Live

Журналистер Украинадағы соғыста кемінде 227 мың ресейлік әскери қаза тапқанын мәлімдеді

Ресейдің Украинаға қарсы бастаған ауқымды соғысы барысында кемінде 227 мың 680 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан.

Фото: factor.am

 Бұл туралы «Медиазона» мен BBC-дің Орыс қызметі журналистері еріктілер тобымен бірлесіп, ашық дереккөздер негізінде жүргізген зерттеу қорытындысында мәлімдеді.

Мәліметке сәйкес, соғыс басталғалы бері 1577 күн өткен. Зерттеу авторлары бұл қақтығыстың ұзақтығы жағынан Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысу мерзімінен де, Бірінші дүниежүзілік соғыстан да асып түскенін атап өткен.

Қаза тапқандардың ең үлкен бөлігін келісімшарт негізінде немесе ерікті ретінде майданға аттанған әскери қызметкерлер құрайды. Олардың саны 83 мың 384 адамға жеткен. Сонымен қатар, 25 мың 662 бұрынғы сотталған азамат пен 19 мың 149 мобилизацияланған адамның қаза болғаны расталған.

Зерттеу авторлары Ресей армиясы мен өзге де күштік құрылымдар құрамында қызмет еткен 7,2 мыңнан астам офицердің қазасы туралы дерек жинаған. Олардың арасында 15 генерал бар. Атап айтқанда, бес генерал-лейтенант, жеті генерал-майор, екі отставкадағы генерал және Ресей жағына өткен Украина Қауіпсіздік қызметінің бір генералы қаза тапқандар қатарында көрсетілген.

Расталған шығындар саны бойынша Ресейдің Башқұртстан және Татарстан республикалары көш бастап тұр.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей армиясының шығындары жыл сайын артып келеді. Әсіресе 2023 және 2024 жылдары қаза болғандар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда кемінде екі есе көбейген. Ең жоғары көрсеткіштер көбіне желтоқсан айында тіркелсе, жаз мезгілінде салыстырмалы түрде төмендеу байқалған.

Сонымен бірге, қаза болғандар арасындағы офицерлер үлесі азайып келеді. Егер соғыстың бастапқы кезеңінде офицерлер жалпы шығынның шамамен 10 пайызын құраса, 2024 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 2–3 пайызға дейін төмендеген. Мамандар мұны соғыс тактикасының өзгеруімен және майданға тартылып жатқан қатардағы жауынгерлер санының көбеюімен байланыстырады.

Бұдан бөлек, «Медиазона» мен «Медуза» басылымдары мұрагерлік істер тізілімінің деректеріне сүйеніп жүргізген жеке есебінде Украинадағы соғыста қаза тапқан ресейлік әскери қызметкерлердің нақты саны шамамен 352 мың адамға жетуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: армия Ресей