Украина Ресейге тағы бір соққы жасады

Бұл жолы Қырым көпірі нысанаға алынды.
Украинаның Қауіпсіздік қызметі (СБУ) Қырым көпіріне жасалған жаңа шабуылды растады. Олардың мәліметінше, операция мұқият дайындықпен жүзеге асқан және су астына 1100 келі жарылғыш зат қойылған.
СБУ өкілдері бұл шабуылды бірнеше ай бойы жоспарлап, жүзеге асыру үшін арнайы топ жұмыс істегенін жеткізді. Шабуыл нәтижесінде көпірдің тіректеріне айтарлықтай зақым келген. Жарылыс су астында болғанымен, оның күші көпірдің тұрақтылығына әсер еткені байқалады.
Ресейлік тарап әуелде «көпірге еш зиян келмеді» деген мәлімдеме жасады. Алайда таңғы сағат 9:00-ден кейін көпірдің қозғалыс үшін жабылғаны белгілі болды. Бұл – шабуылдың шын мәнінде нысанаға дәл тигенінің дәлелі іспетті.
Әлеуметтік желілерде шабуылдан кейінгі видеолар мен суреттер таралып жатыр.

Онда көпір тіректерінің зақымданғаны көрінеді. Дегенмен, ресми мәлімет бойынша бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ.
Украина бұл әрекетін Ресейдің әскери логистикасына соққы беру мақсатымен түсіндірді. Қырым көпірі — Ресей армиясы үшін маңызды көлік дәлізі болып саналады. Бұған дейін де бұл көпір бірнеше мәрте шабуылға ұшыраған еді.
Бұл шабуыл Украина тарапынан жіберілген ескерту ғана болуы мүмкін. Енді Ресей тарапының қандай қарсы қадамға баратыны белгісіз.