Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Ташкентті өз көлігімен аралаған Өзбекстан президенті “кептелісте” тұрып қалған

Президент
Фото: zhasalash.kz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жол қауіпсіздігіне арналған кеңесте қала көшелеріндегі көлік кептелісіне өзі куә болғанын айтты. 

Ол демалыс күндері көлік тізгіндеп, 15-20 минут бойы кептелісте тұрғанын жеткізді.

– Халқымыз және қонақтар еліміздің жолына қарап, экономикаға баға береді. Өткен сенбі және жексенбіде көлік тізгіндедім. Мен де 15-20 минут кептелісте тұрдым. Рөлде кім отырғанын ешкім білмеді. «Маған жол ашып бер!» деп көшеге шығып, шу көтермеймін ғой. Ел қатарлы кептелісте тұрып көрдім. Кейін министрге қоңырау шалып, «өзің өтіп көр, қалай екен?!» деп сұрадым, - деді Шавкат Мирзиёев.

Президент тұрғындардың қандай қолайсыздық көріп жүргеніне көзі жеткенін айтып, жол қозғалысын ұйымдастыруды сынға алды:

«Министрге айттым: өзің келіп, өтіп көрші. Адамдар түнде үйлеріне оралады. Көңіл-күйлері бұзылмай ма? Бар болғаны бір ғана мәселе: көпірге апаратын төрт жолақты жол екі жолаққа тарылып қалады. Әрине, кептеліс болады. Оны дұрыс жасауға бола ма? Әрине, еш қиындықсыз жасауға болатын еді».

Мемлекет басшысы көлік кептелісінен өту үшін өзінің мәртебесін пайдаланбағанын ерекше атап өтті:

«Ташпулатов, солай ма? Рөлде отырған мен екенімді ешкім білмеді… Барша халықпен бірге тұрдым, енді не істеймін? Көшеге шығып алып: „Әй, мен пәленшемін, жол ашыңдар!“ деп айқайлай алмаймын ғой. Барлығы қалай жетсе, мен де солай жеттім. Басқалармен бірге кептелісте тұрдым. Содан кейін ғана министрге қоңырау шалдым», - деді Мирзиёев.

Айта кетейік, Өзбекстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұдан бөлек, автобус жолағына шыққандарға айыппұл салу мәселесі де қарастырылып жатыр. 2023 жылы мас күйінде көлік жүргізген 31,3 мың өзбекстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Еске салайық, 2022 жылдың маусымында Шавкат Мирзиёев Ташкент қаласында көлікпен бір жарым сағат жүргенін және жолда көптеген ереже бұзушылыққа куә болғанын айтқан еді. «Көптеген заңбұзушылық бар, көп кептеліс… Әр адам, әр жүргізуші қалағанын істейді. Мұны көріп қорқасың. Өзім таңғалдым», - деген еді.

Сол жылдың сәуір айының соңында Самарқандқа жасаған сапарында президент кептеліс мәселесін көше кеңейту арқылы шешуге болмайтынын айтып, қоғамдық көлікке басымдық беру қажеттігін атап өтті.

Тегтер: