әлеуметті өсіре ме, өшіре ме?
Келесі жылдан бастап әлеуметтік төлемдер қысқартылатын болды. Мұны премьердің орынбасары және ұлттық экономика министрі, «жаңалыққа үйір» Серік Жұманғарин мәлімдеді. Осылайша, үкімет «халыққа қамқорлық жасаудың» жаңа тәсілін ойлап тапқалы отыр.
2026 жылы Қазақстанда әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға бюджеттен 6,7 трлн теңге қаражат бөлінген. Енді 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге бөлінетін қаражаттың 860 млрд теңгесі қысқарады. Шенеуніктердің айтуынша, бұл – әлеуметтік көмекті азайту емес, оны «оңтайландыру».
Жұманғариннің көздегені не?
Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы алты жылда әлеуметтік төлемдер көлемі 3,3 трлн теңгеден 6,7 трлн теңгеге дейін өскен. Әрине, мұндай өсім мемлекет үшін ауыр жүкке айналған болуы да керек. Сондықтан үкімет енді халыққа ақшаны тікелей берудің орнына, оны білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларын жетілдіру арқылы ұсынбақ.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифинг барысында Серік Жұманғарин мемлекеттік бюджет шығындарының 50,2 пайызы әртүрлі әлеуметтік жәрдемақыларға жұмсалатынын хабарлады. Оның сөзінше, соңғы алты жылда әлеуметтік жәрдемақыларға жұмсалатын шығындар екі еседен аса өскен. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да екі есе артыпты. Жұманғариннің айтуынша, үкіметтің алдында қазір бұл төлемдерді оңтайландыру және оларға жұмсалатын шығындарды азайту міндеті тұр.
«Біз әлеуметтік жәрдемақылардың қажет жерге, яғни мұқтаж адамдарға берілуі туралы айтып отырмыз. Бұл әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін тоқтату туралы емес. Біз оларды оңтайландырып жатырмыз. Өйткені бұл төлемдер үй шаруашылықтарына мүлдем басқа жолмен жетуі керек», – дейді ол.
Вице-премьердің пікірінше, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым сияқты негізгі салаларға жұмсалатын шығындар қазіргі уақытта жеткіліксіз, бұл ЖІӨ-нің аз ғана пайызына тең. Олар бұл жағдайды әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру арқылы босатылған қаражатты қайта бөлу арқылы өзгерткісі келеді.
«Біз үнемдеген қаражатты адамдарға басқа арналар арқылы, яғни білім беру, денсаулық сақтау және ғылым арқылы қайтарғымыз келеді. Мақсатымыз – адам капиталын арттыру арқылы ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Бұл – мемлекеттік саясаттың мүлдем жаңа парадигмасы», – деп қосты ол.
Серік Жұманғариннің сөзінше, қазіргі уақытта бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызды азайту үшін фискалдық шоғырландыру жүріп жатыр. Осы мақсатта салық реформасын қоса алғанда, бюджет кірістерін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Дегенмен ол шығындарды да қысқарту қажет.
«Сондықтан келесі жылдан бастап, әлеуметтік жәрдемақылар бюджетіндегі шамамен 860 млрд теңге қандай да бір жолмен оңтайландырылып, мен айтқан салаларға қайта бағытталады. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау және ғылым арқылы халыққа қолжетімді болады. Бұл біздің елімізде адами капиталды арттыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады вице-премьер.
Яғни бұрын азаматтар жәрдемақыны өздері алып, өз қажетіне жұмсайтын болса, енді мемлекет олардың орнына не маңызды екенін өзі шешпек. Ақша қалтаға түспесе де, есесіне, адами капитал өседі деген үміт бар.
Халыққа қалай әсер етеді?
Бюджет тапшылығын азайту мен мемлекеттік қаржыны ретке келтіру жолында алғашқы құрбандықтардың бірі әлеуметтік шығындар екенін айттық. Ал енді бұдан не өзгереді? Бұл жаңалық халыққа қалай әсер етеді?
Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, базалық төлемдер сақталады. Зейнетақы, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақылар сияқты негізгі әлеуметтік міндеттемелер жойылмайды. Өзгерістер бірінші кезекте материалдық жағдайы жақсы, бірақ түрлі заңдық тетіктермен жәрдемақы алып келген азаматтарға қатысты болады. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тетігі өзгереді. Көмек тағайындауда тек қағаз жүзіндегі табыс қана емес, азаматтардың нақты шығындары, мысалы, ірі несиелерінің, қымбат мүліктерінің бар-жоғы есепке алына бастайды. Егер отбасының банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы қарыз сомасы жан басына шаққанда екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып кетсе, мемлекет АӘК беруден бас тартады. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы тұтынушылық мақсатқа 2 млн теңге несие алса, бұл сома отбасы мүшелеріне тең бөлінеді. Бұл сома жан басына 500 мың теңгеден келеді. Яғни көрсеткіш белгіленген шектен екі күнкөріс деңгейінен әлдеқайда жоғары болғандықтан, мемлекет бұл отбасын «әлеуметтік көмекке мұқтаж емес, ірі несиені төлеуге қауқарлы» деп таниды.
Айтпақшы, былтыр Жұманғариннің «қазақстандықтар несиені мұқтаждықтан емес, мүмкіндігі болғандықтан алады» деген сөзі де біраз талқыға түскен. Министрдің ойынша, егер адам несие алса, демек оны төлейтіндей жақсы табысы бар деген сөз. Осылайша, цифрлық отбасы картасы арқылы үкімет азаматтардың тек ресми табысын, жалақысын, жәрдемақысын ғана емес, олардың ай сайынғы несие төлемдерін де көре алады. Егер отбасы ай сайын үлкен көлемде несие жауып отырса, бұл олардың жасырын көлеңкелі табысы бар деген күдік тудырады.
Міне, осы жолғы әлеуметтік төлемдерге қарастырылған қаржыны оңтайландыруда осындай жаңалықтар қарастырылған.
Кімнен үлгі алдық?
Сала мамандары үкіметтің мұндай жаңалықтарды шетелдің үлгісімен жасағанын айтады. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың сөзіне сүйенсек, мәселен, АҚШ-тың әлеуметтік төлемдер жүйесі капиталистік экономикалық модельге сай құрылған. АҚШ-тың әлеуметтік саясатында әлеуметтік төлемдердің бәрі жұмыс істейтін адамдардың жалақысынан ұсталатын жарналар арқылы қаржыландырылады. «Әр адам өзіне жауапты» деген нарық қағидасы басым. АҚШ-та да мемлекет мінсіз қамқоршы емес.
Ал Норвегия, Швеция, Дания сияқты Скандинавия елдері, сондай-ақ Финляндия мен Исландия әлеуметтік қорғаудың ең дамыған үлгісін қалыптастырған мемлекеттер саналады. Бұл елдерде әлеуметтік қызметтер мен төлемдер азаматтардың табыс деңгейіне қарамастан қолжетімді. Жұмыссыз қалған адамдарға ұзақ мерзімді қолдау көрсетіледі, мүгедектік пен қарттыққа байланысты төлемдер жоғары деңгейде беріледі. Алайда мұндай жүйенің өзіндік құны да бар: азаматтар 30-55 пайызға дейін табыс салығын төлейді, жұмыс берушілер де жоғары әлеуметтік аударымдар жасайды. Есесіне, тұрғындар тегін медициналық қызметке, тегін жоғары білімге, ұзақ мерзімді ақылы декреттік демалысқа және сапалы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізеді.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның әлеуметтік саясаты осы модельдердің аралас жүйесіне көбірек ұқсайды. Маманның пайымдауынша, Қазақстандағы әлеуметтік төлемдерді Еуропа елдеріндегі төлемдермен салыстыру қиын. Өйткені олардың экономикасы әлдеқайда қуатты, өндірісі дамыған, бюджет кірістері жоғары. Сонымен қатар салықтан түсетін түсім көлемі де айтарлықтай көп. Сол қаржының тиімді бөлінуі әлеуметтік саясаттың жоғары деңгейде жүзеге асуына мүмкіндік беріп отыр.
Ал Қазақстанда бюджет тапшылығы мәселесі күйіп тұр, еңбек өнімділігі төмен, өндіріс саласының дамуы жеткіліксіз. Соның салдарынан кейбір отбасылар әлеуметтік төлемдерге тәуелді болып қалған. Әсіресе ауылдық жерлерде балаларына төленетін жәрдемақы негізгі табыс көзіне айналған жағдайлар кездеседі.
«Мысалы, төрт балаға төленетін төлем көлемін бесінші баланы өмірге әкелумен көбейтуге болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда әлеуметтік саясаттың мақсаты азаматтарды жәрдемақыға тәуелді ету емес, олардың экономикалық дербестігін арттыру болуы тиіс. Мұндай көзқараспен әлеуметтік саясаттың сапалы дамуы қиын», – дейді Айсұлу Молдабекова.
Маманның ойынша, әлжуаз топтарға, қоғамның осал топтарына, әрине, мемлекет тарапынан қолдау керек.Атаулы әлеуметтік көмектер мен әлеуметтік төлемдер сол үшін де беріледі. Бірақ ол төлемдерді алған сайын осы минималды кіріске де әбден сүйеніп алмауы керек.
Қызығын қашан көреміз?
Азаматтарды минималды кіріске, яғни бір ғана жәрдемақыға телміртпеудің жолы қандай? Бұған қатысты қазір бізде түрлі әлеуметтік бағдарламалар, жобалар бар. Мамандарды қайта даярлау, басқа мамандыққа бағыттау тәрізді жаңалықтар қолданысқа еніп жатыр. Бірақ осының барлығы формалды түрде ғана, яғни тек қағаз жүзінде қалып қойды.
Аналитик талдау және сараптау орталығының әлеуметтанушы маманы Меруерт Молдабаеваның сөзінен ұққанымыз, бізде әлеуметтік саясатты белсенді жүргізуге бағытталған бағдарламалар аз болған жоқ. «Жұмыспен қамту-2020», «Жол картасы-2020», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты жобалар халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруға тиіс еді. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көпшілігінің нақты нәтижесі қоғамға айқын көрінбейді. Мәселе – бағдарламалардың жоқтығында емес, олардың орындалу сапасында. Кей жағдайда қатысушылар қажетті талаптарды формалды түрде ғана орындап, төлем мен жеңілдікті алуға ғана күш салады. Кейін бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны туралы деректер де кездеседі. Мемлекеттік гранттар мен субсидиялардың да кейбір жағдайда нақты нәтиже үшін емес, есеп үшін игерілгені жасырын емес.
Бұған қоса кейбір жергілікті атқарушы органдар мен жұмыспен қамту орталықтары бөлінген қаржының толық игерілгенін көрсету үшін көрсеткіш қуалауға бейім. Соның салдарынан қағаз жүзінде бәрі мінсіз көрінгенімен, шынайы өмірде жаңа жұмыс орындары да, тұрақты табыс көздері де жұрт күткендей қалыптаспайды.
«Мысалы, кәсіпорын қызметкерлерді қайта даярлау үшін мемлекеттен қаржы алады. Алайда кей жағдайда жаңа маман дайындаудың орнына бұрыннан жұмыс істеп жүрген адамдарды «қайта оқыттық» деп рәсімдеп, есепті жаба салады. Нәтижесінде, мемлекет қаржы бөледі, есеп беріледі, көрсеткіш орындалады, бірақ нақты өзгеріс болмайды. Осылайша реформалар өмірде емес, есептер мен баяндамаларда жүзеге асып жатқандай әсер қалдырады. Ал халыққа ұсынылатын қолдау ұзақ мерзімді нәтиже беретін жүйеге емес, уақытша төлемдер мен науқандарға көбірек ұқсап барады. Соның кесірінен экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын құруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бөлінген миллиардтаған теңге құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып жатыр.Егер мемлекет белсенді әлеуметтік саясаттың мазмұнын емес, тек оның статистикасын жақсартумен айналыса берсе, онда кедейлікті азайту емес, оны заңдастырып алу қаупі бар. Мұндай жағдайда қоғам «кедейлік қақпанына» түсіп қана қоймай, одан шығудың жолын да жоғалтуы мүмкін», – дейді Меруерт Молдабаева.
Ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
Әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаржының 860 млрд теңгесін үнемдейтін Жұманғарин ұсынған жаңалықтан ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Мұны біз экономист-сарапшы Әсем Қасымхановадан сұрап көрдік.
Маманның айтуынша, үнемделетін 860 млрд теңге бюджет тапшылығын азайтуға және Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қысқартуға көмектеседі. Үнемделген ақша кейде заңсыз төленіп, желініп кететін жәрдемақы емес, ұзақ мерзімді жобаларға – жаңа мектептер, ауруханалар салуға, ғылым мен мәдениетті дамытуға жұмсалады. Бұл болашақта халықтың өмір сапасын арттырады. Үкіметтің «ұтамыз» деп отырған тұсы – осы.
Алайда ұтылатын тұсымыз – халықтың атқарушы билікке деген сеніміне селкеу түсіруі әбден мүмкін. Бұл арада, бірінші, нақты табысы аз, бірақ амалсыз күн көру үшін техника, киім-кешек немесе емделуге несие алған мыңдаған отбасы АӘК-тен, жәрдемақыдан қағылуы мүмкін. Бұл олардың жағдайын одан сайын қиындатады.
Екіншіден, жәрдемақыдан айырылған отбасы күнделікті тамағы мен коммуналдық шығындарын өтеу үшін банктерге емес, пайызы өте жоғары микроқаржы ұйымдарынан немесе таныстарынан қарыз алуға мәжбүр болады.
Үшіншіден, қоғамда «үкімет қарапайым халықтың ақшасын қысқартып жатыр» деген түсініспеушілік туындап, бұл әлеуметтік наразылық пен сенімсіздікті арттыруы мүмкін.
Төртіншіден,«Цифрлық отбасы картасы» немесе базалық жүйелер деректерді қате есептеп, техникалық ақаулардың кесірінен шын мәнінде көмекке мұқтаж жандардың да тізімнен шығып қалу қаупі бар.
«Бұл реформадан мемлекет ұзақ мерзімді перспективада ұтуды көздейді. Алайда қысқа мерзімді кезеңде табысы төмен және несиесі бар қарапайым халықтың бір бөлігі қаржылай соққы алып, ұтылуы мүмкін. Міне, «жаңалыққа үйірсек» шенеуніктер осыны да бір ескеріп қойғаны абзал», – деп ой түйіндеді сарапшы Әсем Қасымханова.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ