Иран Трампқа жанама түрде өліммен қоқан-лоқы жасады

Иранның ықпалды аятолласы Дональд Трампқа Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиға жасалған қоқан-лоқы исламда өлім жазасына тең екенін ескертті.
Бұған дейін Трамп Хаменеи туралы “жеңіл нысана” деп айтып, бірақ АҚШ әзірге оны өлтіруге ниетті емес екенін мәлімдеген еді.
29 маусым күні ирандық ықпалды діни тұлға Насер Макарем Ширази діни сұхбатында былай деді:
«Ислам билігіне шабуыл жасайтын немесе оның діни көшбасшысына қауіп төндіретін тұлғалар мен режимдер “мохареб” – яғни Аллаға қарсы шыққандар қатарына жатады. Мұндай адамдар ислам заңдары бойынша жауапқа тартылуы тиіс».
Ол Трамптың есімін нақты атамағанымен, оның Хаменеи туралы айтқан сөзіне жауап ретінде осындай түсіндірме келтірді.
Сонымен қатар Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-Раванчи АҚШ ядролық келіссөздерді қайта бастағысы келсе, Иранға жасалатын шабуылдарды тоқтатуы керек екенін айтты.
«Құрама Штаттар тарапынан бізбен келіссөзге дайын екені жөнінде араағаштар арқылы хабар түсті. Бірақ олар шабуыл мәселесіне қатысты нақты позициясын білдірмеді», - деді ол.
Иран бейбіт мақсаттағы уран байыту құқығынан бас тартпайтынын мәлімдеді.
«Уран байыту деңгейі мен қуаты талқылануы мүмкін. Бірақ “ешқандай байытуға құқыңыз жоқ, келіспесеңіз, бомбалаймыз” деу – бұл джунгли заңы», - деп атап өтті Тахт-Раванчи.
Маусым айында Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға бұйрық берген. НАТО саммитінде ол Иранмен жаңа келіссөздер жүргізу жоспары барын айтқанымен, егжей-тегжейін ашпады.
27 маусым күні журналистердің “Иран уран байытуын жалғастырса, тағы да соққы жасайсыз ба?” деген сұрағына Трамп:
«Әрине. Мұнда сұрақ та жоқ. Біз бұны істейміз», - деп жауап берді.
Сондай-ақ, ол соңғы шабуылдар Иранның ядролық бағдарламасын бірнеше жыл артқа шегерді деп сендірді.