“Енді 10 жыл күте алмаймыз”: Қазақстанда аумақтық қорғаныс жүйесі құрылады

Бүгін Сенат «Аумақтық қорғаныс туралы» заңды мақұлдады.
Бұл заң еліміздің қауіпсіздік жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған және геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты қабылданған сақтық шарасы ретінде бағаланып отыр. Аталмыш құжат мобилизация кезеңінде басқару жүйесін енгізіп, азаматтардан ерікті жасақтар құруға мүмкіндік береді.
Жаңа заң не береді?
Азаматтарға өз үйін, инфрақұрылым нысандарын қорғау құқығы беріледі. Сонымен қатар, аумақтық қорғаныс жүйесіне армия, полиция, арнайы жасақтар мен еріктілер біріктіріледі.
Мемлекет қажет жағдайда тұрғындардың мүлкін, техникасын пайдалана алады, бірақ өтемақы төлеуі тиіс. Ал ірі кәсіпорындар төтенше жағдай кезінде өз нысандарын нығайтуға міндеттеледі.
Қорғаныс бірінші вице-министрі Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша:
«Бұл — алдын ала жасалып отырған қадам. Геосаяси жағдай өзгеріп жатыр. Біз тағы 10 жыл күте алмаймыз».
Басқару құрылымы қандай болады?
- Өңірлік деңгейде аумақтық қорғаныс жұмыстарына әкімдер басшылық етеді.
- Ал жаппай қорғаныс жиындарын өткізу туралы шешімді тек Президент қабылдайды.
Әлеуметтік желіде бұл заңның соғысқа дайындық белгісі ретінде қабылданғаны байқалады.