«Меніңше, Қаңтар оқиғасы бойынша барлық ақиқат ашылды» - Бектенов

Бұл - Олжас Бектеновтың пікірі.
Оның айтуынша, бұл жағдай туралы қоғамға тиісті ақпарат берілген, әрі мәселе толығымен реттелген.
Журналистер: «Қанды оқиғада жазықсыз бүлдіршіндердің қаза тапқаны сізге – әке ретінде қалай әсер етті?» - деген сұрақ қойды.
«Ол күрделі мәселе, қасіретті Қаңтар, қайғылы оқиға. Бірақ осындай жағдай тарихымызда болды. Меніңше, барлық ақиқат ашылды, бәрі белгілі болды. Көршілікке де ақпарат берілді. Сондықтан бұл мәселе толығымен шешілді деп ойлаймын», - деді Бектенов.
ҚР Бас прокуратурасы ұсынған оқиғалар хронологиясына сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарында сағат 17:20 шамасында Жаңаөзен қаласында әкімдік ғимараты маңына жергілікті тұрғындар жинала бастады. Наразылықтың негізгі себебі – сұйытылған газ бағасының күрт көтерілуі. Газ өндірушілердің электронды сауда жүйесіне көшуіне байланысты баға екі есеге өсіп кеткен. Ақтау, Жаңаөзен және Маңғыстау аудандарында сұйытылған газдың бөлшек саудадағы орташа бағасы литріне 100-120 теңгеге жеткен.
Сол күні сағат 18:00-де тұрғындар сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп, ел басшылығына бейнеүндеу жолдады. Үндеуден кейін олар үйлеріне тарады. Ал 2 қаңтарда наразылық шеруіне шыққандардың қатары күрт артып, олардың саны жүздеген адамға жетті. Қатысушылар ішкі автожолдарды жауып тастады. 3 қаңтардан бастап наразылық акциялары басқа қалалар мен өңірлерге де тарала бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында елдің басқа 7 өңірінде (Атырау, Ақтөбе облыстары, Астана, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары) бейбіт митингілер өтті.
Алматыда «Алматы Арена» маңына жиналған шамамен 5 мың адам қала әкімдігіне қарай бет алып, сол жерде полициямен қақтығысқа ұласты. Оқиға барысында алты полиция көлігі өртеліп, Ұлттық ұланның бес әскери қызметкері мен 15 полиция қызметкері жарақат алды. Ал Шымкент қаласында тәртіпсіздіктер кезінде полицияның 21 көлігіне зақым келтірілген.
5 қаңтарда елдің 11 өңірінде тәртіпсіздіктер мен әкімшілік ғимараттарды басып алу әрекеттері жалғасты. Наразылыққа қатысушылардың саны 50 мың адамға жетті. Түнде қарулы топтар Алматы қаласы әкімдігі ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын күшпен басып алды. Қалада тәртіпсіздік пен қарулы шабуылдардың жалпы саны 20 мыңнан асып түсті. Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп, бір әскери қызметшіні көлікпен қағып өлтірді. Бұған қоса, белгісіз адамдар әскери қызметкерлерден автомат пен екі тапаншаны тартып алған.
10 қаңтарда Қазақстанда бірнеше өңірде орын алған қайғылы оқиғалар салдарынан көптеген адам шығыны болғандықтан, Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
ІІМ мәліметінше, жалпы 1466 ғимаратқа зақым келтірілген. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 қару-жарақ дүкені және 27 полиция бөлімшесі бар. Сонымен қатар 700-ден астам автокөлікке, оның ішінде 500-ден астам полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктеріне зақым келген.
Еске салайық, сол Қаңтар оқиғасына қатысқан фигурант Дикий Арман лақап атымен танымал Жұмагелдиевтің сыбайласы Дубайдан экстрадацияланды.