Шымкентте блогер шенеуніктен 10 млн теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
Шымкент қаласында блогер-журналист 10 миллион теңге көлемінде пара талап етті деген күдікпен ұсталды.
Мәліметтерге қарағанда, күдікті қалалық әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге талап еткен. Ол осы сомаға әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіретін материалдарды таратпауға уәде бергені айтылған.
«Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында блогер-журналист ұсталды. Алдын ала дерек бойынша, ол мемлекеттік орган қызметкерінен 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы талап еткен. Бұл қаражатты ол әлеуметтік желілерде шенеуніктер туралы теріс ақпарат жарияламау үшін сұраған», — делінген ІІМ хабарламасында.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізілген.
«Тінту кезінде электронды тасымалдағыштар мен тергеу үшін маңызы бар өзге де заттар тәркіленді», — деп толықтырды министрлік.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.