Мұратхан Тоқмәдидің жаза мерзімін қысқарту туралы өтініші қанағаттандырылмады

Алатау аудандық соты «ТуранӘлем Банкі» құрылтайшысы Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішін кері қайтарды.
Тоқмәди 2017 жылы қамауда болған уақытын «бір күн – бір жарым күнге тең» формуласы бойынша есепке алуды сұрап, сол арқылы түрмеде отыру мерзімін қысқартпақ болған.
— Бұл мерзім ескерілмеді. Бар болғаны төрт ай ғана еді, - деді ол сотта.
Бұл — Тоқмәди сотқа осымен бірнеше рет жолдаған өтініштердің бірі. Ол Қылмыстық кодекстегі заңның кері күші туралы бапқа сілтеме жасап келеді. Бұл бап заңнама өзгерген жағдайда жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береді.
2023 жылы Жезқазған қалалық соты дәл осындай өтінішті қанағаттандырғанымен, кейін бұл шешімнің күші жойылды. 2024 жылдың қыркүйегінде Ұлытау облыстық сот алқасы сол кездегі жаза мерзімін қайта есептеу және жазаны өтеу тәртібін жеңілдету шешімінің қате болғанын мойындады.
Судья Ақмарал Мейірбекова бұл мәселеге қатысты осындай өтініштің бұған дейін Жезқазған сотында қаралғанын атап өтті. Сол кезде оның қамау жағдайы жеңілдетіліп, 2017 жылғы 12 маусым мен 2018 жылғы 3 сәуір аралығындағы уақыт жаза мерзіміне есептелген болатын.
Тоқмәдидің адвокаты Олег Чернов Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына сілтеме жасап, үкім орындалу тәртібімен қайта қаралған болса, ҚК 6-бабын қайталап қолдануға болмайтынын айтты.
— Тоқмәдидің үкімі бұған дейін қайта қаралған. Сондықтан өтінішті қайтадан қанағаттандыруға заңды негіз жоқ, - деп қорытты Чернов.
Еске сала кетейік, кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың маусым айында қамауға алынған еді. Сол жылдың қазан айында ол орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға сотталды. Сот Тоқмәдиді бопсалау және қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бойынша айыпты деп таныды.
Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол “Тұран Әлем банкінің” (кейін БТА банк) бұрынғы басшысын өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. 2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди он жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда Отар стансасы маңында аң аулап жүріп қайтыс болды. Toyota Land Cruiser көлігімен далада жыртқыш аңдарды қуған. Аңды қуып жеткен ол 12 калибрлі мылтықты қасында отырған Мұратхан Тоқмәдиге берген.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сол сәтте жол талғамайтын көлік соқпақтан өтіп, мылтық өздігінен атылған. Оқ банкирдің тікелей басына тиген. Тәтішев басының оң жақ бөлігінен оқ жарақатын алған. Оқ сол жақ көзден өтіп кеткен. Олар мұны сол кезде "жазатайым" оқиға деп атаған.
Мұратхан Тоқмәди кім?
Тоқмәди Мұратхан Шәкерханұлы 1966 жылы 2 тамызда Семей облысы Абай ауданында дүниеге келген. Боксқа әуес болып, түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып, республика чемпионы атанған. Алматы сәулет-құрылыс институтынла инженер-құрылысшы мамандығын оқып бітірген. Одан кейін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ ол Халықаралық Бизнес Академиясында MBA дәрежесін қорғады.
2003 жылы Мұратхан Тоқмәди "ҚазСтройСтекло" компаниясын – өнеркәсіптік шыны өңдейтін алғашқы қазақстандық зауытты құрды. Елімізде алғаш рет сыйымдылығы 300 мың шаршы метр болатын қауіпсіз шыны және энергия үнемдейтін екі қабатты терезелер өндірісі жолға қойылды.