Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 23 Қараша 2023

Үкімет киікті әлі атқызып жатыр. Ғалымдар неден қауіп етеді?

киік
Фото: из открытых источников

Қазақстанды мекендейтін киіктің күйекке түсетін мезгілі жақындады. Үкімет ақбөкен санын "реттеу" үшін оларды жаппай атуды жалғастырмақшы. Ғалымдар мен қоғам белсенділері бұған қарсы болып отыр.

Қазақстанда киікті жаппай ату мерзімін желтоқсанның екінші жартысына дейін созбақшы. Киік санын "реттеу" деп аталатын процесс қазан айының басында – фермерлер "киік жайылым мен егістіктікті жайпап жатыр" деген шағымданғаннан кейін басталған. Қырғын осы айдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ түз жануарын жаппай атуды, тіпті киік атаулы біржола жойылып кету қаупі жоғары екенін біле тұра, олар күйекке түсетін мезгілде де жалғастырмақшы.

Қараша айының басында, қазақ даласындағы киік санын "реттеу" басталғаннан кейін бір ай өткенде ақпарат құралдары: "Батыс Қазақстан облысында киік аулау мерзімін 20 желтоқсанға дейін созбақшы" деген жаңалық таратты. Аймақтық "Мой Город" басылымының журналистері экология министрлігіне қойған сұраққа осындай жауап алыпты.

"Мерзімді биылғы 20 желтоқсанға дейін ұзартты. Оны экология вице-министрі Нұркен Шәрбаев "Мой Город" редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді. Биологиялық негізде Орал популяциясынан 226 мың бас киік ату және аулау көзделіп отыр", – деп жазды басылым.

Киік атуға, жалпы жабайы бөкендерді аулауға бұған дейін де қарсы болып жүрген экобелсенділер мен ғалымдар бұл жаңалықтан кейін өре түрегелді. Қазақстан биоалуантүрлілікті қорғау қауымдастығы (ҚБҚҚ) киік ату мерзімін желтоқсанның аяғына дейін ұзарту өте қауіпті екенін жеткізді.

"Қазірдің өзінде, қараша айының жартысында киіктер үйірге топтаса бастады, ал айдың аяғында немесе желтоқсанның басында олардың күйекке түсетін мезгілі басталады. Бұл кезде жануарлардың санын реттеу шараларын дереу тоқтату керек. Совет заманында да киік аулаған кездері осы қағиданы ұстанатын", – деді қауымдастық өкілдері Азаттыққа.

ҚБҚҚ мамандары Қазақстанда көп уақыттан бері киік санын реттеу шаралары жүргізілмеген дейді. Кейінгі 25 жыл бойы елде жабайы бөкендерді түр ретінде сақтап қалу үшін күресіп келді, тіпті 1999 жылы бұл жануарларды жалпы атуға мораторий жарияланды. Айтпақшы, ол мораторийді әлі ресми түрде алып тастаған жоқ. Қауымдастық өкілдері процесс барысында әлден қателіктер кетіп жатқанын айтады.

"Қателіктер процесстің дұрыс жүйеленбеуінен болып жатыр. Мәселен, соңғы оқиғаны алайық. Ет комбинаты 800 киіктің тұтас етін жарамсыз деп қабылдамай қойды. Қоғам сондай-ақ бір жағынан, "Охотзоопром" ресурстары киіктерді реттеуге кірісіп кеткенде, екінші жағынан, оларды түр ретінде сақтап қалу үшін күресіп жатқандар да бар екенін білуге тиіс", – дейді ҚБҚҚ мамандары.

Тегтер: