Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Тоқаев әскери қақтығыстарға қатысып жатқан елдерге үндеу жасады

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қақтығыстарға қатысып отырған мемлекеттерге үндеу жасап, соғыс әрекеттерін тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастауға шақырды.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдай өте күрделі күйінде қалып отыр. Әртүрлі аймақтардағы қарулы қақтығыстар мен соғыстар жаһандық экономикаға елеулі кері әсерін тигізуде.

Президент Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл қарсыластықтан түптің түбінде ешбір мемлекет пайда көрмейді.

«Ең алдымен, азаматтық және экономикалық нысандарға жасалып жатқан қарулы шабуылдарды тоқтатуға шақырамын. Одан кейін келіссөз үстеліне отыру қажет», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның делдал болуға ұмтылмайтынын, алайда бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін айтты. Мұндай диалог үшін ықтимал орын ретінде Түркістан қаласы ұсынылды.

Тоқаевтың сөзінше, түпкілікті шешім қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттердің өзіне байланысты. Ал Қазақстанның бұл бастамасы — қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі.

Президент сонымен бірге жағдайдың одан әрі ушығуы халықтардың бейбіт өмірін күйретіп, әлемдік тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, жаһандық экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін екенін ескертті.

Тегтер: