100 млн теңге қарыз: Жеңіл атлетика федерациясының қаржылық дауына Ахметовтің қатысы жоқ

Кінәлі көмекшісі болып шықты.
Даниал Ахметов Жеңіл атлетика федерациясы президенті қызметінен кеткеннен кейін ұйымның 100 миллион теңгеден астам қарызға батқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл жағдайдың нақты себебі жақында белгілі болды.
Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында журналистер федерацияның осыншама берешекке қалай душар болғанын нақтылауға тырысты. Бұл сұраққа жауап берген Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы Ахметовтің бұл борыштарға еш қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Федерацияның айтуынша, қаржы мәселелеріне тікелей жауапты тұлға – Асхат Сейсембек. Ол ұйымның Бас хатшысы қызметін атқарып жүрген кезде қаржылық міндеттемелерді реттеумен айналысқан. Яғни, негізгі шешімдерді сол қабылдап отырған.
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы (ЖАФ) sportarena.kz редакциясына жолдаған ресми жауабында бұрынғы президент Даниал Ахметовтің ұйымның көп мөлшердегі қарыздарына қатысы жоқ екенін нақты көрсеткен. Федерацияның баспасөз қызметінің айтуынша, бұл қарыздарға жауапты адам – бұрынғы бас хатшы.
Қазіргі таңда федерация қарыздарды өтеу үшін бірқатар іс-шараларды қолға алған. Жауапты органдар мен жаңа басшылық қаржылық ахуалды тұрақтандыруға тырысып жатыр.
Федерацияның қазіргі бас хатшысы Келбет Нұрғазина:
«Иә, алдыңғы басшылықтан қалған қарыздар бар. Қазір бұл мәселе бойынша ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қарыздардың бір бөлігі жабылды. Қалғаны реттелу үстінде», - деді ол.
Сонымен, бұған дейін қоғамда туындаған күмән мен сұрақтарға федерация нақты жауап беріп, Даниал Ахметовтің атына түскен дақтарды сейілтті. Ал Асхат Сейсембектің әрекеттеріне қатысты тергеу жүргізіле ме, ол жағы әзірге белгісіз. Ол қазір Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының директоры.