Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:20

НАТО-ның жаңа тынысы, Украинаға тұрақты көмек және Трамптың бенефисі

Трамп
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

2035 жылға қарай НАТО елдері қорғанысқа ЖІӨ-нің 5%-ын бөлуі тиіс. 

Украинаға берілетін әскери көмек те қорғаныс шығындарына қосылады. Трамп саммитте өзін мақтап, Украина тақырыбынан айналып өтті.

Гаагада өткен НАТО саммитін альянс өкілдері «тарихи» және «бетбұрысты кезең» деп бағалады. НАТО бас хатшысы Марк Рютте 25 маусым күнгі қорытынды баспасөз мәслихатында бұл кездесуді «ұжымдық қорғаныстағы кванттық секіріс» деп атады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да саммитті «Трамп саммиті» деп атап, дәл осы АҚШ президентінің арқасында тарихи серпіліс жасалды деді: 2035 жылға қарай НАТО елдері қорғанысқа кемінде ЖІӨ-нің 5%-ын бөлуге міндеттелді (қазіргі деңгей – 2%).

Альянс елдерінің бұл қадамға не итермелегені жөнінде – Трамптың қысымы ма, әлде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы ма – саммит кулуарларында қызу пікірталас жүрді. Германия канцлері Фридрих Мерц:

«Бұл инвестициялар біреуге жағыну үшін емес, өз еркімізбен жасалып отыр. Ол – еркіндігімізге, қауіпсіздігімізге және өркендеуімізге салынған инвестиция», - деді.

Ал Рютте бұл жетістікті Трамппен тікелей байланыстырды:

«Трамп қайта сайланбаса, осындай нәтиже болар ма еді? Бұған дейін 7–8 ел ғана 2%-ға жетуді 2030 жылдарға жоспарлаған еді. Ал соңғы төрт-бес айда бұл көрсеткішке жақындап қалды. Демек, Трамптың еңбегі бар», - деді ол журналист сауалына жауап ретінде.

Саммитте Трампқа ерекше құрмет көрсетілді: ол Нидерланд король сарайында түнеді, саммиттің ресми бөлігі екі сағатқа қысқартылып, қорытынды декларация небәрі бес тармақтан тұрды.

Трамп қорытынды баспасөз мәслихатында одақтастардың шешімін «Гаага қорғаныс келісімі» деп атап, жетістікті өз атына жазды.

НАТО елдерінің жаңа міндеттемесі аясында Украинаға көрсетілетін әскери көмек те 5% квотаға есептелетін болды. Қорытынды мәлімдемеде:

«Серіктестер Украинаға қолдау көрсету – өзіміздің қауіпсіздігімізге қосқан үлес деп санайды. Сондықтан Украинаға тікелей берілетін әскери көмектер мен оның қорғаныс өнеркәсібіне инвестициялар қорғаныс шығындарына есептелетін болады», - делінген.

Жоспардың техникалық егжей-тегжейі жарияланбағанымен, Украина бұл шешімді оң қабылдады. 24 маусымда Гаагада өткен НАТО–Украина кеңесі отырысында украин делегациясы бұл қолдауды қуанышпен қабылдады. Алайда екі күн бойы Украина президенті Зеленский де, сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига да журналистерге түсініктеме бермеді.

Дегенмен, Дональд Трамп журналистерге бір сағаттай сұхбат берді. Украинадағы соғыс туралы нақты ештеңе айтпаған Трамп, бұл қақтығысты «украин дағдарысы» деп атады. Зеленскиймен қысқаша кездесуі жайлы:

«Онымен жай сөйлескім келді. Өте сыпайы болды. Бұрын ондай емес еді. Ол соғыстың аяқталғанын қалайды», -деді.

Ол Путинмен сөйлесетінін және «соғысты тоқтатуға бола ма, көреміз» деп уәде етті. Ал соғыс неге әлі тоқтамады деген сұраққа:

«Бұл – ойлағаннан күрделірек. Путинмен келісу оңай болған жоқ. Шынымды айтсам, Зеленскиймен де қиындықтар болды», - деп жауап берді.

BBC-дің украин қызметінің журналисі Трампқа Патриот ПВО жүйесін Украинаға беру туралы сұрақ қойғанда, ол «көреміз» деп жауап беріп, бұл жүйелердің тиімділігі жайлы ұзақ мақтау айтты.

Бұл уақытта Украинада Ресейдің әуе шабуылдарынан ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты. Ал НАТО саммитінің әр алаңында Украина үшін ең өзекті қажеттілік – ПВО екені айтылып жатты. Зеленскиймен кездесудің нәтижесі туралы сұрақтарға Трамп нақты жауап бермей, әкімшілігінен сұрауға кеңес берді.

Саммит алдында Трамптың ұшағында берген сұхбатында 5-бап ұжымдық қорғаныс туралы «көптүрлі мағынасы бар» деген сөзі алаңдаушылық тудырған еді. Бірақ саммит қорытындысында бұл күмән сейілді. Бірінші тармақта:

«Біз Вашингтон келісімінің 5-бабында бекітілген ұжымдық қорғанысқа берік адалдығымызды растаймыз: бір елге жасалған шабуыл – барлығына шабуыл деп саналады», - делінген.

Ресей құжатта Еуроатлантикалық қауіпсіздікке ұзақмерзімді қатер ретінде көрсетілді. НАТО-ның қорғаныс шығындары 2024 жылы $1 трлн асып кеткен. Бұл – альянстың Мәскеуден төнетін қауіпке жауап ретінде әскери әлеуетін арттырып жатқанын білдіреді. Германия канцлері Фридрих Мерц:

«Ресейге біздің жолдауымыз – НАТО-мен соғыс бастамаңдар», - деді.

Украинаның НАТО-ға мүшелігі құжатта нақты көрсетілмегенімен, Марк Рютте баспасөз мәслихатында оның «қайтымсыз бағытта» келе жатқанын атап өтті:

«Біз Украинаның бейбітшілікке деген ұмтылысын қолдаймыз және НАТО-ға мүшелік жолындағы қадамын қолдауды жалғастырамыз».