Сот «Қазақ тазысы» тұқымына берілген патентті жарамсыз деп тапты

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «Қазақтың тазы ит тұқымына» берілген патенттің заңсыз берілгенін растап, оны жарамсыз деп таныды.
Бұл шешім отандық кинология саласында қызу пікірталас туғызып отыр.
Соттың хабарлауынша, 2024 жылдың 30 желтоқсанында Зияткерлік меншік институты бір жеке тұлғаға «Қазақтың тазы ит тұқымы» селекциялық жетістігі ретінде патент берген. Алайда сот процесі барысында бұл шешімнің патент заңнамасына қайшы екені анықталған.
Сот мынадай негізгі себептерді атады:
- Патентке қабілеттілік талаптары бұзылған;
- Тұқым жаңалық ретінде қаралмайды;
- Тазы бұрыннан белгілі, қазақ халқының тарихи мәдени мұрасы болып табылады;
- Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған ит тұқымы екені дәлелденген.
Қазақ тазысы – ұлт қазынасы. Сот өз шешімінде: «Қазақ тазысы – қазақ халқының көне ит тұқымы. Ол жаңа тұқым ретінде танылмайды. Сондықтан оған патент беру – заңға қайшы», - деп атап өтті.
Мамандардың айтуынша, патент берілген жағдайда бұл ит тұқымын жеке адамның меншігі ретінде тіркеу қаупі туындайтын еді. Бұл өз кезегінде қазақ халқына ортақ ұлттық құндылықты жекешелендіруге жол ашар еді.
Қазақ тазысына берілген патент қоғамда кеңінен сынға ұшыраған болатын. Зоологтар мен этнографтар, сондай-ақ ұлттық мұраны қорғаушы белсенділер бұл шешімге қарсылық білдіріп, тазыны жекеменшік нысаны емес, халықтық мұра ретінде қорғауды талап еткен.
Соттың бұл шешімі – тек заң нормаларын қалпына келтіру ғана емес, ұлттық мұра мен тарихи әділеттілікті сақтау жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Қазақ тазысы – ата-бабамыздан қалған асыл тұқымды ит, ол ешкімнің меншігіне айналмауы тиіс.