80 млн теңгесінен айырылған блогер Перизат Қайраттың анасын аяп, түрмеге қамамауды сұрады

Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында блогер Олжас Садық сөз сөйлеп, Biz Birgemiz қорына сеніп, 80 млн теңге жоғалтқанын айтты.
«Мен Перизат Қайратқа сендім. Көмек Палестинадағы отбасыларға жетеді деп ойладым. Алайда уәде етілген есеп берілмеді. Бұл тек ақша туралы емес — бұл сенімнің күйреуі. Қатаң жаза қолдануды сұраймын», - деді ол.
Сонымен қатар блогер айыпталушының анасына қатысты кешірім танытуды сұрады:
«Маған анасы үшін өте өкінішті. Оның денсаулығында қиындықтар бар. Үйқамақта қалдыруды сұраймын».
Бұған дейін «Асар-Уме» қорының жетекшісі Перизат Қайраттың БАӘ-нің билеуші әулетімен байланысы бар екенін айтты. Сондай-ақ, кешегі сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды. Тергеу мәліметінше, Қайрат тек 7 миллион теңгені ғана Палестинаға аударған.
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.