Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:40

БҚО-да өрттен қаза тапқан бес баланың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

4 маусым күні Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Жымпиты ауылында болған өрт салдарынан бір отбасының бес баласы көз жұмды. 

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Оқиға туралы хабарлама түсісімен, өрт сөндірушілер шақырту алған сәттен кейін 5 минут ішінде оқиға орнына жеткен. “Келген кезде үйдің ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық заттар 30 шаршы метр аумақта ашық жалынмен жанып жатқан. Құтқарушылар бес баланы ес-түссіз күйде тауып, бірден ауруханаға жеткізді. Өкінішке қарай, балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады”, – деді облыстық ТЖД өкілдері.

Қайғылы оқиға кезінде балалар үйде жалғыз болғаны айтылуда. Дәрігерлердің айтуынша, олар күйік пен иіс тию белгілерімен аудандық ауруханаға жеткізілген. Балалардың жасы – бір жастан алты жасқа дейінгі аралықта.

Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында болған өрт салдарынан бес баласынан айырылған отбасыға облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы өңір әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді.

«Апат болған жерге облыс әкімінің орынбасары барды. Қазіргі уақытта аудан әкімі де сол жерде, барлық тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатыр. Ата-аналарына және туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ата-аналарға психологиялық көмек көрсету, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, баспана беру және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынады. Жағдайды жеке бақылауыма алдым», - деп жазды өңір басшысы.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның және басқа да жедел қызметтердің мамандары жұмылдырылған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Тегтер: